Асыл дініміз Ислам – барша адамзат баласын бейбiтшiлiкке, амандыққа, ешкiмнің ала жібін аттамауға шақыратын дiн. Міне, осындай хақ дiнiмiз жер бетiнде нағыз адамгершiлiктiң, сыйластықтың рухын жайып, алауыздыққа, қастық пен дұшпандыққа тыйым салғаны да мәлiм. Жат ниетті ағым, қарапайым халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында қаншама айлаларын жасағаны барлығымызға мәлім. Сондай жатпиғылды ағымдардың шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай қалған кездер болды. Шын мәнінде діни ағымдар – дәстүрлі дінге қайшы келетін, жергілікті халықтың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолданады. Осылайша, бақытты жанұяны таратады, қоғамдық қате пікірлер ұйымдастырып толеранттылықты бұзады және өзі туып өскен ұлтын мойындамауымен қатар туыстық қарым-қатынасты үзеді.
Бұл ретте тұрғындарға дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсіндіріп, деструктивті діни ағымдардың қауіптілігін ескеруге жұмылдырылған ауданның дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтары нәтижелі жұмыс істеп жатқанын қаперге алғанымыз жөн.
Діни экстремизм мен терроризм идеясын насихаттайтын радикалды материалдарды анықтау мақсатында тұрақты түрде мамандармен интернет кеңістік пен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіледі. Тұрғындардың діни сауаттылығын арттырып, ақпараттандыруға көңіл бөлу біздің басты мақсатымыз.
Ж. Яхияев
Осакаровка кентінің «Тоқа Байғозы» мешітінің бас иамамы