GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Онлайн қабылдау
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Бөлім туралы
Баспасөз орталығы
Все материалы
16 октября 2026
Диплом адалдықтан басталады

Технологиялар, нақты алгоритмдер және адалдық мәдениеті: КарИУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәсілдерін қалай өзгертуде

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету туралы әңгіме көбіне тыйымдарға, нұсқаулықтарға және міндетті дәрістерге тіреліп жатады. Қарағанды индустриялық университетінде мұнымен шектелмеуді ұйғарды: алдын алу жұмыстарына студенттерді, оқытушыларды, ғалымдарды және мемлекеттік орган өкілдерін тартты, ал үйреншікті форматын цифрлық технологиялармен толықтырды.

Жұмыс Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен, құқық қорғау органдарымен және «Жаңару» РҚБ-мен бірлесіп жүргізілуде. Бұндай ынтымақтастық жекелеген акциялармен шектелмей, жастардың құқықтық сауатын арттырудан бастап білім беру ортасындағы ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға дейінгі жүйені құруға мүмкіндік береді.

2026 жылы ҚарИУ Академиялық адалдық лигасының қатысушылары қатарына енді. Оқытушылар үшін практикалық семинарлар, соның ішінде қауіп-қатер тобындағы жасөспірімдермен және жастармен жұмыс істеу бойынша тренингтер өткізіледі. Студенттер прокуратура, полиция және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен кездесіп, пікірталастарға, квиздерге және өмірлік жағдайларды талдауға қатысады. Цифрлық және қаржылық қауіпсіздікке, жеке деректерді қорғауға, интернет-алаяқтыққа және жастарды қылмыстық схемаларға тарту әрекеттеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Басты қадамдардың бірі — «Smart Compliance: Заң мен тәртіп» инновациялық орталығының ашылуы болды. Ол ҚарИУ базасында «Жаңару» РҚБ-мен ынтымақтастықта құрылды. Орталықтың міндеті — жасалып қойған құқық бұзушылықтардың салдарымен күресу емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындауы мүмкін жағдайларды алдын ала байқау.

Орталықтың ашылу күні «Комплаенстегі жасанды интеллект» атты дөңгелек үстел өтті. Әңгіме заманауи технологиялар ұйымдардың жұмысын қалай ашық ете алатыны және құқықтық тәртіпті нығайтуға қалай көмектесетіні төңірегінде өрбіді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсен, «Жаңару» РҚБ негізін қалаушы әрі құрметті төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, «Жаңару» РҚБ Кеңес төрағасы Мэлс Семғалиев, бірлестік төрағасының орынбасары әрі Ғылым және жоғары білім министрлігі Қоғамдық кеңесінің қазіргі төрағасы Бейбіт Мамраев өз пікірлерімен бөлісті.

Қатысушылар құрамының өзі-ақ айтып тұр: жаңа алаң тек ішкі университеттік жоба ретінде емес, білім беру, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары тоғысатын орын ретінде қарастырылады.

— Бұқаралық ұйым өкілдері ретінде біздің міндетіміз — сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдаманың негізгі ережелерін түсіндіру, іске асыру және қоғамға жеткізу. Тек бірлесе отырып қана нәтижеге қол жеткізе аламыз. Әрбір азаматтың тек мемлекет алдында емес, отандастарының алдында да жауапкершілігін сезінуі маңызды, — деп атап өтті Бейбіт Мамраев.

Сонымен қатар AI-Compliance Bot — қауіптің қайда жасырынуы мүмкін екенін, қайда жүгіну керектігін және түсініксіз жағдайда қалай әрекет ету керектігін сыбырлайтын цифрлық көмекші таныстырылды. Студенттер үшін бұл өте маңызды: әрбір жас өз құқықтарын жақсы біле бермейді немесе басшылыққа бірден сұрақ қойып баруға дайын емес.

Бирақ ең заманауи цифрлық құрал да тікелей қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Сондықтан тағы бір ерекше формат «Шетелдік студенттерге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы навигатор» болды. Жастарды академиялық адалдық ережелерімен таныстырып, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, оқу кезінде туындауы мүмкін жағдайларды бірге талдайды.

— Студентке сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтінін жай ғана айту жеткіліксіз. Оған әрекет етудің түсінікті алгоритмін беру керек: заң бұзушылықты қалай тануға болады, қайда жүгіну керек және өз құқықтарын қалай қорғау қажет. Адам ережелерді білсе және сұрақ қоюдан қорықпаса, теріс пайдалану мүмкіндіктері де азаяды, — дейді ҚарИУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Самал Ибрагимова.

Шетелдік студенттер үшін мұндай кездесулер университет өміріндегі өзіндік жолбасшыға айналды. Басқа елде оқу әрдайым жаңа талаптармен, ережелермен байланысты және ол нақты сұрақтар қойып, күрделі заңды терминдерсіз жауап алуға мүмкіндік береді. Студенттердің белсенділігіне қарағанда, олар үшін ақпараттың өзі ғана емес, өздерін біреудің еститініне деген сенімділік те маңызды. Олар Қазақстанда заңдардың сақталуына қойылатын талаптардың қатаңырақ екенін де атап өтеді.

Бұл жұмысқа студенттік өзін-өзі басқару органдары да белсенді түрде қосылды. Университетте 150-ден астам белсендінің басын қосатын «Sanaly Urpaq» клубы жұмыс істейді. Оның өкілдері ҚарИУ алқалы органдарының жұмысына қатысады, кездесулер өткізеді және құрдастарымен академиялық адалдық принциптері туралы сөйлеседі. Бұндай әңгіме мүлдем басқаша қабылданады: ақыл-кеңессіз және ресми ұрандарсыз.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырып жоғары оқу орнының ғылыми өміріне де енді. 16 сәуірде LVI Республикалық ғылыми-практикалық конференция аясында алғаш рет «Мемлекеттік басқарудағы «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы принциптері: академиялық адалдық және қоғамның парасаттылығы» атты бесінші секция өз жұмысын бастады.

Жаңа секция ғалымдарды, оқытушыларды, мемлекеттік орган өкілдері мен студенттерді біріктірген пікірталас алаңына айналды. Қатысушылар «Жаңару» принциптерін енгізудің теориялық және практикалық аспектілерін қарастырды, үздік тәжірибелермен алмасты және қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалай арттыру керектігін талқылады.

Ғылыми қауымдастық үшін бұл өте нақты мәселелер туралы айтуға мүмкіндік: әділ бағалауды қалай қамтамасыз ету, мүдделер қақтығысына жол бермеу, зерттеулердің сапасын сақтау және жастарға адал емес жолмен алынған нәтиже білімнің өзін құнсыздандыратынын түсіндіру. Оқытушылар академиялық адалдық — бұл қосымша талап немесе кезекті есеп беру науқаны емес екенін атап өтеді. Дипломға, университетке және тұтастай ғылымға деген сенім тікелей осыған байланысты.

«Жаңару» секциясының пайда болуы конференция тақырыбын кеңейтті және тағы бір мәрте дәлелдеді: адалдық, ашықтық пен жауапкершілік тек университет ортасы үшін ғана маңызды емес. Бұл принциптерсіз мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуы мүмкін емес.

Ақырындап сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс міндетті іс-шаралар тізбегі болуды қойып келеді. Ол университет өмірінің бір бөлігіне айналуда, онда технологиялар тәуекелді уақытында көруге көмектеседі, мамандар түсінікті түсініктемелер береді, ал студенттер тысқары бақылаушы болып қалмайды. Өйткені ЖОО-дағы адалдық — бұл тек заңды сақтау емес. Бұл — білімді әділ бағалау, оқытушыға деген сенім және ережелердің бәріне бірдей екендігіне көз жеткізу.

Бақыт Жаутиков,

«Жаңару» РҚБ Қарағанды филиалының директоры

 

 

 

16 октября 2026
Студенттік ғылымның болашағы: халықаралық тәжірибе және жергілікті бастамалар

Қыркүйек айының соңында Қарағанды индустриялық университеті студенттік ғылымның болашағын талқылайтын халықаралық алаңға айналды. «Университет қызметіндегі жастар бастамаларының рөлі: халықаралық тәжірибе, заманауи тәсіл және жергілікті практикалар» атты дөңгелек үстелде Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Польша және Малайзия ғалымдары бас қосып, жас зерттеушілерді қолдаудың және жастарды ғылыми жобаларға тартудың үздік жолдарын айқындады.

 

Кездесуді Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Қарағанды филиалы мен Қарағанды индустриялық университеті ұйымдастырды. Филиал төрағасы, ҚарИУ Басқарма төрағасы – ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Жаутиковтің бастамасымен құрылған халықаралық диалог алаңы жетекші сарапшыларды, оқытушылар мен жас зерттеушілердің басын қосты.

Кездесудің басты тақырыбы студенттердің университет дамуындағы рөлі және батыл жастар идеяларын толыққанды ғылыми жобаларға түрлендіру жолдары болды. Қатысушылар жастарды зерттеулерге қалай қызықтыруға болатынын, ғалымдармен диалог құруға жағдай жасауды және жас зерттеушілердің дербестігін сақтай отырып, оларға сапалы тәлімгерлікті қалай қамтамасыз ету керектігін талқылады. Сарапшылардың халықаралық құрамы инновацияларды қолдаудың жаһандық тәжірибесін салыстыруға және қазақстандық жоғары оқу орындарына енгізу үшін ең келешек төгетін тәсілдерді анықтауға мүмкіндік берді.

Бағдарлама тек пікірталастармен шектелген жоқ: шетелдік мамандар студенттер үшін сериялы дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізді. Оларға Xi’an Jiaotong-Liverpool University профессоры Анкит Гарг, Incheon National University профессоры Ын Чхоль Шин және Geoengineering Iwasaki Office профессоры, атқарушы директоры Есинори Ивасаки қатысты. Шетелдік мамандар студенттерді оқытудың заманауи тәсілдерімен таныстырып, өздерінің кәсіби тәжірибесі туралы айтып берді. Қатысушылар сұрақтар қойып, ұсынылған тақырыптарды талқылады. Мұндай тікелей қарым-қатынас ғылыми жарияланымдардың артында тұрған нақты зерттеушілерді көруге, олардың жұмысы туралы білуге және басқа елдерде заманауи ғылымның қалай дамып жатқанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Кездесу оқытушылар үшін де пайдалы болды. Шетелдік тәжірибемен танысу сабақтарды ұйымдастыруға, студенттермен жұмыс істеу әдістеріне және оларды зерттеулерге тарту жолдарына жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Мұндай байланыстар оқу материалдарымен алмасуда, консультациялар мен бірлескен жобаларда өз жалғасын табуы мүмкін.

Бұл жұмысты ұйымдастыруда белгілі ғалым-математик, техника ғылымдарының докторы, профессор, Түркі әлемі математикалық қоғамының және Қазақстан Математикалық қоғамының президенті Бақытжан Жұмағұлов бастаған Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы маңызды рөл атқарады. Академия ғалымдарды, инженерлерді, оқытушылар мен өнеркәсіп өкілдерін біріктіреді, университеттерге серіктестер табуға көмектеседі және зерттеулер мен практикалық міндеттер арасындағы байланысты қолдайды.

Өңірлік филиалдардың жұмысы ерекше маңызға ие. Олар жергілікті кәсіпорындардың қажеттіліктерін, университеттердің мүмкіндіктерін және жас мамандардың мүдделерін ескереді. Кадрлар даярлау өнеркәсіппен тығыз байланысты Қарағанды облысы үшін мұндай ынтымақтастық қолданбалы зерттеулерді дамытуға және студенттерді өндірістің нақты міндеттерімен таныстыруға көмектеседі.

ҚарИУ-де дөңгелек үстелдің өтуі осы жүйелі жұмыстың бір мысалы болды. Академияның Қарағанды филиалы бір алаңда түрлі ғылыми мектептердің өкілдерін жинап, орталығында студенттер мен олардың идеялары орналасқан кәсіби диалогқа жағдай жасады. Осылайша, Академияның рөлі тек іс-шараны ұйымдастыруда емес, сонымен бірге университет пен халықаралық ғылыми қауымдастық арасында жаңа байланыстар орнатуда да көрінді.

Бұл жұмыс елдің ғылымды, инновацияларды және адам капиталын дамыту жөніндегі конституциялық бағдарларына тікелей жауап береді. Кездесудің нәтижесі тек тәжірибе алмасу мен жаңа халықаралық байланыстар орнату ғана емес, сонымен бірге бірлескен білім беру және зерттеу жобаларының негізін қалау болды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы Қарағанды филиалының Ғылыми хатшысы, PhD Гүлдана Даирбекова

13 октября 2026
Теміртау қаласында Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті

Теміртау қаласының құрылғанына 81 жыл толуына орай қалада Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама мәдени-көпшілік және спорттық жарыстарды қамтып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мерекелік күн аясында қаланы көгалдандыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ағаш отырғызу акциясы өткізілді. Бірлік алаңында 100 ге жуық ағаш отырғызылды.Сонымен қатар тұрғындар мен қонақтарға арналған мерекелік алаңдар, түрлі мәдени-ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды.

 

 

 

Қала күніне орай спорттық жарыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Бірлік алаңында асық ату, гір көтеру және арқан тартудан сайыстар өтті. Ал «Жауыртау» спорт кешенінде қазақ күресі мен армрестлингтен жарыстар ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, мерекелік бағдарлама аясында тазы жарысы, велошеру, футбол және волейболдан жарыстар өткізілді. Қатысушылар спорттық шеберліктері мен ептіліктерін көрсетіп, өзара бақ сынасты. Жарыстар қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға ақшалай сыйлықтар табысталды.

Қала күнінің басты оқиғаларының бірі үлкен мерекелік концерт болды. Бағдарлама «Жауыртау – бабалар жолы» атты театрландырылған прологпен ашылды.Қала тұрғындары үшін Қарағанды облысының Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік артистері өнер көрсетті. Көрермендер назарына «Арай» ансамблінің, DakeLot, «Афро Тропикана», Zhenis ұжымдарының, «Шайн Шоу» балетінің, сондай-ақ Гүлмира Избасханова, Балжан Бидаш, Әділ және Бейбіт Қорғанның өнері ұсынылды.

Кештің арнайы қонақтарының қатарында «МИРАЖ» тобының солисі Наталья Гулькина болды. Қазақстандық және арнайы шақырылған өнерпаздардың қатысуымен өткен концерт мерекелік кештің көркін келтіріп, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Мерекелік бағдарлама отшашумен аяқталды.

 

 

04 июня 2026
Қарағандыдағы Мемлекеттік рәміздер алаңына төрт мыңнан астам адам жиналды

Қарағандыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай аттас алаңда көлемі 20х10 метр болатын алып Мемлекеттік Ту жайылды. «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты патриоттық форумға төрт мыңнан астам адам қатысты.

Туды Қарағанды жоғары оқу орындарының студенттері өңірдің танымал спортшыларымен бірге салтанатты түрде алып өтті. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының қатысушысы Данил Мұсабаев, жауынгерлік самбодан әлем чемпионы Ниетхан Төлеухан және әскери қызметшілер арасындағы еркін күрестен әлем біріншілігінің жүлдегері Әділ Оспанов болды.

Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – Мемлекеттік Әнұранның көпшілік болып орындалуы болды. Форум қатысушыларымен бірге Әнұранды Ұлттық ұлан ансамблі мен Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның вокалдық тобы орындады.

Өңір тұрғындарын мерекемен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

— Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіздігіміздің негізі, мемлекеттілігіміздің ең маңызды нышандары. Олар Конституциямен бірге еліміздің егемендігі мен тұрақты дамуының өзара сабақтас тұғырларын құрайды. Қарағанды өңірі – жасампаз еңбек дәстүрлері мен биік мемлекеттік мұраттар үйлесім тапқан қасиетті мекен. Біз үшін қоғамдық келісімді сақтау, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу және жоғары азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру — басты міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Көк Туымыз Қазақстанның бейбіт аспанында әрдайым асқақ желбіресін, Елтаңбамыз ел тәуелсіздігінің айғағы болсын, ал Әнұранымыз әр азаматтың жүрегіне Отанға деген мақтаныш сезімін ұялатсын, - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол облыстың дамуына қосқан үлесі мен қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін бірқатар азаматқа Алғыс хаттар табыстады. Марапатталғандардың қатарында білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, спорт және құқық қорғау салаларының өкілдері бар.

Мемлекеттік рәміздердің маңызы туралы батуттағы гимнастикадан Олимпиада ойындарының қатысушысы Данил Мұсабаев та өз ойын білдірді.

— Халықаралық жарыстарда Қазақстанның Мемлекеттік Туы көтеріліп, Әнұранымыз шырқалған сәтте елің үшін ерекше мақтаныш сезімін бастан кешесің. Әрбір жеңістің артында спортшы мен бапкерлердің еңбегі, мемлекеттің және жанкүйерлердің қолдауы тұрады. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, Отанды сүю және өз еліңді қалай таныстырып жүргеніңе жауапкершілікпен қарау — әрқайсымыз үшін маңызды, - деді спортшы.

Форумға жастардың көптеп қатысуы мерекенің ерекше көңіл-күйін айқындай түсті. «Болашақ» колледжінің бірінші курс студенті Аружан Нұртазина мұндай ауқымды іс-шараға алғаш рет қатысқанын айтты.

— Мемлекеттік рәміздер күні Қазақстан үшін мақтаныш сезімін оятады. Бұл мереке адамдарды біріктіріп, тәуелсіздік, бейбітшілік пен бірліктің қадірін еске салады. Ал жастар үшін бұл еліміздің болашағы алдындағы жауапкершілік туралы ойлануға мүмкіндік беретін ерекше күн, - дейді студент.

Дәстүр бойынша бұл күні мектеп оқушылары «Жас Ұлан» ұйымының қатарына қабылданды. Отыз оқушы салтанатты түрде ант беріп, көгілдір галстук тақты.

Форум өңірдің шығармашылық ұжымдары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жас орындаушылар мен Ұлттық ұлан ансамблі қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.

Сонымен қатар алаңда Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы курсанттарының қатысуымен Тулар шеруі өтті.

20 мая 2026
Қарағанды индустриялық университеті ғалымдары болашақтың тағамын әзірлеуде

Қарағанды индустриялық университеті базасында «Тағам өнімдерінің технологиясы» атты жаңа білім беру бағдарламасы ашылды. Алайда бұл бағдарлама аспаздарды даярлауға емес, жаңа буынның пайдалы, функционалды әрі заман талабына сай өнімдерін жасай алатын инженер-технологтарды даярлауға бағытталған.

Бүгінде тамақ өнеркәсібі неге фармацевтикамен тығыз байланысты екені, университет зертханасында қандай өнімдер әзірленіп жатқаны және бұл жобалардың нарыққа шығу мүмкіндігі туралы химиялық технология және экология кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Сауле Қабиева айтып берді.

Оның айтуынша, жаңа бағдарламаның ашылуы кездейсоқ шешім емес. Университетте жеті жылдан бері «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Биологиялық белсенді қоспалармен жұмыс істеу барысында ғалымдар бұл әзірлемелерді тағам өнеркәсібінде де тиімді пайдалануға болатынын түсінген.

— Қазіргі таңда тағам тек қарын тойдыру құралы емес. Ол иммунитетті нығайтып, ағзаның қорғаныш қабілетін арттырып, адам денсаулығына пайдалы болуы тиіс. Сондықтан тағам өнімдерінің технологиясы бағытын ашу — ғылыми жұмыстарымыздың заңды жалғасы, — дейді профессор.

Ғалымның сөзінше, қазіргі тамақ өнеркәсібі фармацевтика саласымен барған сайын тығыз байланыс орнатуда. Өсімдік экстрактілері, дәрумендік кешендер мен минералды қоспалар енді тек дәрі-дәрмек өндірісінде ғана емес, функционалды тағам өнімдерін жасауда да кеңінен қолданылуда.

Бұл бағыттардың маңыздылығы әсіресе COVID-19 пандемиясы кезінде айқын байқалды. Сол кезеңде әлемдік дағдарыстарға қарамастан, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке сұраныс әрқашан жоғары болатыны дәлелденді.

— Пандемия осы салаларда еңбек ететін мамандардың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан біз бағдарламаны болашаққа бағдарлап жасадық. Біздің түлектер жұмыссыз қалмайды, — дейді Сауле Қабиева.

Жаңа білім беру бағдарламасы тағам өнеркәсібінің көптеген бағытын қамтиды: нан-тоқаш, сүт, ет және кондитерлік өнімдер технологиясы, сусын өндірісі және басқа да салалар. Сонымен қатар профессор болашақ түлектердің аспаз емес, инженер-технолог болатынын ерекше атап өтті.

— Көпшілік бұл мамандықты аспаздықпен шатастырады. Шын мәнінде, бұл — күрделі техникалық мамандық. Студенттер химиялық үдерістерді, өндірістік жабдықтарды, өнім сапасын талдау әдістерін меңгереді. Технолог — бұл инженерге жақын маман, — деп түсіндірді ол.

Маманның негізгі міндеті — өнім шығару ғана емес, оның сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мысалы, қышқыл сүт өнімдері тез бұзылса, технолог консервант қосудың орнына өндірістік процесті жетілдіру жолдарын іздеуі керек.

Мамандар даярлау мақсатында университетте сүтқышқылды және нан-тоқаш өнімдері технологиясына арналған заманауи зертхана ашылды. Ол сәуір айында өткен халықаралық ғылыми конференция аясында іске қосылған.

Зертхана заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған: тартпа шкафтар, кептіру шкафтары, термостаттар, сүт центрифугасы, гомогенизаторлар, микроскоптар, pH-өлшегіштер және басқа да құрылғылар.

— Мен көптеген жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда болдым. Бірақ дәл осындай заманауи титрлеу үстелін алғаш рет өз университетімізден көріп отырмын, — дейді профессор мақтанышпен.

Студенттер алғашқы өнімдерін де әзірлеп үлгерген. Олардың қатарында термостатты айран, сүзбелі қарақұмық тоқаштары, үй ірімшігі және шие мен цитрус экстрактілері қосылған сүт сарысуынан жасалған сусындар бар.

Сауле Қабиева айтуынша, зертхананың ашылуына келген Оңтүстік Корея, Германия және АҚШ қонақтары дайындалған өнімдердің дәмі мен сапасына жоғары баға берген.

Университет алдағы уақытта өңірдегі сүт зауыттарымен, нан-тоқаш өндірістерімен және кондитерлік фабрикалармен тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отыр. ЖОО өндірушілер үшін жаңа рецептуралар, пайдалы қоспалар мен функционалды өнімдер әзірлеуге дайын.

Болашақта университет өз брендімен өнім шығаруды және стартап-жобаларға қатысуды да қарастыруда. Мұндай тәжірибе бұған дейін де болған: кафедра оқытушыларының бірі жастар байқауында жеңіске жетіп, өсімдік шикізаты негізінде сәбилерді шомылдыруға арналған ұнтақ өндірісін іске қосқан.

Алдағы жылдары кафедра ет және кондитерлік өнімдер зертханаларын ашып, ғылыми зерттеулер аясын кеңейтіп, өндіріс орындарымен ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.

Ғалымдар өнеркәсіптік өңір тұрғындарының денсаулығына ерекше назар аударып отыр. Сауле Қабиева айтуынша, зиянды өндірістік ортада жұмыс істейтін адамдар үшін А, В және С дәрумендеріне, антиоксиданттар мен селенге бай тағамдарды тұтыну аса маңызды.

— Антиоксиданттар ағзаға токсиндер мен ауыр металдардың әсерімен күресуге көмектеседі, ал селен иммундық жүйені қолдап, өндірістік зиянды факторлардың кері әсерін азайтады. Сондықтан біз өсімдік экстрактілері мен функционалды тағам өнімдері бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз, — деп қорытындылады профессор.

Оның сөзінше, жаңа білім беру бағдарламасы — жай ғана жаңа мамандық емес. Бұл — ғылымды, технологияны және адам денсаулығына деген қамқорлықты біріктіруге бағытталған маңызды қадам.

 
 

 

18 мая 2026
Ұлттық тағамдар фестивалі ұйымдастырылды

29 сәуір күні «Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ жүзеге асырып жатқан «Этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешені» жобасы аясында Ұлттық тағамдар фестивалі ұйымдастырылды.

Іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткізілді.

Фестивальге қала мектептерінің командалары қатысып, түрлі этностардың дәстүрлері мен мәдениетін, сондай-ақ ұлттық тағамдарын таныстырды.

Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы оқушылардың дайындық деңгейінің өте жоғары болғанын атап өтті.

Командаларға қаланың этномәдени орталықтарының өкілдері қолдау көрсетіп, кеңес берді.

Қатысушылардың өнер көрсетулері жарқын әрі есте қаларлықтай болды, барлық командалар лайықты деңгейде өнер көрсетті.

Мұндай іс-шаралардың басты құндылығы – қала жастарының әртүрлі этностардың дәстүрлерімен танысып, оларды зерделеуі арқылы өзара сыйластық пен толеранттылыққа тәрбиеленуі.

 

18 мая 2026
Теміртауда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы басталды

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарлайды.

Байқау адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған.
Еңбек пен спортта, шығармашылық және зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар отбасылар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар қатыса алады.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер 15 мамырдан 15 маусымға дейін өңірлік комиссияларда қабылданады.

Байқау екі кезеңде өтеді:
1. Аудандық (қалалық) кезең (15 маусымнан 30 маусымға дейін).
2. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен елорда) кезең (30 маусымнан 15 шілдеге дейін).

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағы Қазақстанның барлық өңірлерінен танылған 20 үздік отбасыға беріледі. Конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі Астана қаласында өтеді.

Осы жылдар ішінде конкурсқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Биыл қатысуға ниет білдіргендер өз өтінімдерін өңірлік комиссияларға жібере алады.

  «Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңін өткізуде.

Байқаудың мақсаты: отбасы институтын нығайту, руханият, саналы некенің маңыздылығын ұғыну, отбасылық құндылықтарды көрсету және кеңінен насихаттау, мүгедектер мен қарт ата-аналардың кәмелетке толған балаларына қамқорлық көрсету.

Қалалық байқау жеңімпаздары сыйлықтармен марапатталады, 1-орын алған отбасы облыстық турға қатысады.

Байқауға қатысу үшін толтырылған өтінімді келесі құжаттармен бірге жіберу қажет:

1) неке қию туралы куәліктің көшірмелері;

2) отбасының барлық мүшелерінің жеке куәліктерінің және балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;

3) ата-аналардың жұмыс орнынан және балалардың оқу орнынан анықтамалар мен сипаттамалар;

4) балаларды тәрбиелегені үшін көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін көтермелеулердің (грамоталар, алғыс хаттар) бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

5) отбасы мүшелерінің жоғары еңбек, спорттық, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктерін растайтын құжаттардың көшірмелері (грамоталар, алғыс хаттар).

Сондай-ақ отбасылық жетістіктердің фото презентациясы мен портфолио қоса беру қажет.

Өтінімдерді жинау 2025 жылдың 15 мамырынан 15 маусымына дейін жалғасады.

Барлық материалдар электронды түрде, бейнеролик, презентация ovp.temirtau@mail.ru электронды мекенжайына «Мерейлі отбасы» белгісімен жіберу қажет.

Сонымен қатар өтінімді, құжаттардың, грамоталардың, сипаттамалардың көшірмелері бар портфолионы 15 маусымға дейін Абай көшесі, 112, мекенжайы бойынша 24, 27 кабинеттерге әкелу қажет.

Анықтама үшін:87005506080

29 апреля 2026
1976 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕР ҚАРИУ-ҒА ҚАЙТА ОРАЛЫП, АЛЛЕЯ ОТЫРҒЫЗДЫ

28 сәуірде Қарағанды индустриялық университетінің аумағында «Ұрпақтар аллеясын» отырғызу бойынша экологиялық акция өтті. Іс-шара 1976 жылғы түлектердің 50 жылдығына орай ұйымдастырылып, «Таза Қазақстан» республикалық бастамасын қолдау аясында өткізілді.
Бұл күні студенттерге зауыт-ВТУЗ түлектері қосылды. Олар үшін университет әлі күнге дейін өмірінің маңызды бөлігі болып қала береді. Олардың көпшілігі Теміртау қаласында тұрып, еңбек етіп, бір-бірімен байланысын сақтап келеді. Топтастарының бір бөлігі әртүрлі елдерге қоныс аударғанына қарамастан, олар өзара қарым-қатынасты үзбей, ортақ бастамаларды қолдауды жалғастыруда.
Аллеяны құру идеясы металлургиялық комбинаттың ардагері, «Qarmet» АҚ этномәдени бірлестігінің жетекшісі Алишер Жакупбековке тиесілі. Оның бастамасымен және кәсіпорынның қолдауымен отырғызуға 16 қарағай мен 10 қайың дайындалды. Қосымша ретінде ол өз қаражаты есебінен шетен көшетін сатып алды.
Акцияға сондай-ақ 1976 жылғы түлектердің өзге де өкілдері, оның ішінде Теміртау қаласының бұрынғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шакир Нұрлыбаев қатысты. Ол өз сөзінде сол кезеңдегі зауыт-ВТУЗ ректоры Нариман Қуанышғалиұлы Ишмұхамедовтің студенттердің қалыптасуында үлкен рөл атқарғанын атап өтті. Дәл осы тұлға Теміртауға оңтүстік өңірлерден ұлттық кадрларды тартып, болашақ мамандар қалыптасуына жағдай жасаған. 1976 жылғы түлектер шынымен де мықты буын болды — университет қабырғасынан академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Наргози Данаев, Теміртау қаласының бұрынғы әкімі Қарабалин Әли Әлибайұлы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның персоналды дамыту және еңбек қатынастары жөніндегі директоры Хамитов Мықты Хамитович және басқа да көптеген басшылар түлеп ұшты. Олардың барлығы әр кезеңде қаланың және өнеркәсіптің дамуына елеулі үлес қосты.
Акцияға қатысушылар мұндай іс-шаралар университет аумағын көркейтіп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, дәстүрлер мен құндылықтарды қазіргі студенттерге жеткізуге ықпал ететінін атап өтті.
Университет ректоры Бақыт Жаутиков студенттер мен түлектердің бірлескен қатысуы акцияның маңызын арттырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тек көгалдандыру емес, сонымен қатар университеттік ортаны дамытуға және оқу орны мен туған қаланың тарихына құрмет қалыптастыруға қосылған үлес.
«Ұрпақтар аллеясы» өткен мен бүгіннің байланысының символына айналып, әр адамның қосқан үлесі — еңбек, білім немесе отырғызылған ағаш — болашақты қалыптастыратынын еске салады.

Негізгі құжаттар
16 апреля 2026
Адами капитал мен инженерлік ғылымды дамыту: LVI республикалық конференцияның негізгі қорытындылары

16 сәуір күні Қарағанды индустриялық университеті базасында «Адами капиталды, техникалық білім беруді, инженерлік ғылым мен инновацияларды дамыту – мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты» атты LVI Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы қолдауымен ұйымдастырылып, ғылым, білім беру саласының өкілдерін, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық академиялық қауымдастықты біріктірді.
Конференция пленарлық отырыспен басталып, Қазақстаннан және шетелдерден келген құрметті қонақтар мен жетекші сарапшылар сөз сөйледі. Инженерлік білім беруді дамыту, инновациялар және ғылымды өндіріспен ықпалдастырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Іс-шара аясында ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды: Constructor University (Германия) университетімен – академиялық және ғылыми өзара іс-қимылды дамыту жөнінде, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы шеңберінде Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті және «Гордорсервис-Т» ЖШС қатысуымен келісім жасалды.
Маңызды оқиғалардың бірі – марапаттау рәсімі болды. Онда университеттің ғалымдары мен қызметкерлері, соның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы корреспондент-мүшелері дипломдарының иегерлері атап өтілді.
Сонымен қатар жаңа білім беру және ғылыми кеңістіктер – «Intellect Media Hub» студиясы және студенттердің тәжірибелік әрі зерттеу құзыреттерін дамытуға бағытталған екі заманауи зертхана ашылды.
Конференция жұмысы секциялық отырыстар форматында жалғасын тауып, онда 200-ден астам баяндама ұсынылды. Қатысушылар нанотехнологиялар мен цифрландырудан бастап экология және тұрақты даму мәселелеріне дейінгі кең ауқымды тақырыптарды талқылады. Конференция бес секциядан тұрды, олардың бірі – «Мемлекеттік басқарудағы «Жаңару» антикоррупциялық қағидаттары: академиялық адалдық және қоғамның парасаттылығы» атты секция алғаш рет ұйымдастырылып, ашықтық пен этика мәселелерінің өзектілігін айқындады.
Аталған конференция инженерлік ғылым мен білім беру саласында тәжірибе алмасуға, ынтымақтастықты дамытуға және инновацияларды ілгерілетуге маңызды алаң болды.

 

 

16 апреля 2026
LVI республикалық конференция аясында ынтымақтастық туралы негізгі меморандумдарға қол қою

Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы қолдауымен ұйымдастырылған «Адами капиталды, техникалық білім беруді, инженерлік ғылым мен инновацияларды дамыту – мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты» атты LVI Республикалық ғылыми-практикалық конференция аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және ғылым, білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған екі маңызды меморандумға қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті.
Алғашқы маңызды оқиға Қарағанды индустриялық университеті мен Constructor University (Германия) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды. Аталған келісім бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, академиялық алмасуға және халықаралық білім беру кеңістігіне ықпалдасуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Екінші меморандум «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында Қарағанды индустриялық университеті, Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті және «Гордорсервис-Т» ЖШС арасында жасалды. Келісім өзекті экологиялық мәселелерді шешуге, экологиялық бағытталған технологияларды енгізуге және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары