Республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы, астанадағы, кент, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарын жазу және орналастыру жөніндегі
ҰСЫНЫМДАР
- Жалпы бөлім
Осы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы және астанадағы, кент, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарын жазу және орналастыру жөніндегі ұсынымдар әзірленді.
Көше аншлагтары ғимараттар, үйлер, мекемелер мен кәсіпорындардың қасбеттерін рәсімдеудің ажырамас бөлігі болып табылады. Көше атаулары жазылған тақтайшалардың дұрыс жазылып және дұрыс орналастырылуымен қатар, олардың республика аумғында әр қаласында, әр елді мекенінде бірыңғай үлгіде жасалынып, ілінуі көшелеріміздің сәулетін, көркін арттырып, тарихи, мәдени танымдық тәрбие береді. Осыған орай ұсынымдар жергілікті өкілді және атқарушы органдармен келісіліп, көше аншлагтарын реттеу үшін ұсынылады.
- Ғимарат аншлагтары
- Аншлагтардағы көше аты тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері ешқандай қысқартусыз толық жазылады.
Жазылу нұсқасы: Бауыржан Момышұлы, Сәкен Сейфуллин көшесі, даңғылы т.б.
- Бойындағы дара қабілеті, ерекше қасиеттеріне сәйкес есімдері елге кеңінен мәлім болған тұлғалардың аттары дәстүрлі нормаға сәйкес жазылады.
Жазылу нұсқасы: Ақан сері көшесі, Біржан сал көшесі, Күйші Дина көшесі, Құрманғазы көшесі, Абай даңғылы, Балуан Шолақ көшесі және т.б.
- Көше атауы тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері аншлагқа өзге тілдерге аударылмай, мемлекеттік тілдегі нұсқасы жазылады.
Жазылу нұсқасы: Абай көшесі, Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, Тәуелсіздік даңғылы және т.б.
- Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың аншлагтарындағы көше атауы мемлекеттік тілде, ал көшесі деген сөз қажет болған жағдайда үш тілде: «көшесі, улица, street» жазылады (1-үлгі). Ал аудан, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарында тек «көшесі» сөзі жазылады (2-үлгі).
- Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың аншлагтарындағы даңғылдар атауы мемлекеттік тілде, ал даңғылы деген сөз қажет болған жағдайда үш тілде: «даңғылы, проспект, avenue» болып жазылады (3-үлгі).
- Аншлагтар ұзындығы 120 см, ені 25 см, қалыңдығы 0,8 см болатын пластик тақтайшадан жасалынады.
- Аншлаг шартты түрде үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте көше аты тиесілі тұлғаның аты-жөні немесе тарихи, дәстүрлі атаулары солдан оңға қарай жазылады, екінші бөлікте шеңбер ішіне ғимараттың реттік нөмірі, қажет болған жағдайда таяқша арқылы көрсетіледі (4-үлгі), ал үшінші бөлікте көшесі (даңғылы) деген сөз жазылады /2.4/, /2.5/. Бірінші және үшінші бөліктің асты мен үсті ұлттық нақыштағы өрнектермен жиектеледі.
- Көше атауы тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері бас әріптермен жазылады.
Жазылу нұсқасы: ШОҚАН УӘЛИХАНОВ КӨШЕСІ, МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ КӨШЕСІ, АБАЙ ДАҢҒЫЛЫ және т.б.
Сондай-ақ, үшінші бөліктегі жазулар да бас әріптермен жазылады.
Жазылу нұсқасы: КӨШЕСІ, УЛИЦА, STREET, ДАҢҒЫЛЫ, ПРОСПЕКТ, AVENUE және т.б.
Аншлаг жазуларындағы үлкен әріптер – 9 см, кіші әріптер – 3 см, Arial шрифтімен жазылады.
- Негізгі фоны көк түсті жарық шағылыстыратын жабыннан жасалған, әріптер және өрнектер ақ түсті.
- Жол аншлагтары
- Жол бойындағы және жол қиылыстарындағы көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атаулары көрсетілетін белгі аншлагтар мемлекеттік тілде жазылады.
- Жол бойындағы және жол қиылыстарындағы көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атаулары көрсетілетін белгі аншлагтар ұзындығы 120 см, ені 26 см болатын пластик тақтайшадан жасалынады. Жан-жағынан беріктігі мен ұзақ уақыттық жарамдылығын қамтамасыз ететін металл қоршауға алынады (5-үлгі).
- Аншлагтағы жазулар екі қатардан тұрады. Бірінші қатарға көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атауы, екінші қатарға тиісті «көше», «даңғыл» сөзі тақтайшаның екі бетіне де оңнан солға қарай жазылады.
- Тақтайшаның негізгі фоны – ақ, ал жазулар - қара түсті. Тақтайшаның көшені (даңғылды, тұйық көшені және т.б.) нұсқап тұрған жағы дөңес болып келеді. Ал қарама-қарсы жағы ұлттық нақыштағы өрнектермен жиектеледі (6-үлгі).
- Көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атауы 105 мм болатын бас әріптермен, «көше», «даңғыл» сөзі 55 мм болатын кіші әріптермен және барлық жазу Arial шрифтімен жазылады /2.8./.
- Облыс орталықтары, республикалық маңызы бар және басқа да ірі қалалардағы магистралдық жолдардағы ақпараттық аншлагтар ұзындығы 150 см, ені 75 см болатын пластик тақтайшадан жасалынады (7- үлгі). Аншлаг жоғарғы және төменгі жиектері ұлттық нақыштағы өрнектермен безендірілген жарық шағылысыратын ақ және жарық шағылысыратын көк түске бөлінген екі негізгі бөліктен тұрады. Жоғарғы бөлігіне жол бойымен тік бағыттағы көшелер (даңғылдар), нысандар, атаулары ақ әріптермен, ал төменгі бөлігіне жол бойымен көлденең бағыттағы көшелер (даңғылдар), нысандар атаулары көк әріптермен жазылады. Жазудың оң жағына тиісті көшесі (даңғылы) деген сөз жазылады /2.1/, /2.2/, /2.3/,/2.4/, /2.5/, /2.8/. Жазулардың сол жағына бағыт нұсқағыштар мен тиісті қашықтық мөлшері көрсетіледі.
- Магистралдық жолдардағы ақпараттық аншлагтардағы жазулардағы үлкен әріптер – 10 см, кіші әріптер – 7 см, Arial шрифтімен жазылады.
- Орналастыру тәртібі
- Көше атаулары мен ғимараттардың реттік нөмірлері көрсетілген аншлагтар ғимараттардың қабырғасына жерден 2,5-тен 3,0 метрге дейiнгi биiктiкте ілінеді.
- Жол бойындағы және жол қиылыстарындағы көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атауы көрсетілген жол аншлагтары жол бойындағы және жол қиылыстарындағы бағандарға жерден 2,5-тен 3,0 метрге дейiнгi биiктiкте орналастырылады. Жол қиылыстарында аншлагтар бір-бірін жауып қалмау үшін сатылай ілінеді.
- Облыс орталықтары, республикалық маңызы бар және басқа да ірі қалалардағы магистаралдық жолдардағы ақпараттық аншлагтар арнайы орнатылған бағандарға немесе бағдаршам тіреуішіне ілінеді.