GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Бөлім туралы
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Все материалы
20 октября 2026
БАЙЗАҚТЫҚТАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ЮСУФ АШРАПОВТЫ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Байзақ ауданында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Юсуф Ашраповты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебінде ұйымдастырылған шараға аудан басшылығы, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар мен аудан тұрғындары қатысып, ел мерейін асқақтатқан чемпионға құрмет көрсетті.

Салтанатты жиында аудан әкімі Олжас Баққараев әлемдік додада топ жарып, Қазақстанның көк туын биікте желбіреткен Юсуф Ашраповты жеңісімен құттықтап, спортшыға арнайы сертификат табыстады. Сонымен қатар оның бапкері Абзал Түлеевке де аудан әкімінің атынан сертификат берілді.

Шара барысында спорт ардагері Әділхан Омаров пен чемпионның бапкері сөз сөйлеп, жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Қазақы дәстүрге сай әлем чемпионының ата-анасына да құрмет көрсетіліп, шапан жабылды.

Өз кезегінде Юсуф Ашрапов жеңісіне қуанып, арнайы қарсы алып, құрмет көрсеткен барша жерлестеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ спорттағы жетістігіне қолдау білдірген ата-анасына, бапкеріне және жанкүйерлеріне ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, Қазақстанның абыройын асқақтатуға күш салатынын атап өтті.

Мерекелік шараның тағы бір ерекше сәтінде ауыл кәсіпкерлері атынан чемпионға ат мінгізіліп, оның жеңісіне деген зор құрмет пен қолдау көрсетілді.

Юсуф Ашраповтың әлемдік аренадағы жетістігі – бүкіл Байзақ жұртының ортақ мақтанышы. Бұл жеңіс өскелең ұрпаққа жігер беріп, жас спортшыларды биік мақсаттарға ұмтылуға шабыттандырады. Жерлестері чемпионға алдағы жарыстарда толағай табыс тілеп, ел намысын абыроймен қорғауына сенім білдірді.

19 октября 2026
Жамбыл облысында ирригация каналдарын тазалау көрсеткіші екі есе артты

Жамбыл облысында ирригация каналдарын тазалау көрсеткіші екі есе артты
Шаруаларға суды тұрақты жеткізу үшін «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облыстық филиалы ирригация каналдарын механикалық әдіспен тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2026 жылы 77,3 шақырым каналды тазалау жоспарланған болатын. Алайда бүгінге дейін орындалған жұмыстардың нақты көлемі 160,3 шақырымға жетті. Бұл бастапқы жоспардың 207,4 пайызына тең.

Мұндай нәтижеге, соның ішінде «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының материалдық-техникалық базасын нығайтудың арқасында қол жеткізілді. Еске салайық, былтыр филиалға 55 арнайы техника берілген болатын. Бұл жұмыстардың өнімділігін арттыруға, сондай-ақ су шаруашылығы инфрақұрылымын күтіп ұстау және қалпына келтіру мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Қазсушар» РМК филиалдары жалпы ұзындығы 2043 шақырымнан астам каналды механикалық әдіспен тазалады. Жыл соңына дейін тағы шамамен 200 шақырым каналды тазалау жоспарланып отыр.

Осылайша, Қазақстанда каналдарды механикалық әдіспен тазалау қарқыны артып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы «Қазсушар» РМК филиалдары 1840 шақырым каналды тазалаған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1147,6 шақырым, 2023 жылы 678 шақырым болды.

«Каналдарды жаңғырту, су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу және техникалық паркті жаңарту суды тиімді пайдалануға әрі суармалы егіншілікті тұрақты дамытуға негіз қалайды. Суару инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасады. Жоспарланған жобаларды іске асыру су шаруашылығы нысандарын кезең-кезеңімен тиісті жағдайға келтіруге, сумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов.

15 октября 2026
Жамбыл облысында жедел жәрдем қызметіне 60 жаңа санитарлық автокөлік алынды

2026 жылдың сегіз айында Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылды. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа нысандардың құрылысы жалғасып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуді жақсартуға басымдық берілді. Сонымен қатар салада әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар.

Қазіргі таңда облыстың медициналық ұйымдарында 15 839 медицина қызметкері еңбек етеді. Соған қарамастан мемлекеттік медициналық ұйымдарда 100 дәрігерге қажеттілік бар. Оның 60-ы ауылдық елді мекендерге тиесілі.

Кадр тапшылығын азайту үшін жас мамандарды өңірге тарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл облысқа 287 жас маман бөлініп, оның 173-і ауылдық жерлерге бағытталды. Сегіз айда өңірге 135 медицина маманы жұмысқа келді. Жас мамандарға тұрғын үй, көтерме жәрдемақы және басқа да әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Мамандардың біліктілігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ. Жыл соңына дейін 4 553 медицина қызметкерін оқыту жоспарланған болса, бүгінде оның 2 552-сі оқытылды.

Саладағы тағы бір маңызды бағыт – медициналық инфрақұрылымды жаңарту. Биыл денсаулық сақтау саласындағы үш нысанның құрылысына 5,1 млрд теңге қарастырылған. Талас ауданындағы 200 төсектік орталық аудандық аурухананың құрылысы 95 пайызға орындалды. Шу қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінің құрылысы 45 пайызға жетті. Сонымен қатар бес нысандағы күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамту деңгейі 92,7 пайызды құрайды. Талас және Шу аудандарына екі ангиограф пен екі МРТ сатып алу жоспарланып отыр.

Медициналық көмекті ауыл тұрғындарына жақындату бағытында да жұмыс жүргізілуде. Облыстың 10 ауданында 10 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді. Екінші тоқсанда жоспарланған 297 елді мекеннің 153-і осы кешендердің қызметімен қамтылды. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Онкология және хирургия орталығына құны 1,1 млрд теңге болатын екі жылжымалы медициналық кешен берілді.

Денсаулық сақтау саласына цифрлық технологиялар да белсенді енгізіле бастады. Инсультті автоматты диагностикалауға арналған Cerebra жүйесі енгізілуде. Сонымен қатар Emdeu AI телемедициналық платформасы іске қосылды. Жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық базасын жаңарту мақсатында 60 санитарлық автокөлік сатып алынды.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты бақылауда. 2026 жылға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға 16,4 млрд теңгеге өтінім қалыптастырылды. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша медициналық ұйымдарға 11,4 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі мен медициналық бұйымдары жеткізілді.

Сонымен бірге халықтың медициналық ұйымдарға қатысты өтініштері мен шағымдары да саланың маңызды көрсеткіштерінің бірі болып отыр. Шағымдардың басым бөлігі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының, яғни емханалардың жұмысына қатысты. Осыған байланысты пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысы күшейтіліп, азаматтарды жеке қабылдау, медициналық ұйымдарға мониторинг жүргізу және халықпен кері байланысты жақсарту бойынша шаралар қолға алынды.

Осылайша, сегіз айдың қорытындысы денсаулық сақтау саласында бірқатар бағыт бойынша нақты жұмыстар атқарылғанын көрсетеді. Дегенмен 100 дәрігерге қажеттілік, оның ішінде ауылдық жерлердегі 60 маман тапшылығы, медициналық көмектің ауыл тұрғындары үшін қолжетімділігі және емханалардың жұмысына қатысты шағымдар әлі де өзекті.

Жыл соңына дейінгі негізгі міндет – кадр тапшылығын азайту, медициналық инфрақұрылымды жаңарту, ауылдағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және заманауи технологияларды кеңінен енгізу. Нәтижесінде басты назар көрсеткіштерге ғана емес, әр тұрғынның сапалы медициналық көмекті уақытылы алуына бағытталуы тиіс.

12 октября 2026
Жамбылда әлеуметтік әріптестікке арналған ІІ облыстық форум өтті

Жамбыл облысындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Қазақстан кәсіподақтары күні мен Мұғалімдер күніне орай білім саласындағы әлеуметтік әріптестердің «Әлеуметтік әріптестік: ортақ мүдде, ортақ жауапкершілік» атты ІІ облыстық форумы өтті, деп хабарлайды 

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек қатынастарын жетілдіру және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты дамыту.

Форум аясында «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атынан кәсіподақ мүшелеріне алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды.

Марапаттау кезінде олардың білім беру саласын дамытуға, еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға қосқан үлестері атап өтілді.

Жиын әлеуметтік әріптестікті нығайтуға, білім беру ұйымдары мен кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және еңбек адамдарының еңбегін бағалауға бағытталды.

07 октября 2026
Ұстаз – ұлттың ұлы құндылығы!

Ауданда Ұстаздар күніне орай «Ұстаз – ұлттың ұлы құндылығы» атты салтанатты іс-шара өтті.

Ұстаз – жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, өмірлік бағыт-бағдар беретін маңызды тұлға. Мемлекет басшысының білім саласына айрықша мән беруі – ұстаз мәртебесін көтеру мен педагог еңбегін бағалаудың маңыздылығын айқындай түседі.

Салтанатты жиында ауданның білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген білікті педагогтер мен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. Еңбегімен ерекшеленген бірқатар ұстаздар арнайы марапаттарға ие болып, кәсіби қызметтегі жетістіктері атап өтілді.

Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Бүгінде аудан мектептерінде білім алып, түрлі салада ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың жетістіктерінде өз ісіне адал педагогтердің еңбегі мен тағылымы жатыр.

Ұстаздық – үлкен жауапкершілікті, ізденісті және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілікті талап ететін мәртебелі мамандық. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, білім беру саласының дамуына үлес қосып жүрген барлық ұстаздардың еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық.

Іс-шара барысында ұстаздарға зор құрмет көрсетіліп, олардың кәсіби қызметіне табыс, шығармашылық ізденіс және шәкірттерінің биік жетістіктері тілінді.

Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі мен ел алғысы сіздерге әрдайым қуаныш сыйласын!

01 октября 2026
Еңбек – мұратқа жеткізер!

  Аудан әкімі «Еңбек күні» мерекесіне орай өз ісінің нағыз майталмандары, адал еңбегімен елге үлгі болып жүрген бір топ азаматты арнайы қабылдап, алғыс білдірді. Түрлі саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына арнайы төсбелгілер мен марапаттар табысталды. Әрбір маманның өз ісіне деген адалдығы мен қажырлы еңбегі – ауданымыздың жарқын болашағының кепілі. Баршаңызды мерекемен құттықтап, еңбектеріңізге жеміс, отбастарыңызға амандық тілейміз!

17 сентября 2026
Жамбылдағы жасыл энергетика: табиғи әлеуеттен тұрақты энергияға дейін

Энергетика саласының тұрақтылығы – кез келген өңірдің экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Өнеркәсіптің өркендеуі, жаңа өндіріс орындарының ашылуы, халық санының өсуі мен тұрмыстық қажеттіліктің артуы электр энергиясына деген сұранысты жылдан-жылға көбейтіп келеді. Осындай жағдайда дәстүрлі энергия көздерімен қатар табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген жаңартылатын энергия көздерін дамыту өзектілігін арттыруда.

Бұл бағытта Жамбыл облысының әлеуеті жоғары. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде су электр стансаларының жиынтық қуаты – 24,4 мегаватт, жел электр стансалары – 275,65 мегаватт, ал күн электр стансаларының қуаты – 271,25 мегаватт. Бұл көрсеткіштер облыстың еліміздегі жаңартылатын энергетиканы дамыту ісінде өзіндік орны бар екенін көрсетеді.

Күн сәулесін кәдеге жаратқан өңір

Жамбыл облысында баламалы энергия көздерін игеру жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталған. Соның алғашқы мысалдарының бірі – Қордай ауданындағы «Отар» күн электр стансасы.

Отар елді мекенінің маңында 2014 жылы іске қосылған нысан өңірдегі күн энергетикасының дамуына жол ашқан жобалардың бірі болды. Бастапқы қуаты 504 киловатт болған стансаның құрылысына 200 миллион теңге инвестиция жұмсалған. Кейін жоба кеңейтіліп, бүгінде оның белгіленген қуаты 7 мегаватқа жеткен.

Стансаның тағы бір ерекшелігі – оның жалпы энергетикалық жүйеге қосылуы. Өндірілген электр энергиясы ортақ желіге беріліп, елдің біртұтас энергетикалық жүйесінің қажеттілігіне бағытталады.

Осылайша бір кездері тәжірибелік сипаттағы жоба ретінде басталған бастама бүгінде өңірдегі жаңартылатын энергия өндірісінің нақты мысалына айналды.

Жуалыдағы алып күн алаңы

Жамбыл өңіріндегі күн энергетикасының ауқымды жобаларының бірі Жуалы ауданында жүзеге асырылды. Мұнда орналасқан «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» күн электр стансаларының жалпы қуаты 100 мегаватты құрайды.

Жүздеген гектар аумақты алып жатқан күн панельдері кешені көлемі жағынан да, технологиялық мүмкіндігі жағынан да назар аударады. Бір ғана станса аумағында жүздеген мың күн панелі орнатылған. Жобаға қомақты инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарына шамамен 48 миллиард теңге бағытталған.

Мұндағы электр энергиясын өндіру процесі автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Панельдерден алынған энергия инверторлық станциялар арқылы жинақталып, одан әрі орталық жүйеге жөнелтіледі. Ал арнайы мониторинг жүйесі әрбір панельдің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді.

Күн энергетикасының тиімділігі ауа райына да байланысты. Бұлтты күндері өндірілетін қуат көлемі төмендегенімен, панельдердің жұмысына температураның жоғары немесе төмен болуы айтарлықтай кедергі келтірмейді. Сондықтан Жуалының табиғи-климаттық жағдайы мұндай жобаны жүзеге асыруға қолайлы аумақтардың бірі ретінде қарастырылған.

«Айша күн шуақ»: өндіріс қуатын ұлғайтуға бағытталған жоба

Жамбыл ауданында да күн энергиясын өндіруге бағытталған жоба табысты жұмыс істеп келеді. Айшабибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылының маңында орналасқан «Айша күн шуақ» стансасының қуаты – 50 мегаватт.

Жобаға 20,8 миллиард теңге инвестиция салынған. Жалпы аумағы 110 гектарды құрайтын стансада 100 мыңға жуық күн панелі орналастырылған. Өндірілген электр энергиясы мыңдаған тұрғын үй мен өндірістік нысандарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нысанда қолданылатын трекерлік технология күн панельдерінің күннің қозғалысына қарай бағытын өзгертіп отыруына мүмкіндік береді. Бұл күн сәулесін барынша тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Панельдердің екі жақты энергия қабылдау мүмкіндігі де өндіріс тиімділігін арттыратын технологиялық шешімдердің бірі.

Жоба мұнымен шектелмейді. Станса қуатын қосымша 20 мегаватқа арттыру жоспарланған. Осы мақсатта аудан аумағынан қосымша жер телімі қарастырылып, электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жобаның құны 7 миллиард теңге болатын бұл кезеңі де өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Шу ауданындағы энергетикалық әлеует

Баламалы энергия көздерін дамыту бағытында Шу ауданында да бірқатар жоба іске асырылуда.

Солардың бірі – қуаты 100 мегаватт болатын «ШУ-100 мегаватт» күн электр стансасы. Жоба француздық «Total Eren» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылған. Станса үшін Шу ауданының таңдалуына өңірдегі күн сәулесінің жоғары белсенділігі және өндірістік нысандардың болашақтағы электр энергиясына деген сұранысы себеп болған.

Жобаға шамамен 60 миллиард теңге инвестиция тартылған. Станса толық қуатында жұмыс істеген жағдайда өңірдегі электр энергиясына деген тапшылықты төмендетуге ықпал етпек.

Маңыздысы, мұнда өндірілген электр энергиясы Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне беріледі. Сонымен қатар стансада тұрақты жұмыс істейтін мамандарды жергілікті тұрғындар арасынан даярлау көзделген.

Күнмен қатар судың қуаты да пайдаланылуда

Жамбыл облысындағы жаңартылатын энергетика тек күн энергиясымен шектелмейді. Шу ауданында су энергетикасын пайдалануға бағытталған жобалар да жүзеге асырылуда.

Тасөткел су қоймасы маңында іске қосылған су электр стансасы электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған нысанның қуаты сағатына 2,2 мегаватты құрайды. Өндірілген электр энергиясын Қордай және Т.Рысқұлов аудандарының тұрғындары тұтынады.

Сонымен бірге инвестор тарапынан су электр стансасының екінші жобасы да жүзеге асырылған. Алдағы уақытта үшінші нысанның құрылысын бастау жоспары қарастырылған.

Бұл жобалар өңірдің табиғи ресурстарын тиімді пайдаланумен қатар, энергетикалық жүйені әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Жел энергетикасына да мүмкіндік мол

Өңірдің жаңартылатын энергетика бағыттарының қатарында жел энергиясы да бар. Шу ауданындағы Шоқпар ауылдық округінде жел электр стансасын салу жоспары қарастырылған.

Жобаның құны 71,5 миллиард теңгеден асады. Станса іске қосылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның энергетикалық әлеуеті одан әрі арта түспек. Жоба үшін 155,8 гектар жер телімі бөлінген.

Жамбылдың географиялық орналасуы мен табиғи ерекшеліктері күн және жел энергетикасын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жобалардың саны мен қуатын арттыру өңірдің энергетикалық тұрақтылығына әсер ететін факторлардың бірі болмақ.

Жасыл энергетика – экономиканың жаңа бағыты

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту тек электр энергиясын өндіру мәселесі емес. Оның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық маңызы қатар жүреді.

Жаңа энергетикалық нысандардың іске қосылуы инвестиция тартуға, құрылыс саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге дәстүрлі отын түрлеріне тәуелділікті төмендетіп, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға жағдай жасайды.

«Жасыл экономика» ұғымының негізгі мәні де осында. Яғни табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалана отырып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Мемлекет деңгейінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, экологиялық таза технологияларды енгізу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында міндеттер белгіленген.

Жамбыл облысында іске асырылып жатқан жобалар осы саясаттың өңірлік деңгейдегі нақты көрінісі деуге болады. Қордайдағы алғашқы күн стансасынан басталған жол бүгінде Жуалы, Жамбыл және Шу аудандарындағы ірі энергетикалық жобаларға ұласып отыр.

Бұл – өңірдің табиғи әлеуетін экономикалық ресурсқа айналдырып қана қоймай, болашақ энергетикасының негізін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс. Күн, жел және су энергиясын тиімді пайдалану арқылы Жамбыл облысы энергия өндірісін әртараптандыруға және тұрақты дамудың жаңа моделіне біртіндеп қадам басып келеді.

14 сентября 2026
БАЙЗАҚТА «АУЫЛ СПОРТ – 2026» ӨҢІРЛІК ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Ауданымызда «Ауыл спорт – 2026» өңірлік турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі спортшылар мен қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтап, ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен спортты кеңінен насихаттаудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ, дүбірлі додаға қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңіс жолында табандылық танытуға шақырды.

Өңірлік турнир ауыл жастарын бір алаңға жинап, олардың спорттағы шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беріп отыр. Жарыс барысында қатысушылар волейбол, баскетбол, үстел теннисі, кіші футбол, еркін күрес, бокс, каратэ WKF және шахмат сынды спорттың бірнеше түрінен бақ сынайды.

Турнир барысында спортшылар тек жүлде үшін ғана емес, өз ауылдарының намысын қорғап, командалық рух пен жігерін көрсетеді. Мұндай жарыстар ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың спортқа деген ынтасын арттыруға жол ашады.

09 сентября 2026
Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясы 2029 жылы іске қосылады

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Masdar компаниясының бизнесті және жобаларды дамыту жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Абдулла Зайедпен және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Елшісі Мохамед Саид Мохамед Әл-Арикимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Жамбыл облысында энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаның іске асырылу барысын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Жоба Қазақстан мен Masdar арасындағы стратегиялық әріптестік аясында іске асырылуда. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 1,4 млрд АҚШ долларын құрайды. 29 маусымда Жамбыл облысында жоба алаңында капсула қалау және құрылыс жұмыстарының ресми басталу рәсімі өтті.
Жоба қуаты 1000 МВт жел электр станциясын және қуаты 300 МВт, сыйымдылығы 600 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесін салуды көздейді. Жобаны іске асыру жаңартылатын энергия көздері есебінен электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға және Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Тараптар энергия жинақтау жүйесінің маңыздылығын атап өтті. Ол ауа райы жағдайлары мен тұтыну динамикасының өзгеруін ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының икемділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қуаты 1 ГВт жел электр станциясын толық пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Ерлан Ақкенженов Қазақстанның жаңартылатын энергетика саласында халықаралық инвесторлармен және технологиялық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
«Masdar компаниясымен әріптестік жаңартылатын энергетиканы дамытуға және Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытына ілгерілеуіне ықпал етеді. Жобаны іске асыру өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту, заманауи технологияларды тарту және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру тұрғысынан маңызды», – деді Энергетика министрі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға және жоба аясында көзделген іс-шараларды уақтылы іске асыруға мүдделі екендерін растады.

02 сентября 2026
АУДАНДЫҚ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін №7 орта мектебінде «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы басымдықтар» тақырыбында аудандық тамыз кеңесінің конференциясы өтті.

Жиында өткен оқу жылындағы жетістіктер сараланып, жаңа оқу жылындағы білім саласының негізгі міндеттері мен басым бағыттары талқыланды.

Білім сапасын арттыру, ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – басты назарда.

Өз кезегінде аудан әкімі Олжас Баққараев ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім саласының дамуы мен сапалы білім берудің маңыздылығына тоқталды.

Кеңес барысында білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздарға жоғары деңгейдегі марапаттар табысталды.

Салтанатты жиын барысында ұстаздарға арналған музыкалық тартулар да ұсынылды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы