Көкжөтел

Көкжөтел — бүкіл әлемде эндемиялық таралған ауру, жоғарғы тыныс жолдарының бактериялық инфекциясы, өнімсіз жөтелмен сипатталатын және вакцинация арқылы алдын алуға болатын балалар ауруы. Қоздырғышы — грамтеріс Bordetella pertussis бактериясы.

Көкжөтелдің қоздырғышы ауа тамшыларымен, науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде таралады.

Көкжөтел әсіресе өмірдің алғашқы айларындағы балалар үшін қауіпті. Біріншіден, балада қарапайым суықтың белгілері пайда болады: мұрынның ағуы, безгек, қалыпты жөтел. Бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстамалы жөтелге айналады. Осы әлсірететін жөтел ұстамалары кезінде мидың қан айналымы бұзылады, оттегі ашығуы, нәтижесінде психиканың бұзылуы және әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі пайда болады. Көкжөтел өкпенің қабынуы (пневмония), мидың зақымдануы сияқты асқынулармен қауіпті.

Көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі – вакцинация.

Көкжөтелге қарсы егу 2, 3, 4 және 18 айлық жастағы балаларға көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, «В» гепатитіне, гемофильді инфекцияға және полиомиелитке қарсы бір мезгілде кешенді вакцинамен жүргізіледі. Бұдан әрі 6 жастағы балалар АбКДС бустерлі дозамен егіледі.

АЛДЫН-АЛУ ШАРАЛАРЫ:

-жөтел, түшкіру сияқты аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда уақтылы медициналық көмекке жүгіну, өзін-өзі емдемеу, тек дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдау;

-бөлмені жиі желдетіп, дымқыл тазалау жұмыстарын жүргізу;

-жөтелген кезде ауызды жабу, қолды жиі жуу;

-ата-аналарға науқас балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектептер мен МДБҰ-ға және т. б. жібермеу.

Вакцинация – аурудан қорғаудың жалғыз жолы, балаларыңызды уақытында вакцинациялаңыз!

Ақсу қ. СЭББ бас маманы И.А. Калёнова

Дата публикации
21 января 2026