Байзақ ауданында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Юсуф Ашраповты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебінде ұйымдастырылған шараға аудан басшылығы, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар мен аудан тұрғындары қатысып, ел мерейін асқақтатқан чемпионға құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Олжас Баққараев әлемдік додада топ жарып, Қазақстанның көк туын биікте желбіреткен Юсуф Ашраповты жеңісімен құттықтап, спортшыға арнайы сертификат табыстады. Сонымен қатар оның бапкері Абзал Түлеевке де аудан әкімінің атынан сертификат берілді.
Шара барысында спорт ардагері Әділхан Омаров пен чемпионның бапкері сөз сөйлеп, жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Қазақы дәстүрге сай әлем чемпионының ата-анасына да құрмет көрсетіліп, шапан жабылды.
Өз кезегінде Юсуф Ашрапов жеңісіне қуанып, арнайы қарсы алып, құрмет көрсеткен барша жерлестеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ спорттағы жетістігіне қолдау білдірген ата-анасына, бапкеріне және жанкүйерлеріне ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, Қазақстанның абыройын асқақтатуға күш салатынын атап өтті.
Мерекелік шараның тағы бір ерекше сәтінде ауыл кәсіпкерлері атынан чемпионға ат мінгізіліп, оның жеңісіне деген зор құрмет пен қолдау көрсетілді.
Юсуф Ашраповтың әлемдік аренадағы жетістігі – бүкіл Байзақ жұртының ортақ мақтанышы. Бұл жеңіс өскелең ұрпаққа жігер беріп, жас спортшыларды биік мақсаттарға ұмтылуға шабыттандырады. Жерлестері чемпионға алдағы жарыстарда толағай табыс тілеп, ел намысын абыроймен қорғауына сенім білдірді.
Астана қаласында өткен «Senat Open – 2026» республикалық шахмат турнирінің финалында өңірдің намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен қатысушыларға құрмет көрсетілді.
Облыстық әкімдіктің ғимаратында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев финалға қатысып, жүлдемен оралған шахматшыларды қабылдап, оларды салтанатты жағдайда марапаттады.
Кездесу барысында облыстық мәслихат төрағасы биыл облысқа үлкен сенім артылып, қасиетті Әулиеата жерінде «Senat Open – 2026» турнирінің Оңтүстік өңірлік жартылай финалының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті.
Аталған кезеңде Шымкент қаласы, Түркістан, Қызылорда және өңіріміздің мықты шахматшылары бақ сынап, республикалық финалдың жолдамасын сарапқа салған болатын. Бұл жарыс өңірдің ұйымдастырушылық әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жартылай финал қорытындысында облыстан 15 шахматшы республикалық финалға жолдама алып, елорда төрінде өткен шешуші кезеңде облыс намысын лайықты қорғады. Нәтижесінде облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте республика бойынша үшінші орынды иеленіп, өңір спортының абыройын асқақтатты.
Ал жеке есепте Байзақ ауданының өкілі, мәслихат депутаты Нұржан Тілепов барлық қарсыласынан басым түсіп, республикалық турнирдің чемпионы атанды. Бұл – жамбылдық шахмат мектебінің жүйелі жұмысы мен спортшылардың табанды дайындығының жемісі.
Салтанатты жиында Абдалы Нұралиев жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына, басқарма басшысы Ернар Таласбекұлына, облыстық шахмат федерациясының директоры Әлібек Үтеулиевке және федерация президенті, облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабекке ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, өңірдің республикалық деңгейдегі жарысты лайықты өткізуі мен финалдағы жоғары нәтижеге қол жеткізуінде осы азаматтардың еңбегі зор.
-Шахмат-адамның логикалық ойлауын, стратегиялық пайымын, сабырлылығы мен жауапкершілігін қалыптастыратын интеллектуалдық спорт. Сондықтан бұл спорт түрін дамыту – болашаққа салынған инвестиция. «Senat Open» бүгінде мыңдаған азаматтың басын қосқан, шахматты бұқаралық деңгейде дамытуға серпін берген маңызды қоғамдық жобаға айналды. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін, – деді мәслихат төрағасы.
Салтанатты рәсімде турнирде үздік нәтиже көрсетіп, өңірдің мерейін үстем еткен азаматтар марапатталды.
Облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы Байзақ аудандық «Мансап орталығы» филиалының директоры, республикалық турнирдің чемпионы Нұржан Тілеповке және облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясының» шахматтан аға жаттықтырушысы Әлібек Үтеулиевке табысталды.
Ал облыстық мәслихат төрағасының Алғыс хатымен Жандос Әдібаев, Марат Ақшыбеков, Тілеумберді Атаханов, Жамалбек Әсембаев, Асылбек Әшірбеков, Қасым Қайсарұлы, Асаубек Қалдыбеков, Жандос Садықов, Телбай Садықов, Талғат Сәулебаев, Жүнісбек Серіков, Алтай Тастанов және Кенжеғали Шилібек марапатталды.
Жиын соңында марапат иелеріне алдағы жарыстарда да толағай табыс тілеп, Жамбыл шахмат мектебінің бұдан әрі де биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірілді.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес өткізді.
Кеңеске Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Елдар Сапаров пен азаматтық қоғам институттарының белсенді өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі азаматтық қоғам институттарының мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, тиімді әріптестікті дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
– Үкіметтік емес ұйымдардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға қосып отырған үлесі зор. Сіздердің көпжылдық тәжірибелеріңіз бен жүйелі еңбектеріңіздің нәтижесінде өңірде көптеген маңызды бастамалар сәтті жүзеге асырылуда. Қоғамдық өмірге белсенді араласып, халықтың өзекті мәселелерін көтеріп, әлеуметтік жобаларды іске асыруға қосып жүрген елеулі үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Ербол Қарашөкеев.
Бүгінде облыста 1 314 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 200-ге жуығы белсенді жұмыс жүргізуде. ҮЕҰ бастамасымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік маңызы бар көптеген жоба жүзеге асырылып, халықтың түрлі санаттарына бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Биыл өңірде 100 әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Олардың басым бөлігі білім беру, жастар саясаты, отбасы және гендерлік саясат, қоғамдық келісімді нығайту, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту бағыттарына арналған.
Жиында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Елдар Сапаров орталықтың қызметі туралы баяндап, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, ұзақмерзімді мемлекеттік гранттардың үлесін арттыру және өңірлік ҮЕҰ-лардың ауқымды, стратегиялық жобаларды жүзеге асыруына кеңінен мүмкіндік жасау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қызылқұлова, Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев және Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тәжірибесі туралы баяндама жасады.
Кездесу барысында ҮЕҰ өкілдері де өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жиын соңында «Jambyl Civil Hub» жобасы аясында ұйымдастырылған шағын гранттар конкурсының жеңімпаздары марапатталды.
Қорытынды сөзінде облыс әкімі көтерілген ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын айтып, тиісті басқармалар мен жауапты мемлекеттік органдарға әрбір бастаманы жан-жақты зерделеп, заң талаптарына сәйкес нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында сөйлеген сөзінде жасанды интеллекттің экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар стратегиялық салаға айналып келе жатқанын айтты.
Президенттің мәліметінше, БҰҰ деректеріне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымы мен оған қатысты технологияларға салынатын инвестиция көлемі жыл сайын орта есеппен 47 пайызға артып келеді. Ал 2033 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжануда.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай қарқынды даму жасанды интеллектіні басқарудың кешенді жүйесін қалыптастыруды талап етеді. Оның айтуынша, бұл жүйе жартылай өткізгіштер өндірісі мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап, этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі барлық бағытты қамтуы қажет.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллекттің дамуы әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуімен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды. Ол қазіргі таңда мемлекеттердің басым бөлігі қақтығыстардың алдын алудан гөрі, олардың салдарын жоюға көбірек күш жұмсайтынын айтты.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйелерін жетілдіруге, превентивті дипломатияны дамытуға, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік бастамаларды күшейтуге мүмкіндік беріп, осы көзқарасты өзгертуге тарихи мүмкіндік ұсынып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жасанды интеллект ең алдымен әділ әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күшіне айналуы тиіс.
«Бірде бір ел жасанды интеллектіні тұтынумен шектелмеуге тиіс. Адами капиталы мен цифрлық инфрақұрылымын дамытып, институционалдық әлеуетін көтеруге кез келген мемлекеттің мүмкіндігі болуы керек. Бұл жерде әңгіме тағы да әділдік пен адалдыққа барып тіреледі. Жасанды интеллектіні экономика мен қоғам игілігіне пайдалану, сөйте тұра оны адамның саналы әрі қабілетті басқаруында қалдыру – баршамызға ортақ міндет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім ретінде бағалайтынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, аталған ұйым жасанды интеллектіні басқарудың әмбебап халықаралық құрылымының негізін қалап, адамзаттың өсіп-өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзара тиімді серіктестік тетігіне айналуы тиіс.
Бүгін аудан басшысы Ардагерлер ұйымының, Қоғамдық кеңестің мүшелерімен және зиялы қауым өкілдерімен маңызды кездесу өткізді. Жиында Конституциялық реформалардың халық өміріне тигізер оң әсері, құқықтық мемлекет құру жолындағы жаңа қадамдар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омарұлы сөз алып, жаңа Ата Заңның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып:
«Жаңа Конституция — бұл ел бірлігі мен әділеттіліктің кепілі. Біз, ардагерлер қауымы, елдегі оң өзгерістерді толық қолдаймыз. Тәжірибеміз бен ақылымызды осы реформаларды халыққа, әсіресе жастарға дұрыс түсіндіруге жұмсауға дайынбыз. Елдің іргесі берік, болашағы жарқын болсын!», - деп атап өтті
Кездесу соңында ел ағалары ауданның қоғамдық - саяси өміріне белсене араласып, жаңа заң талаптарының жүзеге асуына бірлесе атсалысуға уағдаласты.
Бірлік пен келісім – біздің ортақ құндылығымыз!
Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары!
Біздің өңіріміз – түрлі этнос өкілдері ғасырлар бойы тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан құтты мекен. Біздің ортақ мақсатымыз – осы тыныштық пен өзара сыйластықты сақтау.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте түрлі қауесеттер мен жалған ақпараттар тез тарайды. Сіздерді парасаттылық танытып, тұрмыстық немесе жеке түсініспеушіліктерді этносаралық мәселеге айналдыруға жол бермеуге шақырамыз. Арандатушылардың сөзіне ермеңіздер!
Заң талаптарын қаперге саламыз:
• ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес, ешкімді ұлтына, тіліне, дініне немесе басқа да жағдайларға байланысты кемсітуге болмайды.
• ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін, оның ішінде әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Құрметті жерлестер, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер. Кез келген құқық бұзушылық немесе күдікті жағдай туындаса, бірден құқық қорғау органдарына (102) хабарласыңыздар.
Бірлігіміз бекем, еліміз аман болсын! Біздің күшіміз – бірлікте!
#ЖамбылОблысы #Бірлік #Татулық #Бейбітшілік #Тараз #ЗаңМенТәртіп
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 1-тармағын,
72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және
84-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова,
судьялар Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин,
Б.М. Нұрмұханов, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда
өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің
2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының
43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының
1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы
өтінішін қарады.
Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының
судьялары С.Ф. Ударцевті, Қ.Т. Жақыпбаевты және Қ.С. Мусинді тыңдап,
конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан
Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып,
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Қазақстан
Республикасы Конституциясының 73-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына
сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына
(бұдан әрі – Конституциялық Сот) 2026 жылғы 15 наурыздағы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 1-тармағын,
72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының
3-тармағын:
«лауазымын 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының
Конституциясына сәйкес атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы
15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы
1-тармағында, 72-бабы 2 және 3-тармақтарында, 83-бабы 1-тармағында, 84-бабы
3-тармағында көрсетілген қызметке сайлана ала ма не лауазымға тағайындала
ала ма?» деген сұраққа жауап беріп, ресми түсіндіру туралы өтініш жолдады.
Негізгі Заңның нормаларына талдау жасай келе, өтініш нысанасына
қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып,
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының
Конституциясы (бұдан әрі – Негізгі Заң, Конституция, қолданыстағы
Конституция) мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірін,
құқықтары мен бостандықтарын іске асыру және қорғау кепілдіктерін күшейте
отырып, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді көздейді.
Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы,
аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейтін конституциялық
құндылықтар санатына жатқызылды. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары,
Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары
конституциялық деңгейде бекітілді.
Қолданыстағы Конституция халық билігінің негіздерін нығайтты және
онда Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және
Егемендік иесі деп белгіленді (4-баптың 1-тармағы). Негізгі Заң бір палаталы
Парламент – Құрылтайды құру, Вице-Президент лауазымын енгізу, Үкіметтің
рөлі мен жауапкершілігін күшейту, Қазақстан Халық Кеңесін құру,
құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және құқық қорғау институттарының
тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды бекіту арқылы бірыңғай
мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу жүйесін жаңғыртты. Мемлекеттік билікті
монополияға айналдыруға жол бермейтін қосымша құқықтық құралдар енгізілді.
Азаматтардың тікелей ерік білдіруі арқылы ең жоғары заңды күшке ие
болған Негізгі Заң осылайша қоғам мен мемлекеттің одан әрі эволюциялық
дамуына құқықтық негіз қалады.
2. Қолданыстағы Конституция бір адамның тиісті лауазымды атқаруына
бір реттік өкілеттік мерзімді бекітеді.
Мәселен, 43-баптың 1-тармағында Конституцияға сәйкес бір адам
бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана
алмайды деп белгіленді.
Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Конституциялық Сот
Төрағасы немесе судьясы болып тағайындалмайды (72-баптың 2 және
3-тармақтары).
83-баптың 1-тармағында Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық
Жоғарғы Сот Төрағасы болып тағайындалмайды деп айқындалды.
Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Бас Прокурор болып
тағайындалмайды (84-баптың 3-тармағы).
Осы конституциялық ережелердің барлығында «Конституцияға сәйкес»
деген сөздер қолданылып, жоғарыда аталған қызметке сайлау
не лауазымға тағайындау мәселелері қолданыстағы Конституциямен және
оған қайшы келмейтін Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі
дегенді білдіреді.
Аталған конституциялық нормалардың мазмұнынан оларда белгіленген
шектеулер адамның тиісті қызметке алдыңғы сайлану не лауазымға алдыңғы
тағайындалу фактісімен дәл осы қолданыстағы Конституцияда және оның
негізінде қабылданған нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіпте
байланысты болатыны шығады.
Конституциялық Сот Конституция мемлекеттің 2026 жылғы 15 наурызда
республикалық референдумда тікелей халық қабылдаған және мемлекеттік
билікті ұйымдастырудың жаңартылған жүйесін бекіткен Негізгі Заңы болып
табылады дегенді негізге алады.
Конституцияның 43-бабының 1-тармағында, 72-бабының 2 және
3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және 84-бабының 3-тармағында
белгіленген шектеулер қолданылған жағдайда 1995 жылғы 30 тамыздағы
Қазақстан Республикасының Конституциясы (бұдан әрі – 1995 жылғы
Конституция) қолданыста болған кезеңде лауазымдарда болу мерзімдерін
немесе тиісті қызметке сайлау не лауазымға тағайындау фактілерін есепке алуды
көздейтін ережелерді Конституция қамтымайды.
Қазақстан Республикасы азаматтарының аталған лауазымдарды атқаруға
қатысты конституциялық құқығын шектеу екіұштылыққа апармай, нақты болып
бекітілуге тиіс және ол кеңінен түсіндіру арқылы белгіленбеуге тиіс.
Қолданыстағы Конституцияда 1995 жылғы Конституция қолданыста болған
кезеңдегі мерзімдерді немесе сайлау не тағайындау фактілерін есепке алу туралы
тікелей нұсқаудың көрсетілмеуі осы лауазымдарды атқарып жүрген адамдарға
тиісті шектеулердің қолданылу мүмкіндігін жоққа шығарады.
Демек, адамның аталған лауазымдардың бірін 1995 жылғы Конституцияға
сәйкес атқару фактісі Конституция күшіне енгеннен кейін оны тиісті қызметке
сайлауға не лауазымға тағайындауға Негізгі Заңда көзделген конституциялық құқықтық кедергі болып табылмайды.
Қолданыстағы Конституцияның 43-бабының 1-тармағында,
72-бабының 2 және 3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және
84-бабының 3-тармағында белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты
тұрғысынан конституциялық-құқықтық мағынада аталған лауазымдарды
атқаратын адамдар жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бірінші рет
сайланғанда не тағайындалғанда ғана маңызды болады.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы
Конституциясының 73-бабы 1-тармағының 6) тармақшасын, «Қазақстан
Республикасының Конституциялық Соты туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы
Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55 – 58-баптарын және
65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан
Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы
Конституциясының 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын,
83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық
нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан
Республикасының Конституциясына сәйкес атқарып жүрген адамдар
2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне
енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін
деп түсіну керек.
Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану
мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан
Республикасының Конституциясы күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке
сайлануы не лауазымға тағайындалуы Қазақстан Республикасының
Конституциясына сәйкес алғаш рет жүзеге асырылып отыр деп есептеледі.
2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді,
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті,
түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
3. Осы нормативтік қаулы заңдарды ресми жариялау құқығын алған
мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде
және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында
қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеуі
Құрметті отандастар!
Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз.
Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады.
15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық.
Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі.
Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.
Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз!
Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін!
Қазақстан Республикасы жасай берсін!
Халқымыз мәңгі жасасын!
t.me/aqorda_resmi
t.me/aqorda_resmi/33905
Жамбыл облысында егіс алқаптарын суаруға арналған 46 су алу ұңғымасын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жобаларының жүзеге асу барысымен танысты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Меркі ауданында министр облыстың суару каналдары, дренаж жүйелері мен гидротехникалық құрылыстарын реконструкциялауға бағытталған Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен жоба аясында жүргізіліп жатқан 46 су алу ұңғымасын қалпына келтіру жұмыстарының барысын көрді. Қазіргі уақытта Ойтал ауылдық округіндегі барлық 13 ұңғыма толық қалпына келтіріліп, іске қосылған. Ал Андас батыр ауылдық округінде 27 ұңғыма пайдалануға берілді. Осы айдың соңына дейін қалған 6 ұңғымаға сынақ жүргізу жоспарланып отыр. Бұл су алу ұңғымалары шамамен 2,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін каналдарды қосымша сумен толықтыруға арналған.
Бұдан кейін Нұржан Нұржігітов Шу ауданына барып, биыл басталған Сол жағалау және Оң жағалау магистральдық каналдарын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл нысандардың жалпы ұзындығы 88 шақырымнан асады. Қазіргі таңда каналдарда жер қазу және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Шу ауданындағы 18,1 мың гектар суармалы жерге су жеткізу сапасы жақсарады. Жұмыстар Ислам даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі аясында жүргізілуде. Сол жағалау және Оң жағалау магистральдық каналдарын реконструкциялау жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Шу ауданында министр сондай-ақ К-1 каналында болып, онда жүргізіліп жатқан дайындық және жер қазу жұмыстарымен танысты. Бұл нысанды реконструкциялау да Ислам даму банкімен бірлескен жоба аясында жүзеге асырылып жатыр.
Қордай ауданында Нұржан Нұржігітов ұзындығы 18 шақырым болатын «Благовещенский» каналын реконструкциялау жұмыстарын көрді. Нысандағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Сондай-ақ министр Шу өзені мен Георгиев магистральдық каналын байланыстыратын толықтырушы каналдағы контейнерлік сорғы станциясының жұмысымен танысты. Былтыр пайдалануға берілген бұл нысан Қайнар ауылындағы 3800 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Станцияның өткізу қуаты - секундына 1 текше метр су.
«Жамбыл облысындағы суармалы алқаптарды тұрақты сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ендігі міндет – барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету. Министрлік бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жамбыл облысында байланыс және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат – тұрғындарды сапалы байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету, интернет қолжетімділігін арттыру және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қазіргі таңда облыстағы 353 елді мекеннің 265-і немесе 75,1 пайызы 4G мобильді интернетімен қамтылған. Ал 48 елді мекенде 3G, 40 ауылда 2G байланысы жұмыс істейді.
Талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша да жұмыстар жалғасуда. Бүгінде облыстағы 357 елді мекеннің 189-ы немесе 50,9 пайызы талшықты интернетке қосылған. Қалған 168 елді мекенді кезең-кезеңімен қамту жоспарланып отыр.
Жамбыл облысы әкімдігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп бекіткен 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында интернет сапасын жақсарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 208 елді мекенде интернет сапасын 4G деңгейіне жеткізу көзделген болса, бүгінгі күнге дейін оның 152-сінде жұмыстар аяқталған.
Байланыс операторлары арасында ең ауқымды жұмыстарды «Кар-Тел» ЖШС жүргізуде. Компания жоспарланған 89 елді мекеннің 76-сында интернет сапасын жақсартқан. Ал «Кселл» АҚ 51 елді мекеннің 48-інде жұмыстарды аяқтаса, «Мобайл-Телеком Сервис» ЖШС 68 елді мекеннің 28-інде жобаны іске асырған.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде 76 жаңа базалық станция салынып, 102 базалық станция жаңғыртудан өтті. Бұл өз кезегінде байланыс сапасын арттырып, интернет жылдамдығын жақсартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар жолдардың бойында антенна-діңгек құрылғыларын салу көзделген. Жоба бойынша Шақпақата – Отар бағытында 7, ал Мойынқұм ауданындағы Хантау – Ақсүйек және Бурылбайтал – Қашқантеңіз бағыттарында 4 антенна-діңгек құрылысын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін бастау көзделуде.
Өңірде заманауи 5G технологиясын енгізу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Бүгінде «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС Тараз қаласында 61 базалық станцияны іске қосқан. Нәтижесінде облыс орталығының бірқатар шағынаудандары мен көшелерінде жаңа буындағы жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді бола бастады.
Мамандардың айтуынша, байланыс инфрақұрылымын дамыту өңір экономикасының цифрлануына, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне және тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына оң әсер етеді.