GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Бөлім туралы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
01 октября 2026
Еңбек – мұратқа жеткізер!

Еңбек – мұратқа жеткізер!

 Аудан әкімі «Еңбек күні» мерекесіне орай өз ісінің нағыз майталмандары, адал еңбегімен елге үлгі болып жүрген бір топ азаматты арнайы қабылдап, алғыс білдірді.

Түрлі саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына арнайы төсбелгілер мен марапаттар табысталды.

Әрбір маманның өз ісіне деген адалдығы мен қажырлы еңбегі – ауданымыздың жарқын болашағының кепілі. Баршаңызды мерекемен құттықтап, еңбектеріңізге жеміс, отбастарыңызға амандық тілейміз!

27 августа 2026
ТАҒЗЫМ: Ерліктері ешуақытта ұмытылмайды

Бүгін аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйі алдында “Қайнар” әскери бөлімінде болған жарылыстан қаза тапқан жерлес-жауынгерлерімізге қойылған мемориалдық ескерткіш-тақта алдында еске алу жиыны өтті.

Оған аудан әкімі, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімдігіне қарасты бөлім, мекеме басшылары, ардагерлер, әскери және Төтенше жағдайлар мен өрт сөндіру, полиция бөлімдерінің қызметкерлері, жарылыс кезінде қайтыс болған батырлардың ата-аналары, туыстары қатысты.

Шара барысында Қайнар жарылысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды. Жиналғандар ел үшін жанын қиған азаматтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Еске алу жиынында аудан әкімі сөз сөйлеп, қаза болған азаматтардың ерлігі мен елге жасаған қызметтерінің маңызын атап өтті.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар саласының ардагері Бақытжан Садықов сөз алып, сол бір қайғылы күнді еске түсіріп, азаматтардың батылдығы мен отансүйгіштігі жайында ой бөлісті.

Ақын-сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Байзақ ауданының құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр боздақтардың рухына арналған жүрекжарды өлеңін арнады.

16 июля 2026
Елдікті нығайтқан кездесу

Бүгін аудан басшысы Ардагерлер ұйымының, Қоғамдық кеңестің мүшелерімен және зиялы қауым өкілдерімен маңызды кездесу өткізді. Жиында Конституциялық реформалардың халық өміріне тигізер оң әсері, құқықтық мемлекет құру жолындағы жаңа қадамдар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омарұлы сөз алып, жаңа Ата Заңның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып:

«Жаңа Конституция — бұл ел бірлігі мен әділеттіліктің кепілі. Біз, ардагерлер қауымы, елдегі оң өзгерістерді толық қолдаймыз. Тәжірибеміз бен ақылымызды осы реформаларды халыққа, әсіресе жастарға дұрыс түсіндіруге жұмсауға дайынбыз. Елдің іргесі берік, болашағы жарқын болсын!», - деп атап өтті

Кездесу соңында ел ағалары ауданның қоғамдық - саяси өміріне белсене араласып, жаңа заң талаптарының жүзеге асуына бірлесе атсалысуға уағдаласты.

14 июля 2026
Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерінің қуаты артып келеді

Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өңірдің электр энергиясын өндіру әлеуеті жыл сайын артып келеді. Күн, жел және су электр стансаларын іске қосу арқылы облыстың энергетикалық қауіпсіздігі күшейіп, экологиялық таза энергия өндіру көлемі ұлғаюда, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Өңірдегі алғашқы ірі жобалардың бірі – Қордай ауданындағы «Отар» күн электр стансасы. 2014 жылы пайдалануға берілген нысанның қуаттылығы бүгінде 7 мегаваттқа жетіп, республиканың бірыңғай энергетикалық жүйесіне тұрақты түрде электр энергиясын жеткізіп келеді.

Жуалы ауданында орналасқан «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» күн электр стансалары жалпы қуаты 100 мегаватт болатын Орталық Азиядағы ең ірі жаңартылатын энергия жобаларының қатарына кіреді. Сонымен қатар Қордай ауданындағы жел электр стансалары мен «Тасөткел», «Қарақыстақ» және «Меркі-3» су электр стансалары өңірдің энергия өндіру көлемін арттыруға елеулі үлес қосып отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Жамбыл облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері жаңартылатын энергия көздерін кеңінен дамытуға қолайлы. Жел мен күн энергиясын тиімді пайдалану электр энергиясының тапшылығын азайтып, шалғай елді мекендерді сенімді әрі тұрақты электрмен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Жуалы ауданында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр стансасын салу жоспарланып отыр. Ал Сарысу ауданындағы «Жаңатас» жел электр стансасы толық өндірістік қуатында жұмыс істеп, жылына 350 миллион киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіруде.

Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

13 июля 2026
Бірлік пен келісім – біздің ортақ құндылығымыз!

Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары!
Біздің өңіріміз – түрлі этнос өкілдері ғасырлар бойы тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан құтты мекен. Біздің ортақ мақсатымыз – осы тыныштық пен өзара сыйластықты сақтау.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте түрлі қауесеттер мен жалған ақпараттар тез тарайды. Сіздерді парасаттылық танытып, тұрмыстық немесе жеке түсініспеушіліктерді этносаралық мәселеге айналдыруға жол бермеуге шақырамыз. Арандатушылардың сөзіне ермеңіздер!
Заң талаптарын қаперге саламыз:
• ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес, ешкімді ұлтына, тіліне, дініне немесе басқа да жағдайларға байланысты кемсітуге болмайды.
• ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін, оның ішінде әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Құрметті жерлестер, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер. Кез келген құқық бұзушылық немесе күдікті жағдай туындаса, бірден құқық қорғау органдарына (102) хабарласыңыздар.
Бірлігіміз бекем, еліміз аман болсын! Біздің күшіміз – бірлікте!
#ЖамбылОблысы #Бірлік #Татулық #Бейбітшілік #Тараз #ЗаңМенТәртіп

01 июля 2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеуі

Құрметті отандастар!

Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз.

Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады.

15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық.

Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі.

Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.

Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз!

Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін!

Қазақстан Республикасы жасай берсін!

Халқымыз мәңгі жасасын!

t.me/aqorda_resmi
t.me/aqorda_resmi/33905

19 июня 2026
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза Тараз – таза қала» акциясы өткізілді

2026 жылдың 18 маусымында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы Қарахан кесенесі аумағында «Таза Тараз – Таза қала» атты экологиялық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Тараз қаласының дәл орталығында орналасқан Қарахан кесенесі – өңірдің тарихи-мәдени мұрасының маңызды нысандарының бірі. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін бұл сәулет ескерткіші тек тарихи орын ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды мәдени орталық саналады. Сондықтан кешен аумағын абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау және келушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Экологиялық акцияға қала жастары, еріктілер және жастар ұйымдарының өкілдері белсенді қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар кесене аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қураған ағаштар мен тұрмыстық қалдықтарды жинады.

Тараз жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбек мұндай бастамалардың жастар тәрбиесіндегі және қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

– Тазалық өзімізден басталады. Мұндай игі шаралардың басы-қасында жастар жүруі тиіс. Бүгін қала тұрғындары мен туристер көп келетін Қарахан кесенесі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тазалықты сақтау мен қоғамдық тәртіпті ұстану – отансүйгіштік пен жауапкершіліктің, табиғатқа деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Қаламыздың тазалығы үшін әрбір тұрғын жауапты. Сондықтан барша азаматтарды тазалықты сақтауға шақырамын, – деді Азамат Лесбек.

Акцияға 100-ден астам жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Нәтижесінде тарихи кешен аумағынан 3 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, нысан толықтай тазартылды.

Айта кету керек, осындай экологиялық шаралар барлық аудандарда ұйымдастырылып, еріктілер мен жастар ауыл көшелерін, су жағалауларын, орталық саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын жүргізді.

Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарда тазалық сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына ықпал ететінін атап өтті.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін өңірде 48,5 мың жасыл желек отырғызылып, 2,6 мың шақырым көше жолдары тазартылды. Сондай-ақ 810 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, 615,5 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумағы абаттандырылды. Нәтижесінде 6 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын нығайтуға зор үлес қосуда.

15 июня 2026
Жамбыл облысында егіс алқаптарын суаруға арналған 46 су алу ұңғымасын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жобаларының жүзеге асу барысымен танысты, деп хабарлайды baq-orda.kz. Меркі ауданында министр облыстың суару каналдары, дренаж жүйелері мен гидротехникалық құрылыстарын реконструкциялауға бағытталған Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен жоба аясында жүргізіліп жатқан 46 су алу ұңғымасын қалпына келтіру жұмыстарының барысын көрді. Қазіргі уақытта Ойтал ауылдық округіндегі барлық 13 ұңғыма толық қалпына келтіріліп, іске қосылған. Ал Андас батыр ауылдық округінде 27 ұңғыма пайдалануға берілді. Осы айдың соңына дейін қалған 6 ұңғымаға сынақ жүргізу жоспарланып отыр. Бұл су алу ұңғымалары шамамен 2,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін каналдарды қосымша сумен толықтыруға арналған. Бұдан кейін Нұржан Нұржігітов Шу ауданына барып, биыл басталған Сол жағалау және Оң жағалау магистральдық каналдарын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл нысандардың жалпы ұзындығы 88 шақырымнан асады. Қазіргі таңда каналдарда жер қазу және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыру нәтижесінде Шу ауданындағы 18,1 мың гектар суармалы жерге су жеткізу сапасы жақсарады. Жұмыстар Ислам даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі аясында жүргізілуде. Сол жағалау және Оң жағалау магистральдық каналдарын реконструкциялау жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Шу ауданында министр сондай-ақ К-1 каналында болып, онда жүргізіліп жатқан дайындық және жер қазу жұмыстарымен танысты. Бұл нысанды реконструкциялау да Ислам даму банкімен бірлескен жоба аясында жүзеге асырылып жатыр. Қордай ауданында Нұржан Нұржігітов ұзындығы 18 шақырым болатын «Благовещенский» каналын реконструкциялау жұмыстарын көрді. Нысандағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Сондай-ақ министр Шу өзені мен Георгиев магистральдық каналын байланыстыратын толықтырушы каналдағы контейнерлік сорғы станциясының жұмысымен танысты. Былтыр пайдалануға берілген бұл нысан Қайнар ауылындағы 3800 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Станцияның өткізу қуаты - секундына 1 текше метр су. «Жамбыл облысындағы суармалы алқаптарды тұрақты сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ендігі міндет – барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету. Министрлік бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
 
23 апреля 2026
Инвестиция мен инновация: өңір дамуының жаңа кезеңі

Қазіргі таңда өңірдің инвестициялық әлеуеті айтарлықтай күшейіп келеді. Жаңа жобалар мен бастамалар экономиканың әртүрлі саласын қамтып, өндірістік қуатты арттыруға мүмкіндік беруде. Бұл – ұзақ мерзімді дамудың берік негізі, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Индустриялық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар соның айғағы. Жалпы құны 157 млрд теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылып, мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылуда. Тек 2025 жылдың өзінде 13 жоба тартылып, өндірістік инфрақұрылым айтарлықтай кеңейді.

Сонымен қатар, инвестиция тартудың жаңа деңгейі қалыптасты. «Zhambyl Invest» құрылымы арқылы инвесторлармен 495 кездесу өткізіліп, 26 келісім жасалды. Нәтижесінде экспорттық келісімшарттар жүзеге асып, жергілікті өнімдердің сыртқы нарыққа шығуына жол ашылды.

Ауқымды жобалардың қатарында металлургиялық зауыт пен жүгеріні терең өңдеу кешенінің құрылысы ерекше маңызға ие. Бұл жобалар өндірісті әртараптандырып қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ауылдық жерлерде кәсіпкерлік дамып, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл ауыл экономикасының жандануына және халық табысының артуына оң әсер етуде.

Осылайша, инвестиция мен инновацияны ұштастырған жүйелі жұмыс өңірдің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы бастамалар экономиканың сапалы өсіміне негіз болары анық.

17 апреля 2026
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күреске дайындық шаралары басталуда

Алматы және Жамбыл облыстарындағы өңірлік штаб алаңдарында қорғау шараларына дайындық мәселелері қаралды. Әсіресе, барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге және зиянкестердің таралу қаупіне жедел әрекет етуге айрықша назар аударылды., деп хабарлайды baq-orda.kz.

Қазіргі уақытта Алматы облысында аумақтарды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Алматы қаласы, Жамбыл, Қарағанды және Жетісу облыстарымен бірлесіп шекаралас аумақтарға мониторинг жүргізу жоспарланған.

Химиялық өңдеу жұмыстары мамыр айының екінші онкүндігінде басталмақ, жалпы 83,4 мың гектар жерді қамтиды. Арнайы жерүсті техникалары мен авиация толықтай дайын.

Жергілікті фермерлер мен омарташылар өңдеу жұмыстарының кестесі туралы алдын ала хабардар етіледі. Бұл өңдеу кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді барынша азайтуға жол ашады.

Жамбыл облысында зиянкестердің таралу ошақтарын мониторингтеу және жедел анықтау жұмыстарына 500-ден астам маман тартылған. Өңдеу жоспары 230,8 мың гектарды құрайды, бүгінде ауыл шаруашылығы алқаптарының алғашқы 1000 гектары өңделіп үлгерген. Қорғау шараларына 56 бірлік арнайы техника жұмылдырылады.

Штаб отырыстары барысында материалдық-техникалық базаның, соның ішінде бүрку техникасының дайындығы да тексерілді. Сондай-ақ жағдайды бақылауды күшейту және қорғау шараларының тиімділігін арттыру бойынша тапсырмалар берілді.

Шегіртке тектес зиянкестермен күресте кешенді әрі уақтылы тәсіл қолдану егін шығынын азайтуға, ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға және өңірлердегі азық-түлік тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы