Иондаушы сәулелену көздері (ИСК) медицинада, өнеркәсіпте және ғылыми зерттеулерде қолданылады. Олармен жұмыс істеу радиациялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді.
Жұмысты бастамас бұрын сәулелену түрін, оның энергиясын, өтімділік қабілетін, дозалық нормаларын және адам ағзасына ықтимал әсерін білу қажет. Мысалы, гамма және рентген сәулеленуі жоғары өтімділік қабілетіне ие және жасушалар мен ДНҚ-ны зақымдауы мүмкін.
Қорғанудың негізгі шараларына жұмыс уақытын қысқарту, сәулелену көзіне дейінгі қашықтықты арттыру және қорғаныш экрандарын пайдалану жатады. Сонымен қатар жеке дозиметрлер, қорғаныш киімдері, көзілдіріктер, қолғаптар және басқа да жеке қорғаныш құралдары қолданылады.
Радиоактивті заттармен жұмыс кезінде жақсы залалсыздандырылатын немесе бір рет қолданылатын материалдар пайдаланылады. Қажет болған жағдайда арнайы алжапқыштар, жеңқаптар, күртелер, шалбарлар және қорғаныш аяқ киімдері қолданылады. Тері бетінің радиоактивті ластануын болдырмау үшін жуу құралдары пайдаланылады және дезактивация жүргізіледі.
Белгіленген талаптарды сақтау сәулелену және радиоактивті ластану қаупін азайтып, қызметкерлер мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ақсу қ. СЭББ бас маман Ш.К. Ахметова