
Ағымдағы жылдың қазан айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Түзетулер ең алдымен мүгедек балаларға берілетін жәрдемақыны арттыруға қатысты. Енді кәмелетке толмағандарға мүгедектік тобы бұрынғыдай 16 жастан емес, 7 жастан бастап тағайындалады.
⠀ Сонымен қатар, Қазақстанда мүгедектік себебіне байланысты мүмкіндігі шектеулі адамдар мен топтарға күтім жасау бойынша жаңа жәрдемақы енгізілді. Оның мөлшері 48 023 теңгені құрады.
⠀ 4 қарашадан бастап Қарағанды облысының ХҚКО жәрдемақы тағайындау үшін құжаттарды қабылдай бастады. І топтағы мүгедектер күтімді жүзеге асыратын адамға жәрдемақы тағайындау үшін, сондай-ақ электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы немесе І топтағы мүгедектікті алғаш рет белгіленген кезде тұрғылықты жері бойынша МӘС бөлімшесіне жүгіне алады.
⠀ I топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне өтінішпен жүгініп, оған келесі құжаттарды қоса беру керек:
- жеке басты куәландыратын құжат (жеке куәлік, қандас куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат);
- I топтағы мүгедекке қамқорлық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат (осындай факт болған жағдайда);
- күтім жүзеге асырылатын адамның мүгедектігі туралы анықтама;
- уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат;
- психикалық денсаулық орталығында есепте тұру фактісінің жоқтығы туралы анықтама.