Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі ислам құндылықтарымен тығыз байланысты. Өйткені мәдениет – діннің ажырамас бөлігі. Сондықтан қазір ақпараттық технологияның қатты дамыған тұсында мемлекетіміздің рухани дамуында маңызды орын алатын ұлттық мұрамызды бұдан да тереңірек зерделеу қажет. Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолымен ұзақ сонар тарихы болады.Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келешегін жоспарлайды. Тамырын тереңнен тартқан қазақ халқының алмағайып замандарда жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жоралы жұрт қалпын, дінін сақтап қалғаны – оның еркіндікке ұмтылған ерік-жігерінің, асқақ рухының, отансүйгіш иманы мен ибалылығының арқасы. Еліміз егемендігін алып, дінімен, дәстүрі мен қайта қауышты. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз.
Жастарымызға дұрыс рухани тәрбие беруіне, олардың бағытты дұрыс таңдауына, сондай-ақ діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік құндылықтарын меңгеруіне және оларға өзге діни ағымдардың зияндылығын түсіндіру жұмыстарына байланысты қоғам болып атсалысуымыз керек. Өйткені, жастар - еліміздің болашақ тірегі.
Басты бағдар, дұрыс жол – ұлтымыздың бірлігін, дініміздің әлсіремеуін басты назарда ұстайтын болсақ, қоғамның ілгерлеуі сөзсіз.
Ж. Яхияев
Осакаровка кентінің «Тоқа Байғозы» мешітінің бас иамамы