Супермаркеттерде сатылатын дайын салаттар тез әрі ыңғайлы тағам ретінде кеңінен қолданылады. Алайда сақтау және дайындау талаптары сақталмаған жағдайда мұндай өнімдер денсаулыққа едәуір қауіп төндіруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, температуралық режимнің бұзылуы мен санитариялық талаптардың сақталмауы дайын салаттардың жиі улану көзіне айналуына себеп болып отыр.
Негізгі қауіп факторларының қатарына ұзақ уақыт сақтау, температураның дұрыс реттелмеуі, жеткілікті жуылмаған көкөністерді қолдану, сондай-ақ құрамында тез бұзылатын өнімдердің – ет, балық, жұмыртқа, майонез немесе сүтті тұздықтардың болуы жатады. Герметикалық қаптама ішіндегі ылғалды орта сальмонелла, ішек таяқшасы, листерия сияқты бактериялардың жылдам көбеюіне қолайлы жағдай туғызады.
Зарарланған салатты тұтынғаннан кейінгі улану белгілері бірнеше сағат ішінде байқалуы мүмкін. Оларға жүрек айну, құсу, іш өту, іштің түйілуі, әлсіздік және дене қызуының көтерілуі жатады. Кей жағдайларда, әсіресе балалар, егде жастағылар және созылмалы аурулары бар адамдар үшін асқыну қаупі жоғары.
Қауіптің алдын алу үшін өнімнің жарамдылық мерзімін, қаптаманың бүтіндігін және сақтау жағдайларын мұқият тексеру ұсынылады. Мүмкіндігінше дәл сол күні дайындалған салаттарды таңдаған жөн. Сонымен қатар ұзақ уақыт бөлме температурасында тұрған дайын тағамдарды сатып алудан бас тарту қажет.
Дайын салаттарды дұрыс таңдау және сақтау ережелерін сақтау тағамнан улану қаупін айтарлықтай төмендетіп, денсаулықты қорғауға мүмкіндік береді.
Ақсу қ. СЭББ бас маманы И.А. Калёнова