Павлодар облысында өрт қауіпсіздігі айлығы өтуде
Жылыту маусымы басталғалы бері Павлодар облысының тұрғын үй секторында 14 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан үш адам қаза тапты. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу және профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрінің тапсырмасы бойынша 2025 жылғы 22 қазан мен 23 қараша аралығында ел бойынша өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланды.
Павлодар облысында айлық аясында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің, әкімдіктердің, еріктілер ұйымдарының және полиция өкілдерінің қатысуымен профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Негізгі назар жеке тұрғын үй секторындағы халықпен түсіндіру жұмыстарына аударылуда.
Тұрғын үйлерді аралау барысында мамандар жылыту құралдарын және газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерін еске салып, мұржаларды үнемі тазалап отыру мен пештерді шамадан тыс қыздырмау қажеттігін түсіндіреді. Сондай-ақ балалардың отпен ойнауының алдын алу және кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.
Жылыту маусымы басталғалы бері 40 мыңнан астам үй араланып, 50 мыңнан астам облыс тұрғыны қамтылды. Жұмыстың басты мақсаты — тұрғындардың өрт қауіпсіздігі туралы сауаттылығын арттыру және қайғылы оқиғалардың алдын алу. Өрттің туындау қаупін төмендетудің тиімді жолдарының бірі — өрт хабарлағыштары мен газ деңгейін бақылайтын датчиктерді орнату болып табылады.
Жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен биыл әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың үйлеріне 629 көміртегі тотығының датчигі орнатылып, мұржалар тазартылып және пеш алдындағы қорғаныш металл табақтар орнатылды.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрттің алдын алу және халыққа қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Жүргізіліп жатқан кешенді шаралар өрт шығу қаупін азайтуға және облыс аумағында жылыту маусымының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақсу қаласының ТЖБ инженері а/қ лейтенанты Тапалов А.Б