Адам папиллома вирусы дегеніміз не?
Адам папиллома вирусы (АПВ) – дененің әртүрлі бөліктерінің терісін немесе шырышты қабығын зақымдайтын вирустар тобы. АПВ қауіпті, өйткені ол ұзақ уақыт бойы өзін көрсетпей «өмір сүре алады», бірақ иммунитет төмендеген кезде патологияның белгілері байқалады. Әйелдер үшін АПВ қатерлі ісік тудыруы мүмкін, соның ішінде қынап және жатыр мойны обыры.
Қазақстанда жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрлерінің ішінде екінші орында тұр. Жыл сайын республикада жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, яғни жылына 600-ден астам әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады.
АПВ қалай берілуі мүмкін?
Адамның папиллома вирусы жыныстық жолмен, туған кезде тігінен, эпиляция және қырыну кезінде өзін-өзі жұқтыру арқылы, қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы жанасу және тұрмыстық байланыс арқылы берілуі мүмкін. Вирус сауна, монша, бассейн, дәретхана және т.б. сияқты ылғалды ортада тез таралады.
Қазіргі уақытта адам папиллома вирусының емі жоқ. Жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – адам папиллома вирусына қарсы вакцинация.
Жаһандық деңгейде АПВ вакцинасы қауіпсіз және тиімді екендігі дәлелденді. АПВ вакцинасы әлемде 15 жылдан астам қолданылып келеді және Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанды қосқанда 135 елде жүзеге асырылады. Австралия мен АҚШ-та вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ таралуы 90%-ға төмендеді.
Қазақстанда ағымдағы жылдың қыркүйегінде 11,12,13 жастағы қыздарды адам папиллома вирусына қарсы егу науқаны басталды. 3 қазандағы жағдай бойынша Ақсу ауданында 89 қыз балаға АПВ-ға қарсы вакцина егілді. АҚШ-та жасалған 4 валентті вакцина 6 ай аралықпен 2 рет енгізіледі.
АПВ-ға қарсы вакцинацияның арқасында жатыр мойны обырын жоюға болады!
Ата-аналар қыздарды вакцинациялау туралы шешім қабылдау арқылы болашақта оларды қатерлі ісік ауруынан қорғайтынын білуі керек.