Бұл дерт көбіне ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін немесе сапасыз жануар тектес өнімдерді пайдаланатын адамдарға жұғады.
Аурудың негізгі қоздырғыш көздері – ешкі, қой, сиыр және шошқа. Бруцеллалар жануарлардың сүтімен, несебімен және төл кезінде бөлінетін сұйықтықтармен сыртқа тарайды. Инфекция көбіне шикі сүтті немесе пастерленбеген сүттен дайындалған тағамдарды тұтыну, сондай-ақ ауру малмен тікелей байланыс кезінде жұғады. Адамнан адамға жұғу жағдайы тіркелмеген.
Бруцеллездің басты қауіптілігі – оның сыртқы ортада ұзақ уақыт өміршеңдігін сақтай алуында. Қоздырғыштар топырақта 100 күннен астам, суда 150 күнге дейін, ал тұздалған етте үш айға жуық сақталады. Тек сүтті немесе тағамды қайнату ғана бактерияны бірден жоя алады.
Инкубациялық кезеңі 5 күннен 4 айға дейін созылады. Аурудың белгілері бірден байқалмай, баяу дамиды және басқа сырқаттарға ұқсас келеді. Негізгі симптомдары – дене қызуының көтерілуі, буындардағы, әсіресе аяқ-қол буындарындағы ауырсыну және ұзаққа созылатын әлсіздік. Уақытылы ем қабылданбаса, бруцеллез адам ағзасындағы көптеген мүшелерді зақымдап, жүйке жүйесінің ауыр бұзылыстарына және мүгедектікке әкелуі мүмкін.
Дерт өлімге сирек соқтырғанымен, оның салдары ауыр болуы ықтимал. Әсіресе Brucella melitensis қоздырғышынан туындаған түрі жүйке жүйесіне, есту және тірек-қимыл мүшелеріне айтарлықтай зиян келтіреді.
Бруцеллездің алдын алу – ең сенімді қорғаныс.
Негізгі талап – тек қайнатылған немесе пастерленген сүтті пайдалану және малмен, мал шаруашылығы өнімдерімен жұмыс істеу кезінде санитариялық-гигиеналық нормаларды қатаң сақтау.
Бруцеллезге міндетті медициналық тексеру мал және оның өнімдерімен жұмыс істейтін азаматтарға, ветеринарлық және медициналық мамандарға, сондай-ақ талдау нәтижесі оң шыққан адамдарға жүргізіледі.
Бруцеллез: жануарлардан жұғатын жасырын қауіп
Ақсу қ. СЭББ бас маманы И.А. Калёнова
Бруцеллёз: скрытая угроза, передающаяся от животных человеку