Мен - жеке кәсіпкермін. Өз қызметкерлерім үшін міндетті зейнетақы жарналарын әрдайым аударып отырамын. Енді оны БЖЗҚ сайтының көмегімен жүргізуге болады деп естідім. Бұл рас па?
- Ия, бұл шындық. Жұмыс берушілерге ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ сайтындағы «Жеке кабинет» бөлімінде «Заңды тұлға кабинеті» (https://jurcabinet.enpf.kz/auth) жұмыс істейді. Бұл қызметті ЭЦҚ-сы болған жағдайда, Жеке кәсіпкер мәртебесіне ие жеке тұлғалар, сондай-ақ қол қою құқығы бар бірінші басшылар немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы берген заңды тұлғаларға арналған электрондық цифрлық қолтаңбасы болса, қаржылық құжаттарға қол қою құқығы берілген адамдар пайдалана алады.
«Заңды тұлға кабинеті» жұмыс берушілерге БЖЗҚ-ға жарналардың барлық түрлерін: міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша төлем тапсырмаларын қалыптастыруға, редакциялауға және басып шығаруға мүмкіндік береді.
Мұнда БЖЗҚ-ға төлемдерін жіберу қажет қызметкерлердің тізімі берілген, оған түзету (қызметкерлерді тізімнен алып тастау немесе қосу) енгізуге болады. Бұдан басқа, бұл қызмет төлемдер тарихында бұрын қалыптастырылған төлем тапсырмалары бойынша барлық деректерді қарауға мүмкіндік береді.
Өз парақшаңызды сіз компанияңыздың бейіні бойынша ақпаратпен толықтыра аласыз, мысалы, ұйымның мекенжайын, байланыс деректерін (телефон нөмірін) және электрондық пошта мекенжайын қоса аласыз, Е-өтініш порталына өтініш беріп, кері байланыс ала аласыз, сондай-ақ кез келген кезеңде жасалған іс-әрекеттер және енгізілген өзгерістер туралы есепті көре аласыз.
Сондай-ақ, осы қызметтің көмегіне жүгінетін пайдаланушыларда тікелей «Заңды тұлға кабинеті» бетінен нақты сілтеме (реттеуші нормативтік-құқықтық актілерге, жадынамалар мен нұсқаулықтарға, өтініш бланкілеріне сілтемелер) бойынша ақпараттық-анықтамалық базаларына өту мүмкіндігі пайда болды, яғни қажетті ақпаратты іздеу үшін виртуалды кабинеттен шығудың қажеті жоқ.
Мен екінші топтағы мүгедекпін. Мүгедектігім бойынша жәрдемақы аламын. БЖЗҚ-дағы өз жинақтарымнан тағы да төлемдер алғым келеді. Бұл үшін маған не қажет?
Мерзімсіз белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары болған кезде белгіленген кесте бойынша міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.
Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдар тобына және мүгедектік белгіленген мерзіміне қарамастан, БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтардан зейнетақы төлемдерін ала алады.
Зейнетақы жинақтарын төлеуге өтінішті БЖЗҚ кеңсесіне жеке өзі немесе сенімді тұлға, сондай-ақ пошта арқылы да беруге болады. Зейнетақы жинақтарын алуға өтінішті enpf.kz сайты арқылы онлайн режимінде берген өте ыңғайлы. Ол үшін өзекті электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы қажет, оны да egov.kz порталынан қашықтан алуға болады.
БЖЗҚ алушыда мүгедектіктің бар-жоғын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі-МК) мен БЖЗҚ арасында жасалған келісім шеңберінде веб-сервис арқылы мүгедектерді есепке алу жүйесінің орталықтандырылған деректер банкінен МК арқылы мәліметтер алу жолымен дербес тексереді.
Айта кетейік, БЖЗҚ-да мерзімсіз уақытқа 1-2 топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін барып қызмет көрсету ұйымдастырылған. Бұл ретте алдын ала кеңес беру, оның ішінде қызметтерді қашықтықтан, бармай-ақ алу мүмкіндігін тексеру жүзеге асырылады.
Қазір бірлескен зейнетақы аннуитеті бар екенін естідім. Күйеуім екеуміз зейнетақы жинақтарымызды біріктіргіміз келеді, өйткені менің қаражатым аннуитетке аудару үшін жеткіліксіз. Бізге оны қалай істеуге болады?
Бірлескен аннуитет - бұл «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстар болып табылатын екі сақтанушының (сақтандырылушының) зейнетақы аннуитеті шартына қатысуын білдіретін өнім.
Бірлескен аннуитет классикалық зейнетақы аннуитетіне қарағанда зейнетақы жинақтарын біріктіруге және зейнетақы аннуитеті шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік береді.
Бірлескен аннуитеттің мақсаты - зейнетақы аннуитетінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Жақын туыстар, сондай-ақ отбасылық жұптар, егер олардың бірінде зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болып, ал екіншісінде артық қаржы бар болса, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы осы жұптың екі өкілі де өздеріне өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз етеді.
Бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу кезінде ерлі-зайыптының екеуі үшін де сақтандыру төлемдері жеке тіркеледі және сақтандыру төлемдерінің дербес кестесі жасалады.
Ерлі-зайыптылар ай сайынғы сақтандыру төлемдерін өмір бойы, оның ішінде неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған жағдайда да, сақтандыру төлемдерінің кестесінде белгіленген мөлшерде алатын болады, олардың бірлескен мөлшері зейнетақы аннуитеті шартын жасасу күнінде қолданыста болатын ең төмен күнкөріс деңгейінің (ЕТК) 1,4 еселенген мөлшерінен төмен болмауы тиіс.
Ерлі-зайыптылардың біреуі қайтыс болған жағдайда, екіншісі бірлескен зейнетақы аннуитеті шартына (кемінде 0,7 ЕТК) сәйкес кесте бойынша өзінің дербес сақтандыру төлемдерін алуды жалғастыра береді.
Тұрғылықты жерімнің өзгеруіне байланысты мен өзімнің шотымнан үзінді көшірмені пошта арқылы алуды доғардым, зейнетақы шотымның жай-күйі туралы ақпарат алудың тағы қандай тәсілдері бар?
Үзінді көшірмені пошта конверттері арқылы алу үшін сіз өзіңіздің жаңа мекенжайыңызды БЖЗҚ-ға хабарлауыңыз керек еді, әйтпесе ескі мекенжайға пошта арқылы жіберілген үзінді көшірме Қорға қайтарылады. Бұл жағдайда БЖЗҚ, зейнетақы заңнамасына сәйкес, келесі жылға үзінді көшірмені жібермеуге құқылы. Сіздің жағдайыңызда, шамасы, осылай болған болуы керек, бірақ үмітіңізді үзбеңіз. Өзіңіздің жеке зейнетақы шотыңыздан (ЖЗШ) үзінді көшірмені, Сіз, сондай-ақ төмендегі тәсілдер бойынша ала аласыз:
- БЖЗҚ-ға ұсынылған электрондық пошта арқылы;
- жеке кабинет арқылы;
Ақпарат алу тәсілін айқындау немесе өзгерту мақсатында салымшы (алушы) тікелей Қордың кеңсесінде немесе БЖЗҚ сайтында тиісті келісім жасауы қажет. Айта кету керек:
- БЖЗҚ сайтында «Жеке кабинет арқылы» бір ғана әдісті таңдауға болады;
- салымшы (алушы) ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ мен электрондық үкіметтің сайты және мобильді қосымшасы арқылы келісім жасамай-ақ ала алады.
Ең ыңғайлысы, әрине, enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасы арқылы ақпарат алу.
Естеріңізге саламыз: қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес, салымшылар (алушылар) Қордың өз міндеттемелерін орындауына әсер ететін барлық өзгерістер туралы БЖЗҚ-ға хабарлауға міндетті.
Мұндай өзгерістерге мыналар жатады:
– «электрондық пошта (e-mail) бойынша» ақпараттандыру тәсілі таңдалған жағдайда, электрондық мекенжайдың өзгеруі;
- егер зейнетақы жинақтары туралы «пошта арқылы» хабарлау тәсілі таңдалған жағдайда, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көрсетілген пошталық мекенжайдың өзгеруі.