Энтеровирустық инфекцияның алдын алу
Энтеровирустық инфекция – жұқпалы ауру, ішек вирустары тобына жатады. Энтеровирустық инфекция фекальды-оральды жолмен (су, тағам арқылы, науқас немесе вирус тасымалдаушымен тығыз байланыс кезінде) және ауа-тамшы жолымен (түшкіру, жөтелу кезінде) беріледі. Жұқтыру су, тағам өнімдері, науқастың нәжісі арқылы, сондай-ақ жөтелгенде немесе түшкіргенде бөлінетін сілекей мен қақырықтың ұсақ тамшылары арқылы жүреді. Көп жағдайда жұқтыру ашық су айдындарында немесе бассейндерде шомылу кезінде орын алады.
Энтеровирустар сыртқы ортада төзімді, бірақ қыздырғанда, қайнатқанда, хлорқұрамды препараттардың әсерінен және ультракүлгін сәулелену кезінде тез жойылады.
Инфекцияның белгілері
Ауру дене қызуының 38–40°С-қа дейін көтерілуінен, әлсіздікпен, бас ауруымен, жүрек айнумен, құсумен және жарыққа сезімталдықпен басталады. Бұл белгілер жүрек тұсының, іштің, бұлшықеттердің ауырсынуымен, тамақтың ауыруымен, таңдай доғалары мен бадамша бездерінде герпестік бөртпелердің пайда болуымен қатар жүруі мүмкін. Кейбір жағдайларда жоғарғы тыныс алу жолдарының катаральды белгілері, яғни мұрыннан су ағу және жөтел байқалады.
Осындай шағымдар пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет. Ауру өздігінен өтеді деп күтпеу және өз бетінше емделмеу керек.
Энтеровирустық инфекцияның алдын алу шаралары
Энтеровирустық инфекцияның алдын алу шаралары кез келген жедел ішек инфекциясының алдын алу шараларымен бірдей. Ол үшін келесі ережелерді сақтау қажет:
ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;
әр тамақтанар алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен жуу, жеке және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң сақтау;
жемістер мен көкөністерді қолданар алдында щеткамен мұқият жуып, кейін қайнаған сумен шаю;
тек рұқсат етілген су айдындарында шомылу, шомылған кезде суды жұтып қоймауға тырысу;
жеке адамдардан және сауда жасауға рұқсат етілмеген орындардан тағам өнімдерін сатып алмау.
Есіңізде болсын: қарапайым алдын алу шараларын сақтай отырып, аурудың алдын алу оны емдегеннен әлдеқайда жеңіл!
Ақсу қ. СЭББ бас маманы И.А. Калёнова