Адам денсаулығы тұтынатын тағамға тікелей байланысты болғандықтан, өнімдердің санитариялық-эпидемиологиялық қағидаларға сәйкес табиғи, органикалық таза болғаны жөн. Бұған органикалық өндірісте химиялық қоспаларды пайдалануға жол берілмейтіндігі себеп болып табылады.
Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «Органикалық өнім өндіру туралы» Заң бекітілген. Органикалық өнім өндірушілер аталған Заңның келесі талаптарын ескеруі тиіс:
жануарлардың саулығы және сау өсімдіктерден алынған қауіпсіз өнімдер мен шикізатты пайдалану;
синтетикалық заттарды, пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді және тағамдық қоспаларды пайдалануға жол бермеу;
генетикалық түрлендірілген объектілерді (ГТО) пайдалануды болғызбау;
иондаушы сәулеленуді қолдануға жол бермеу;
топырақ құнарлылығын сақтау және т.б.
Органикалық өнімді таңбалау кезінде «био», «эко», «органик» белгілерін пайдалануға рұқсат етіледі. Ал органикалық өнімнің талаптарға сәйкестігі сәйкестік сертификатымен расталады және ерікті сипатта болады. Органикалық өнім өндірісі мен өнімнің сәйкестігін растау осы Заңға, органикалық өнім өндіру және оның айналымы қағидаларына, сондай-ақ қолданыстағы стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
МСЭҚБ бас маманы И.А. Калёнова