Құтырма – табиғи-ошақтық, аса қауіпті әрі өлім-жітімі жоғары жұқпалы ауру. Оны құтырма вирусы (Rabies virus) қоздырады. Ауру жұққан жануардың сілекейі арқылы, көбіне тістеу нәтижесінде таралып, орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Клиникалық белгілері пайда болған сәттен бастап құтырма салдарынан өлім-жітім 100% құрайды.
Инфекция көзі болып жабайы жануарлардан – қасқыр, түлкі, шакал, борсық, скунс, жарқанат пен кеміргіштер саналады. Ал үй жануарларының ішінде ит пен мысық негізгі тасымалдаушылар.
Аурудың алдын алудағы басты назар – вакцинация. Егулер тек кәсіби қауіпті топтағы адамдарға ғана емес (қадағалаусыз жануарларды аулау және ұстау қызметкерлері, егерьлер, аңшылық инспекторлар, ветеринарлар, мал сою пункттерінің жұмысшылары, таксидермистер мен кинологтар) жануарларға да қажет. Үй жануарларын, қаңғыбас және жабайы жануарларды тұрақты түрде вакцинациялау – инфекцияның таралуын болдырмаудың негізгі тетігі. Ал жануардың тістеуі не тырнауы жағдайында карантиндік шараларды қатаң сақтау аса маңызды.
Адамды жануар тістеп немесе тырнап алса, жарақат орнын дереу өңдеу қажет: жараны мол мөлшерде ағын сумен және сабынмен мұқият жуу, кейіннен 40–70% спиртпен немесе йодпен дезинфекциялау ұсынылады. Бұдан соң тез арада медициналық көмекке жүгініп, арнайы емдік-профилактикалық егу курсын алу қажет.
Әлемде жыл сайын 28 қыркүйек – Құтырмамен күресудің Дүниежүзілік күні атап өтіледі. Бұл күн құтырманың алдын алуға болатындығын, ең бастысы қарапайым әрі өмірлік маңызы бар сақтық шараларын ұстанудың қажеттігін еске салады.
Ақсу қ. СЭББ бас маман И.А. Калёнова