Балалардың сауықтыру лагерлеріне қойылатын талаптар.
Денсаулықты нығайту және иммунитетті арттыру үшін оқудың қарбалас кезеңінен кейін балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – біздің міндетіміз және өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Тұру жағдайлары ыңғайлы және қауіпсіз болуы керек.
Балалардың сауықтыру ұйымын ашу және оның жұмыс істеуі үшін негізгі талаптардың бірі санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы болып табылады. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды бұл – мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау объектілері халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігін куәландыратын құжат.
Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды балалардың келуіне дейін балалардың сауықтыру ұйымының дайындығын тексеру сәтінде беріледі.
Сауықтыру объектісінің басшысы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне сауықтыру объектісінің ашылуының болжамды күні туралы жазбаша хабарлауы қажет.
Мектеп жанындағы лагерьлерге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу талап етілмейді! Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды мектепке объект ретінде болуы керек.
Сауықтыру ұйымдарын ұстауға қойылатын талаптар «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 10 тамыздағы № ҚР ДСМ-78 бұйрығымен бекітілген Санитариялық қағидалармен регламенттелген.
Осы нормативтік құжаттың талаптарына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынғанға дейін сауықтыру маусымы ашылғанға дейін сауықтыру ұйымдарында жөндеу-қалпына келтіру және профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі:
үйлерді жөндеу жұмыстары, инженерлік желілердің, желдету, ауаны баптау, жарықтандыру жүйесінің жұмыс тиімділігін тексеру; ауыз суды зерттей отырып, сумен жабдықтау құрылыстары мен желілерін профилактикалық жуу және дезинфекциялау, аумақты тазалау және абаттандыру; профилактикалық дезинфекциялық, дезинсекциялық, дератизациялық іс-шараларды жүргізу.
Балалардың сауықтыру ұйымдарында санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтау, жеткілікті көлемде сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыз су режимі мен тамақтануды дұрыс ұйымдастыру, тамақ өнімдерін жеткізу, тасымалдау және сақтау шарттарының сақталуын қамтамасыз ету - тамақтан уланудың, ішек және басқа да инфекциялардың алдын алудың маңызды шаралары.
Балалардың сауықтыру лагеріндегі тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз етудегі медицина қызметкерлерінің рөлі өте маңызды, сондықтан медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі бірінші кезектегі мәселе болып табылады.
Сондай-ақ профилактика және қауіпсіздік шарттары: тиісті біліктілігі бар аспазшылармен ас блогын жинақтау, ас блогы қызметкерлерінің медициналық тексеруден, гигиеналық оқытудан уақтылы және дұрыс өтуі, объектінің басшысы бекіткен перспективалық маусымдық (жаз - күз, қыс-көктем) екі апталық мәзірдің болуы, нақты тамақтану рационының бекітілген перспективалық мәзірге сәйкестігі, мәзірдегі барлық тағамдарға арналған технологиялық карталардың, жарамды тоңазытқыш және технологиялық жабдықтардың болуы.
Ережелерді сақтау – балалардың сапалы және қауіпсіз демалуының кепілі.