Көкжөтел – бұл көбінесе балаларда байқалатын және белгілі бір клиникалық көрінісі мен белгілері бар инфекциялық ауру. Көкжөтелдің ерекшелігі – тыныс алу функциясының бұзылуы және аурудың дамуы кезінде тыныс алу жолдарының шырышты қабаттарының зақымдануы. Қоздырғыштың берілуі инфекция жұқтырған адаммен тығыз байланыста болған кезде ауа тасшылы жолмен жұғады. Көкжөтелдің кез келген түрі адамдар үшін өте қауіпті. Көкжөтелдің алғашқы белгілері:
- Дене қызуының +38С-қа дейін көтерілуі;
- Әлсіздік, бұлшықеттердің сырқырауы, бас ауруы;
- Мұрын жолдарынан ағу, мұрынның бітелуі, құрғақ жөтел, шырышты қабықтың ісінуі;
- Тұрақты қатты жөтел және жөтел ұстамалары (ентігу);
Жөтел ұстамалары кезінде мидың қан айналымы бұзылады, оттегі ашығуы, нәтижесінде психиканың бұзылуы және әр түрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі пайда болады. Көкжөтел өкпенің қабынуы (пневмония), мидың зақымдануы сияқты асқынулармен қауіпті.
Бүгінгі таңда көкжөтелдің эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз болып отыр.
Көкжөтелге қарсы негізгі алдын алу шарасы вакциналау болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Ол бала өмірінің бірінші жылында жасалады. Сондықтан ата-аналар үшін балаларын иммундау орынды шешім болып қала береді. Вакцинация аурудың белгілері жоқ (суық тию, дене қызуының көтерілуі), дені сау балаларға ғана жасалады. Вакцинация жоспарлы түрде Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, 2 айда, 3 ай, 4 ай, 18 айда және ревакцинация 6 жаста жүргізіледі. АбКДС (күл,сіреспе, көкжөтел (жасушасыз), В гепатиті, полиомиелит (белсенділігі жойылған) және b типті гемофильді инфекцияларға қарсы коньюгацияланған) вакцинасы қолданылады.
Аурудың белгілері пайда болған кезде мыналар ұсынылады.
- Уақытылы медициналық көмекке жүгіну, дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдау;
- Бөлмені жиі желдетіп, дымқыл тазалау жүргізу;
- Жөтелген кезде қолмен жауып жөтелу, қолды жиі жуу.
Вакцинация – аурудан қорғанудың жалғыз жолы, балаларыңызды уақытында вакцинациялаңыз!