Профилактикалық екпе – қауіпті жұқпалы аурудан қорғанудың ең тиімді әрі ғылыми дәлелденген әдістерінің бірі. Иммундау ауыр асқынулардың, мүгедектіктің және өлім-жітімнің алдын алып, халықтың эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Иммундау адамда бірқатар аса қауіпті ауруларға қарсы иммунитет қалыптастырады. Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген жұқпалы ауру тікелей өмірге және денсаулыққа қауіп төндіретін дерт саналады. Олардың қатарында дифтерия, полиомиелит, сіреспе, қызылша, эпидемиялық паротит, қызамық, В және А вирустық гепатиттері, тұмау, құтырма және басқа да инфекциялар бар.
Әрбірі өз ерекшелігімен қауіпті. Полиомиелит өмір бойына созылатын сал ауруына әкеледі, дифтерия – паралич пен миокардитке себеп болуы мүмкін. Паротит бедеулік пен қант диабетіне, В гепатиті бауыр циррозы мен обырына алып келеді. Жүкті әйелдің қызамықпен ауруы нәрестеде ауыр туа біткен кемістіктер тудырады. Сіреспеге қарсы екпенің болмауы ересек және бала үшін болмашы жарақаттың өзінен өлімге әкелуі мүмкін. Ал туберкулезге қарсы егілмегендерде бұл дерттің аса ауыр түрі бірнеше есе жиі кездесіп, мүгедектікке әкелетін асқынулармен өтеді.
Халықтың эпидемиологиялық қауіпсіздігін сақтау және ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін аймақтағы тұрғындардың кемінде 95 пайызы егілген болуы тиіс. Бұл қауіпті инфекциялардың таралуына жол бермейтін сенімді қорғаныс қабаты.
Екпеден бас тартудың да салдары бар. Мұндай жағдайда бала тез жұқтырып, айналасын да инфекциямен зақымдауы мүмкін.
Халықаралық талаптарға сәйкес, кейбір мемлекеттерге кіру үшін міндетті екпелер қажет болғандықтан, шетелге шығуға шектеулер туындауы ықтимал. Сондай-ақ инфекциялық қауіп жоғары салаларда жұмысқа орналасу кезінде міндетті вакцинация болмаған жағдайда қиындықтар болуы мүмкін.
Иммундау – формальдылық емес, әр адамның денсаулығын қорғап, қоғамның қауіпсіздігін нығайтатын аса маңызды шара.
Ақсу қ. СЭББ бас маманы И.А. Калёнова