«Мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудегі әдеп нормалары» мақаласы

«Мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудегі әдеп нормалары»

мақаласы

 

Еліміздің Президенті Қ.К. Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі  Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз, ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет  екенін айтып өтті. Сондай-ақ, Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» - бұл «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы екенін атап өтті.

Халық проблемаларын заңды және әділ шешу мемлекеттік қызметшінің кәсіби деңгейіне де, оның әдептілік және парасаттылық деңгейіне де жатады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатындығы және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятындығы айқындалған. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш- жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенім білдіреді.

Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерді адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға міндеттейді.

Яғни, мемлекеттік қызметшілер азаматтар көтеретін барлық мәселелер мен дәлелдерді толық көлемде зерделеуге және қажетті материалдарды зерттеуге, заң нормаларына негізделген шешім қабылдауға, сондай-ақ қабылданған шешімді азаматтарға түсіндіруге міндетті.

Қызмет этикасын сақтауға Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдарының қызметшілеріне ерекше назар аудару қажет, өйткені азаматтармен кездесулердің, азаматтардың өтініштерінің, халықты қызықтыратын шешімдердің негізгі көлемі оларға тиесілі.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмысын жақсарту, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша функциялардың орасан зор үлесін ескере отырып, Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру бойынша міндеттемелер бекітілгенін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұрауларына толығымен бағдарлана отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдау қажеттігін атап өту қажет.

Бұдан келіп шығатыны, толыққанды әдептілік үшін мемлекеттік қызметшілер жоғары моральдық және әдептілік мінез-құлқынан басқа, өзінің кәсібилігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау, жаңа, сұранысқа ие дағдыларды дамыту, халықпен өзара іс-қимыл жасай білу және қабылданатын шешімдерді анық әрі түсінікті етіп түсіндіру, мемлекеттік қызметтер көрсету және әкімшілік рәсімдерді заңға қатаң сәйкестікте орындау, өз жұмысының «сервистік» моделін дамыту, халық үніне ашық және «құлақ асатын» болуы қажет.

Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдарында Президенттің кадрларды кәсібилендіруге, жұмыстың «сервистік» моделін және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дамытуға бағытталған саясатын іске асыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өткім келеді.

 

 

Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі

Н. Дүйсенбинов

«Мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудегі әдеп нормалары» мақаласы
Дата публикации
28 декабря 2021