Әкімдіктің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков аудан намысын қорғап, мерейімізді үстем еткен бір топ спортшыларды қабылдап, оларға құрмет көрсетті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Әділханұлы, спортшылардың жаттықтырушылары мен ата-аналары қатысты.
Қабылдауда грек-рим күресінен Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері Юсуф Ашрапов, Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы қазақ күресінің жеңімпазы Рауза Нұрмахаметова, Ташкент қаласында өткен кикбоксингтен жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогының жеңімпазы Сабыр Әліби, БАӘ өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегерлері Алмасбек Тахмина, Қалабай Ақжүрек, кәсіпқой бокстан Түркі тілдес елдер арасындағы Халықаралық турнирдің жеңімпазы Көбей Оразалы болды.
«Бүгінде біздің спортшылар ауданымыздың спорттық айбынын лайықты түрде қорғауда. Өздерінің белсенділігімен және жоғары жетістіктерімен облыс, тіпті еліміздің беделін әлемдік аренада көтеруге ықпал етуде. Осының барлығы Мемлекет Басшысының қолдауы, жаттықтырушылар мен спортшылардың тынымсыз еңбегі» деген Болат Мырзаханұлы денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық пен сергектік тіледі. Жеңімпаздарды Алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапаттады. Соңынан кездесу қатысушылары естелікке суретке түсті.