
15 ақпан күні «Royal Rose» мейрамханасында Кеңес әскерлері Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай «АУҒАННЫҢ ОТ – ЖАЛЫНЫ» атты салтанатты іс-шара өтті.
Ауған соғысының еліміз үшін орны толмас қайғы-қасірет келтіргені, уақыт өтсе де ерлік ескірмей, оларға тағзым ету болашақ ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс екені баршаға аян. Сол сапарда қаншама отбасының зардап шеккені, қаншама қыршын жастың жат жерде қалғаны, қаншама жанның хабарсыз кеткені жайлы әлі де айтылар аңыз бен ақиқат жетерлік. Сол сәттерді көзімен көрген батыр да батыл ағаларымыз бүгін де арамызда жүр.
Іс-шара барысында ауған соғысының ардагерлерін Сәтбаев қаласының құрмет грамотасымен, Сәтбаев қаласы қорғаныс бөлімінің алғыс хатымен, «КәсіпҚорған» тау-кен металлургия кәсіпорынының «Еңбек озаты», «Кәсіподақтың құрметті қайраткері» төс белгілерімен мараптталды. Сонымен қатар, Сәтбаев қаласы бойынша барлық ауған соғысының ардагерлері Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай арнайы медальдарға ие болып, 300 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алды.
«Ерлік қашан да елге мұра, ұрпаққа - ұран» дей келе Ардагерлеріміздің дендеріне саулық, отбасыларына амандық, жұмыстарына табыс тілейміз.