Күйдіргі: нені білу маңызды
Күйдіргі – адамға ауру ауыл шаруашылығы жануарларынан жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру жануарларды күту, сою және ұшасын мүшелеу, залалданған етті тұтыну, сондай-ақ жұқтырылған жануар тектес шикізатпен байланыста болу кезінде жұқтыру қаупі бар.
Аурудың жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 14 күнге дейін созылады. Негізгі белгілері: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас және бұлшықет ауруы. Тері түрінде ортасында қара қабыршағы бар ауырмайтын жара пайда болады. Өкпелік немесе ішектік түрлері ауыр өтеді және шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.
Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет. Уақытылы басталған ем ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Күйдіргінің алдын алу үшін:
жануарлармен жұмыс істегенде жеке бас гигиенасы мен қауіпсіздік талаптарын сақтау;
ветеринариялық бақылаудан өтпеген ет пен жануар тектес өнімдерді сатып алмау;
жануарларды және қауіп тобына жататын адамдарды уақтылы вакцинациялау;
ауру жануарларды дер кезінде анықтап, оқшаулау және ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау қажет.
Осы профилактикалық шараларды сақтау күйдіргінің таралуының алдын алуға және адамдар мен жануарлардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.
Ақсу қ. СЭББ бас маман М.М. Есельбаева