Тамақтану рационында тұзды шектеу

Тамақтану рационында тұзды шектеу - денсаулықты сақтауға қадам

Тұз - адамзат тарихымен қатар келе жатқан ең көне және кең таралған тағамдық өнімдердің бірі.. Алайда қазіргі уақытта тұзды шамадан тыс пайдалану халық денсаулығына елеулі қауіп төндіріп отыр.

Бұл қауіп темекі шегу мен қимыл-қозғалыстың аздығымен туындайтын зардаптармен салыстыруға болады. Сондықтан тұзды тұтынуды шектеу - дәрігерлердің жай кеңесі емес, халық денсаулығын сақтау мен созылмалы аурулардың алдын алуға бағытталған стратегиялық шара болып саналады.

Натрий хлориді, яғни ас тұзы, ағзаға су-тұз тепе-теңдігін сақтау, жүйке импульстарын өткізу және бұлшықеттердің жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет. Алайда адамға қажетті мөлшер өте аз - тәулігіне шамамен 5 грамм (бір шай қасық), оның ішінде дайын тағамдардағы тұз да кіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде тұзды тұтыну орта есеппен ұсынылған нормадан екі есе артық.

Тұзды (натрийді) шамадан тыс пайдалану ағзада сұйықтықтың жиналуына, қан қысымының жоғарылауына және соның салдарынан гипертонияның дамуына әкеледі. Ал гипертония - инсульт, жүрек талмасы және бүйрек аурулары сияқты дерттердің басты қауіп факторларының бірі.

Халыққа пайдалы кеңестер:

- дәм татпай тұрып тұз қоспаңыз;

- тағамның дәмін арттыру үшін тұздың орнына көкөніс, шөп, дәмдеуіш, лимон шырыны немесе сарымсақ пайдаланыңыз;

- өнімнің жапсырмасын оқыңыз: «натрий мөлшері төмен» деген таңбасы барларын таңдаңыз;

- өңделген ет өнімдері, консервілер мен дайын тұздықтарды тұтынуды шектеңіз;

- тұз мөлшерін біртіндеп азайтыңыз - дәм сезу рецепторлары 2-3 аптада бейімделеді.

Тұзды шектеу - денсаулықты сақтау мен созылмалы аурулардың алдын алудың қарапайым, бірақ тиімді тәсілі

 

Ақсу қ. СЭББ бас маманы И.А. Калёнова

 

 

 

 

Дата публикации
03 марта 2026