Темір тапшылығы анемиясының алдын алу

Темір тапшылығы анемиясының алдын алу

Темір тапшылығы анемиясы (ТТА) – анемияның ең көп таралған түрі. Бұл ағзадағы темірдің жетіспеушілігімен байланысты. Темір гемоглобиннің пайда болуы үшін қажет – қызыл қан жасушалары толтырылған және оттегін өкпеден адам ағзасының мүшелері мен тіндеріне тасымалдауға мүмкіндік беретін зат.

ТТА пайда болу себептері: дұрыс тамақтанбау, темір тапшылығы, қанның көптеп жоғалуы (жарақат салдарынан), өсудің жедел қарқыны және оның жоғалуы аясында темірге деген қажеттіліктің жоғарылауы, қозғалыссыз күйде ұзақ болу, таза ауада сирек серуендеу, темірдің жеткілікті мөлшерін сіңіру үшін қажетті дәрумендердің, ең алдымен В12 және С тапшылығы болып табылады.

Алиментарлы темір тапшылығы тағамдағы элементтің жетіспеушілігінен туындайды.

Темір тапшылығының салдары өте жағымсыз, ағзада темір жетіспеген кезде жасушалардың оттегімен қамтамасыз етілуі бұзылады, иммунитет төмендейді, нәтижесінде жұқпалы аурулармен ауыру қаупі өседі. Балалардың өсуі мен ақыл-ой дамуы тоқтап, шаршағыштығы жоғарылап, оқу үлгерімі нашарлайды, үлкен балалар мен ересектер үнемі шаршайтынына шағымданады, тіндер мен мүшелерде жағымсыз өзгерістер болады.

Анемияның алдын алу мақсатында, жылына бір рет гемоглобин және эритроцит құрамына қан тапсырып тұру қажет. Кез келген жастағы адамның дұрыс тамақтануына көңіл бөлуі аса маңызды. Құрамында темірі бар тағам өнімдерін (ет, бауыр, ірімшік, сүзбе, қарақұмық және бидай жармасы, бидай кебегі, жұмыртқа сарыуызы, кептірілген өрік, қара өрік, итмұрын) тұтыну керек.

Егер адамда темір тапшылығы анемиясымен байланысты денсаулығында ауытқулар болса, рационнан қара шай, газдалған сусындар, қайнатылмаған сиыр сүті секілді өнімдерді толық алып тастау керек, өйткені олар ағзаның темірді сіңіру қабілетін күрт төмендетеді. Бірақ, аскорбин қышқылы, сол сияқты барлық органикалық қышқылдар темірдің сіңіуін едәуір жоғарылатады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м. а. 2020 жылғы 31 қазандағы № ҚР ДСМ-176/2020 "Міндетті фортификациялауға жататын тағамдық өнімді байыту (фортификациялау) және оның нарығындағы айналысы қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында өткізу үшін өндірілетін нан пісіруге арналған жоғары және бірінші сортты бидай ұны құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен міндетті түрде байытуға (фортификациялауға) жатады.

Микронутриенттерді тағамдық өнімге енгізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген рецептураларға және технологиялық нұсқаулықтарға сәйкес және олардың өнімде болуының ғылыми негізделген профилактикалық нормаларында көзделген мөлшерде жүзеге асырылады.

 

Ақсу қалалық СЭББ бас маманы Е. Н. Гулина

Дата публикации
10 декабря 2025