Қазақстанда бала тууына және оның күтіміне берілетін жәрдемақыны ХҚО-ға бармай-ақ ресімдеудің бірнеше тәсілі бар. Мұны egov.kz порталында, проактивті SMS-хабарламаларға жауап беру немесе Kaspi.kz және Halyk Homebank мобильді қосымшалары арқылы жасауға болады. Egov.kz электрондық үкімет порталынан қызметтерді алу үшін сізге электрондық цифрлық қолтаңба қажет, оны да ХҚО-ға бармай, онлайн алуға болады.
Мобильді азаматтар базасында тіркелген азаматтар үшін sms арқылы баланың тууын тіркеуге, жәрдемақы ресімдеуге және баланы балабақша кезегіне қоюға мүмкіндік беретін проактивті қызмет қарастырылған. Естеріңізге сала кетсек, туу бойынша проактивті қызмет көрсету 2017 жылдың соңында енгізілген болатын. Қазақстан ТМД аумағында мемлекеттік қызметтерді ұсынудың проактивті форматын енгізген алғашқы ел болды, бұл ретте жас аналарға құжаттарды ресімдеу үшін ХҚО-ға барудың қажеті жоқ, барлық қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен тартылып, ал жетіспейтіндері жаңа туған нәрестелердің ата-аналарынан SMS-хабарлама арқылы сұратылады. Бұл әдіспен бала туу бойынша біржолғы төлемді, бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындау бойынша қызметке тапсырыс беруге және оны балабақшаға кезекке қоюға болады.
2021 жылдың жаңашылдығы – Kaspi.kz және Halyk Homebank мобильді қосымшалары арқылы баланың тууы бойынша әлеуметтік жәрдемақыларды рәсімдеу, олардың көмегімен бала туу бойынша жәрдемақы мен бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемді ресімдеуге болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен және екінші деңгейдегі банктермен (ЕДБ) бірлесе отырып, «Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау», «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау» мемлекеттік қызметтерін көрсету жөніндегі пилоттық жобаны ЕДБ мобильді қосымшалары арқылы іске асыруды бастады.
«ЕДБ мобильдік қосымшалары арқылы мемлекеттік қызметтерді алу ыңғайлылығы – ЭЦҚ-кілттерді, басқа да қосымша ақпаратты енгізу қажеттілігінің жоқтығында. Kaspi Bank және Халық банк осы пилоттық жобаға қатысады. Жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем тағайындауды ресімдеу үшін осы банктердің бірінің мобильді қосымшасында "мемлекеттік қызметтер" бөлімін тауып, тиісті мемлекеттік қызметті таңдау және дербес деректерді өңдеуге келісім беру қажет. Өтінім жіберілген соң, ол мемлекеттік орган тарапынан қаралып, қызмет алушыға оны қарау нәтижесі және төлемдердің тағайындалған сомасы туралы SMS жіберіледі. Қызмет тегін көрсетіледі. Жәрдемақыны есептеу үшін, мысалы, Kaspi.kz клиенттің атына ай сайын төлемдер түсетін арнайы әлеуметтік шот ашады. Бұл шотқа, салықтарды төлемегені немесе несие бойынша берешегі үшін тыйым салынбайды, әлеуметтік шот бойынша барлық қызметтер комиссиясыз көрсетіледі», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ұлан Әшен.
Павлодарда әлеуметтік жәрдемақыларды мобильді қосымшалар арқылы алғашқы болып ресімдеген Айгүл Табуктинова мен Динара Сүлейменовалар болды. «Kaspi қосымшасын көптен бері қолданамын және бұл қызмет пайда болғанына қуаныштымын. Бұл ыңғайлы, өйткені перзентханадан шықпай-ақ жәрдемақыларды рәсімдеуге болады. Барлық қажетті құжаттарды онлайн рәсімдедім және қызыммен көбірек уақыт өткізе аламын. Тұңғышымды босанғанда бірнеше жерге жүгінуге тура келді, қазір барлығы оңай және тез», - дейді Айгүл Табуктинова. Ал екі баланың анасы Динара Сүлейменова Әмірхан ұлының дүниеге келуі бойынша жәрдемақыны Halyk Homebank қосымшасы арқылы рәсімдеген. «Жәрдемақыны бірнеше минут ішінде рәсімдеу өте ыңғайлы және керемет. Үлкен баламмен біз ХҚО-ға барған болатынбыз», - деп әсерін бөлісті павлодарлық ана.
Бүгінгі таңда Ертіс өңірінде Kaspi.kz арқылы 24 және Halyk Homebank арқылы 3 жәрдемақы рәсімделген.