GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Бөлім туралы
Баспасөз орталығы
Все материалы
20 октября 2026
БАЙЗАҚТЫҚТАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ЮСУФ АШРАПОВТЫ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Байзақ ауданында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Юсуф Ашраповты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебінде ұйымдастырылған шараға аудан басшылығы, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар мен аудан тұрғындары қатысып, ел мерейін асқақтатқан чемпионға құрмет көрсетті.

Салтанатты жиында аудан әкімі Олжас Баққараев әлемдік додада топ жарып, Қазақстанның көк туын биікте желбіреткен Юсуф Ашраповты жеңісімен құттықтап, спортшыға арнайы сертификат табыстады. Сонымен қатар оның бапкері Абзал Түлеевке де аудан әкімінің атынан сертификат берілді.

Шара барысында спорт ардагері Әділхан Омаров пен чемпионның бапкері сөз сөйлеп, жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Қазақы дәстүрге сай әлем чемпионының ата-анасына да құрмет көрсетіліп, шапан жабылды.

Өз кезегінде Юсуф Ашрапов жеңісіне қуанып, арнайы қарсы алып, құрмет көрсеткен барша жерлестеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ спорттағы жетістігіне қолдау білдірген ата-анасына, бапкеріне және жанкүйерлеріне ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, Қазақстанның абыройын асқақтатуға күш салатынын атап өтті.

Мерекелік шараның тағы бір ерекше сәтінде ауыл кәсіпкерлері атынан чемпионға ат мінгізіліп, оның жеңісіне деген зор құрмет пен қолдау көрсетілді.

Юсуф Ашраповтың әлемдік аренадағы жетістігі – бүкіл Байзақ жұртының ортақ мақтанышы. Бұл жеңіс өскелең ұрпаққа жігер беріп, жас спортшыларды биік мақсаттарға ұмтылуға шабыттандырады. Жерлестері чемпионға алдағы жарыстарда толағай табыс тілеп, ел намысын абыроймен қорғауына сенім білдірді.

19 октября 2026
Жамбыл облысында ирригация каналдарын тазалау көрсеткіші екі есе артты

Жамбыл облысында ирригация каналдарын тазалау көрсеткіші екі есе артты
Шаруаларға суды тұрақты жеткізу үшін «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облыстық филиалы ирригация каналдарын механикалық әдіспен тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2026 жылы 77,3 шақырым каналды тазалау жоспарланған болатын. Алайда бүгінге дейін орындалған жұмыстардың нақты көлемі 160,3 шақырымға жетті. Бұл бастапқы жоспардың 207,4 пайызына тең.

Мұндай нәтижеге, соның ішінде «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының материалдық-техникалық базасын нығайтудың арқасында қол жеткізілді. Еске салайық, былтыр филиалға 55 арнайы техника берілген болатын. Бұл жұмыстардың өнімділігін арттыруға, сондай-ақ су шаруашылығы инфрақұрылымын күтіп ұстау және қалпына келтіру мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Қазсушар» РМК филиалдары жалпы ұзындығы 2043 шақырымнан астам каналды механикалық әдіспен тазалады. Жыл соңына дейін тағы шамамен 200 шақырым каналды тазалау жоспарланып отыр.

Осылайша, Қазақстанда каналдарды механикалық әдіспен тазалау қарқыны артып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы «Қазсушар» РМК филиалдары 1840 шақырым каналды тазалаған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1147,6 шақырым, 2023 жылы 678 шақырым болды.

«Каналдарды жаңғырту, су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу және техникалық паркті жаңарту суды тиімді пайдалануға әрі суармалы егіншілікті тұрақты дамытуға негіз қалайды. Суару инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасады. Жоспарланған жобаларды іске асыру су шаруашылығы нысандарын кезең-кезеңімен тиісті жағдайға келтіруге, сумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов.

15 октября 2026
Жамбыл облысында жедел жәрдем қызметіне 60 жаңа санитарлық автокөлік алынды


2026 жылдың сегіз айында Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылды. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа нысандардың құрылысы жалғасып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуді жақсартуға басымдық берілді. Сонымен қатар салада әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар.

Қазіргі таңда облыстың медициналық ұйымдарында 15 839 медицина қызметкері еңбек етеді. Соған қарамастан мемлекеттік медициналық ұйымдарда 100 дәрігерге қажеттілік бар. Оның 60-ы ауылдық елді мекендерге тиесілі.

Кадр тапшылығын азайту үшін жас мамандарды өңірге тарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл облысқа 287 жас маман бөлініп, оның 173-і ауылдық жерлерге бағытталды. Сегіз айда өңірге 135 медицина маманы жұмысқа келді. Жас мамандарға тұрғын үй, көтерме жәрдемақы және басқа да әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Мамандардың біліктілігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ. Жыл соңына дейін 4 553 медицина қызметкерін оқыту жоспарланған болса, бүгінде оның 2 552-сі оқытылды.

Саладағы тағы бір маңызды бағыт – медициналық инфрақұрылымды жаңарту. Биыл денсаулық сақтау саласындағы үш нысанның құрылысына 5,1 млрд теңге қарастырылған. Талас ауданындағы 200 төсектік орталық аудандық аурухананың құрылысы 95 пайызға орындалды. Шу қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінің құрылысы 45 пайызға жетті. Сонымен қатар бес нысандағы күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамту деңгейі 92,7 пайызды құрайды. Талас және Шу аудандарына екі ангиограф пен екі МРТ сатып алу жоспарланып отыр.

Медициналық көмекті ауыл тұрғындарына жақындату бағытында да жұмыс жүргізілуде. Облыстың 10 ауданында 10 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді. Екінші тоқсанда жоспарланған 297 елді мекеннің 153-і осы кешендердің қызметімен қамтылды. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Онкология және хирургия орталығына құны 1,1 млрд теңге болатын екі жылжымалы медициналық кешен берілді.

Денсаулық сақтау саласына цифрлық технологиялар да белсенді енгізіле бастады. Инсультті автоматты диагностикалауға арналған Cerebra жүйесі енгізілуде. Сонымен қатар Emdeu AI телемедициналық платформасы іске қосылды. Жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық базасын жаңарту мақсатында 60 санитарлық автокөлік сатып алынды.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты бақылауда. 2026 жылға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға 16,4 млрд теңгеге өтінім қалыптастырылды. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша медициналық ұйымдарға 11,4 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі мен медициналық бұйымдары жеткізілді.

Сонымен бірге халықтың медициналық ұйымдарға қатысты өтініштері мен шағымдары да саланың маңызды көрсеткіштерінің бірі болып отыр. Шағымдардың басым бөлігі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының, яғни емханалардың жұмысына қатысты. Осыған байланысты пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысы күшейтіліп, азаматтарды жеке қабылдау, медициналық ұйымдарға мониторинг жүргізу және халықпен кері байланысты жақсарту бойынша шаралар қолға алынды.

Осылайша, сегіз айдың қорытындысы денсаулық сақтау саласында бірқатар бағыт бойынша нақты жұмыстар атқарылғанын көрсетеді. Дегенмен 100 дәрігерге қажеттілік, оның ішінде ауылдық жерлердегі 60 маман тапшылығы, медициналық көмектің ауыл тұрғындары үшін қолжетімділігі және емханалардың жұмысына қатысты шағымдар әлі де өзекті.

Жыл соңына дейінгі негізгі міндет – кадр тапшылығын азайту, медициналық инфрақұрылымды жаңарту, ауылдағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және заманауи технологияларды кеңінен енгізу. Нәтижесінде басты назар көрсеткіштерге ғана емес, әр тұрғынның сапалы медициналық көмекті уақытылы алуына бағытталуы тиіс.

12 октября 2026
Жамбылда әлеуметтік әріптестікке арналған ІІ облыстық форум өтті

Жамбыл облысындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Қазақстан кәсіподақтары күні мен Мұғалімдер күніне орай білім саласындағы әлеуметтік әріптестердің «Әлеуметтік әріптестік: ортақ мүдде, ортақ жауапкершілік» атты ІІ облыстық форумы өтті, деп хабарлайды

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек қатынастарын жетілдіру және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты дамыту.

Форум аясында «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атынан кәсіподақ мүшелеріне алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды.

Марапаттау кезінде олардың білім беру саласын дамытуға, еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға қосқан үлестері атап өтілді.

Жиын әлеуметтік әріптестікті нығайтуға, білім беру ұйымдары мен кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және еңбек адамдарының еңбегін бағалауға бағытталды.

07 октября 2026
Ұстаз – ұлттың ұлы құндылығы!

Ауданда Ұстаздар күніне орай «Ұстаз – ұлттың ұлы құндылығы» атты салтанатты іс-шара өтті.

Ұстаз – жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, өмірлік бағыт-бағдар беретін маңызды тұлға. Мемлекет басшысының білім саласына айрықша мән беруі – ұстаз мәртебесін көтеру мен педагог еңбегін бағалаудың маңыздылығын айқындай түседі.

Салтанатты жиында ауданның білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген білікті педагогтер мен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. Еңбегімен ерекшеленген бірқатар ұстаздар арнайы марапаттарға ие болып, кәсіби қызметтегі жетістіктері атап өтілді.

Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Бүгінде аудан мектептерінде білім алып, түрлі салада ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың жетістіктерінде өз ісіне адал педагогтердің еңбегі мен тағылымы жатыр.

Ұстаздық – үлкен жауапкершілікті, ізденісті және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілікті талап ететін мәртебелі мамандық. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, білім беру саласының дамуына үлес қосып жүрген барлық ұстаздардың еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық.

Іс-шара барысында ұстаздарға зор құрмет көрсетіліп, олардың кәсіби қызметіне табыс, шығармашылық ізденіс және шәкірттерінің биік жетістіктері тілінді.

Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі мен ел алғысы сіздерге әрдайым қуаныш сыйласын!

17 сентября 2026
Жамбылдағы жасыл энергетика: табиғи әлеуеттен тұрақты энергияға дейін

Энергетика саласының тұрақтылығы – кез келген өңірдің экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Өнеркәсіптің өркендеуі, жаңа өндіріс орындарының ашылуы, халық санының өсуі мен тұрмыстық қажеттіліктің артуы электр энергиясына деген сұранысты жылдан-жылға көбейтіп келеді. Осындай жағдайда дәстүрлі энергия көздерімен қатар табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген жаңартылатын энергия көздерін дамыту өзектілігін арттыруда.

Бұл бағытта Жамбыл облысының әлеуеті жоғары. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде су электр стансаларының жиынтық қуаты – 24,4 мегаватт, жел электр стансалары – 275,65 мегаватт, ал күн электр стансаларының қуаты – 271,25 мегаватт. Бұл көрсеткіштер облыстың еліміздегі жаңартылатын энергетиканы дамыту ісінде өзіндік орны бар екенін көрсетеді.

Күн сәулесін кәдеге жаратқан өңір

Жамбыл облысында баламалы энергия көздерін игеру жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталған. Соның алғашқы мысалдарының бірі – Қордай ауданындағы «Отар» күн электр стансасы.

Отар елді мекенінің маңында 2014 жылы іске қосылған нысан өңірдегі күн энергетикасының дамуына жол ашқан жобалардың бірі болды. Бастапқы қуаты 504 киловатт болған стансаның құрылысына 200 миллион теңге инвестиция жұмсалған. Кейін жоба кеңейтіліп, бүгінде оның белгіленген қуаты 7 мегаватқа жеткен.

Стансаның тағы бір ерекшелігі – оның жалпы энергетикалық жүйеге қосылуы. Өндірілген электр энергиясы ортақ желіге беріліп, елдің біртұтас энергетикалық жүйесінің қажеттілігіне бағытталады.

Осылайша бір кездері тәжірибелік сипаттағы жоба ретінде басталған бастама бүгінде өңірдегі жаңартылатын энергия өндірісінің нақты мысалына айналды.

Жуалыдағы алып күн алаңы

Жамбыл өңіріндегі күн энергетикасының ауқымды жобаларының бірі Жуалы ауданында жүзеге асырылды. Мұнда орналасқан «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» күн электр стансаларының жалпы қуаты 100 мегаватты құрайды.

Жүздеген гектар аумақты алып жатқан күн панельдері кешені көлемі жағынан да, технологиялық мүмкіндігі жағынан да назар аударады. Бір ғана станса аумағында жүздеген мың күн панелі орнатылған. Жобаға қомақты инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарына шамамен 48 миллиард теңге бағытталған.

Мұндағы электр энергиясын өндіру процесі автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Панельдерден алынған энергия инверторлық станциялар арқылы жинақталып, одан әрі орталық жүйеге жөнелтіледі. Ал арнайы мониторинг жүйесі әрбір панельдің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді.

Күн энергетикасының тиімділігі ауа райына да байланысты. Бұлтты күндері өндірілетін қуат көлемі төмендегенімен, панельдердің жұмысына температураның жоғары немесе төмен болуы айтарлықтай кедергі келтірмейді. Сондықтан Жуалының табиғи-климаттық жағдайы мұндай жобаны жүзеге асыруға қолайлы аумақтардың бірі ретінде қарастырылған.

«Айша күн шуақ»: өндіріс қуатын ұлғайтуға бағытталған жоба

Жамбыл ауданында да күн энергиясын өндіруге бағытталған жоба табысты жұмыс істеп келеді. Айшабибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылының маңында орналасқан «Айша күн шуақ» стансасының қуаты – 50 мегаватт.

Жобаға 20,8 миллиард теңге инвестиция салынған. Жалпы аумағы 110 гектарды құрайтын стансада 100 мыңға жуық күн панелі орналастырылған. Өндірілген электр энергиясы мыңдаған тұрғын үй мен өндірістік нысандарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нысанда қолданылатын трекерлік технология күн панельдерінің күннің қозғалысына қарай бағытын өзгертіп отыруына мүмкіндік береді. Бұл күн сәулесін барынша тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Панельдердің екі жақты энергия қабылдау мүмкіндігі де өндіріс тиімділігін арттыратын технологиялық шешімдердің бірі.

Жоба мұнымен шектелмейді. Станса қуатын қосымша 20 мегаватқа арттыру жоспарланған. Осы мақсатта аудан аумағынан қосымша жер телімі қарастырылып, электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жобаның құны 7 миллиард теңге болатын бұл кезеңі де өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Шу ауданындағы энергетикалық әлеует

Баламалы энергия көздерін дамыту бағытында Шу ауданында да бірқатар жоба іске асырылуда.

Солардың бірі – қуаты 100 мегаватт болатын «ШУ-100 мегаватт» күн электр стансасы. Жоба француздық «Total Eren» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылған. Станса үшін Шу ауданының таңдалуына өңірдегі күн сәулесінің жоғары белсенділігі және өндірістік нысандардың болашақтағы электр энергиясына деген сұранысы себеп болған.

Жобаға шамамен 60 миллиард теңге инвестиция тартылған. Станса толық қуатында жұмыс істеген жағдайда өңірдегі электр энергиясына деген тапшылықты төмендетуге ықпал етпек.

Маңыздысы, мұнда өндірілген электр энергиясы Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне беріледі. Сонымен қатар стансада тұрақты жұмыс істейтін мамандарды жергілікті тұрғындар арасынан даярлау көзделген.

Күнмен қатар судың қуаты да пайдаланылуда

Жамбыл облысындағы жаңартылатын энергетика тек күн энергиясымен шектелмейді. Шу ауданында су энергетикасын пайдалануға бағытталған жобалар да жүзеге асырылуда.

Тасөткел су қоймасы маңында іске қосылған су электр стансасы электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған нысанның қуаты сағатына 2,2 мегаватты құрайды. Өндірілген электр энергиясын Қордай және Т.Рысқұлов аудандарының тұрғындары тұтынады.

Сонымен бірге инвестор тарапынан су электр стансасының екінші жобасы да жүзеге асырылған. Алдағы уақытта үшінші нысанның құрылысын бастау жоспары қарастырылған.

Бұл жобалар өңірдің табиғи ресурстарын тиімді пайдаланумен қатар, энергетикалық жүйені әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Жел энергетикасына да мүмкіндік мол

Өңірдің жаңартылатын энергетика бағыттарының қатарында жел энергиясы да бар. Шу ауданындағы Шоқпар ауылдық округінде жел электр стансасын салу жоспары қарастырылған.

Жобаның құны 71,5 миллиард теңгеден асады. Станса іске қосылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның энергетикалық әлеуеті одан әрі арта түспек. Жоба үшін 155,8 гектар жер телімі бөлінген.

Жамбылдың географиялық орналасуы мен табиғи ерекшеліктері күн және жел энергетикасын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жобалардың саны мен қуатын арттыру өңірдің энергетикалық тұрақтылығына әсер ететін факторлардың бірі болмақ.

Жасыл энергетика – экономиканың жаңа бағыты

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту тек электр энергиясын өндіру мәселесі емес. Оның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық маңызы қатар жүреді.

Жаңа энергетикалық нысандардың іске қосылуы инвестиция тартуға, құрылыс саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге дәстүрлі отын түрлеріне тәуелділікті төмендетіп, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға жағдай жасайды.

«Жасыл экономика» ұғымының негізгі мәні де осында. Яғни табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалана отырып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Мемлекет деңгейінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, экологиялық таза технологияларды енгізу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында міндеттер белгіленген.

Жамбыл облысында іске асырылып жатқан жобалар осы саясаттың өңірлік деңгейдегі нақты көрінісі деуге болады. Қордайдағы алғашқы күн стансасынан басталған жол бүгінде Жуалы, Жамбыл және Шу аудандарындағы ірі энергетикалық жобаларға ұласып отыр.

Бұл – өңірдің табиғи әлеуетін экономикалық ресурсқа айналдырып қана қоймай, болашақ энергетикасының негізін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс. Күн, жел және су энергиясын тиімді пайдалану арқылы Жамбыл облысы энергия өндірісін әртараптандыруға және тұрақты дамудың жаңа моделіне біртіндеп қадам басып келеді.

12 августа 2026
ТАЗАЛЫҚ ТАЗАЛАҒАН ЖЕРДЕ ЕМЕС, ТАЗА ҰСТАҒАН ЖЕРДЕ БОЛАДЫ

Басқа жерлердегідей ауданымызда да тазалық жұмыстары қызу қолға алынды. Әсіресе әр сенбі күні қай ауылдық округтерде болмасын ауылдың төңірегі, көше бойлары, әрбір үйдің маңайы тазалануда. Сондай-ақ қураған ағаштар ретке келтіріліп, қоқыстар сыртқа шығарылуда. Бірнеше жылдан бері ескерусіз қалған газ трубалары сырланып, ауылдарға рең беріле бастады. Әрбір ауылдың тазалығы аудан басшыларының назарында. Аудан әкімінен бастап орынбасарларыда бұл жұмыстарды жіті қадағалап, тазалыққа басымдық беруде.
Аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев өткен аптаның сенбісі күні Бәйтерек ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірдің бет-бейнесімен танысып қайтты. Сапар барысында Қуаныш Қалмаханұлы округке қарасты Базарбай, Көкбастау, Төрегелді, Тегістік ауылдарында болып, әрбір көше бойын жаяу аралап шықты.
Сөйтіп санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру, заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарын күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарына басымдық беруді тапсырды.
Әрбір елдімекеннің инфрақұрылымы, тазалығы және әлеуметтік жағдайы жіті тексерілді. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бағытында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ал оның орындалуына мерзім белгіленіп, қайта тексерілетіні қатаң ескертілді. Бұл ретте округ әкімі Қуаныш Жұмановқа тазалық жұмысына ауыл тұрғындарын ұйымдастыру тапсырылды. Төрт ауылдан тұратын округте тазалық жұмыстары сенбі күніне қарамастан қызу жүргізіле бастады.
“Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болады” демекші, ауыл тұрғындарының өз ауылдарын таза ұстағандары жөн. “Тазалық-денсаулық кепілі” екенінде естен шығарып алмайық.
Жұмыс сапары соңында аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Қалмаханұлы “Жұмыс көзбен көріп, қолмен атқарғанда ғана нәтижелі болмақ”,- деп атап өтті. Ал біздің бұған алып-қосарымыз жоқ.

10 августа 2026
Жамбыл облысында биыл 17,4 шақырым жылу желісі жаңартылуда

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Жиында өңірдің жылу инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік нысандардың әзірлігі, отын қорын қалыптастыру және жөндеу жұмыстарының орындалу деңгейі талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрсұлтан Исабеков баяндама жасады.

Бүгінде облыста 9 жылу-энергетикалық кешен мен 590 автономды қазандық жұмыс істейді. Олар 1 767 әлеуметтік нысан мен 1 855 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Алдағы жылыту маусымына дайындыққа жалпы 66,7 млрд теңге бөлініп, барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.

Жамбыл облысындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды. Қазіргі тозу деңгейі – 53 пайыз. Биыл 5,3 млрд теңге есебінен 17,4 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған.

Оның аясында Тараз қаласындағы ұзындығы 750 метр болатын М-3 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар Самал (7) шағынауданында 499 метр жылу желісін ауыстыру жұмыстарының орындалуы 70 пайызға, Алатау (8) шағынауданында 820 метр желіні жаңарту жұмыстары 65 пайызға жетті.

Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы ұзындығы 4,4 шақырым жылу желісін ауыстыруды көздейтін екі жоба іске асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі – 70 пайыз.

Сондай-ақ кәсіпорындардың қаражаты есебінен 8,7 шақырым жылу желісіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілуде. Қаратау қаласында облыстық бюджет есебінен 2,1 шақырым магистральдық жылу желісі жөнделіп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін жылу желілерінің тозу деңгейін 51 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Өңірде жылыту маусымына қажетті отын қорын қалыптастыру жұмыстары да жоспарлы жүргізілуде. Қазіргі таңда жылу-энергетика кешендерінде 20,1 мың тонна мазут пен 1,3 мың тонна көмірдің резервтік қоры жасақталған. Сонымен қатар Жаңатас қаласындағы қазандықта 2,1 мың тонна көмір қоры бар.

Алдағы жылыту маусымына жалпы 189,6 мың тонна көмір дайындау жоспарланған. Оның ішінде 55,5 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға, 134,1 мың тоннасы тұрғындарға жеткізіледі.

Аудандық коммуналдық кәсіпорындардың қарамағындағы білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін 365 автономды қазандықтың 141-і көмірмен жылытылады. Бұл нысандардың көмірге деген қажеттілігі 41,3 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта көмір жеткізу бойынша барлық келісімшарттар толық жасалған.

Кеңес барысында білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары да өз салалары бойынша жылыту маусымына дайындық туралы есеп берді.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жылыту маусымына дайындықты маусымдық шара ретінде емес, коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігі мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық міндет ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.

– Білім беру нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындығы – басты назардағы мәселелердің бірі. Барлық білім беру ұйымында қазандықтар, жылу жүйелері мен инженерлік желілердің техникалық дайындығы толық қамтамасыз етілуі тиіс. Анықталған кемшіліктер уақытылы жойылып, жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуы керек. Қатты отынмен жылытылатын нысандар бойынша көмір қоры алдын ала жасақталып, оның жеткізілуі мен нақты көлемі тұрақты бақылауда болуы тиіс. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық білім беру ұйымдары жылыту маусымына толық әрі қауіпсіз дайын болуы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар өңір басшысы жауапты сала басшыларына әлеуметтік нысандардың дайындық паспорттарын белгіленген мерзімде рәсімдеуді, елді мекендердің жылумен жабдықтау схемаларын әзірлеу және бекіту жұмыстарын аяқтауды, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды қажетті көлемде көмірмен және өзге де отын түрлерімен толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша аймақ басшысы жылу көздері, қазандықтар мен жылу желілерінде жүргізіліп жатқан жөндеу және жаңғырту жұмыстарын бекітілген кестеден кешіктірмей аяқтап, алдағы жылыту маусымына барлық нысанның толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

06 августа 2026
ЖАЛПЫ АУДАНДЫҚ СЕНБІЛІК

Өткен аптаның сенбісінде “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында аудан орталығындағы Демалыс саябағында жалпы аудандық сенбілік өтті.
Сенбілікке аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, аудан орталығы мен елдімекендерде тазалықтың сақталуына қоғамдық жұмысшылар ерен еңбек сіңіріп жүргендігін, олардың еңбегін бағалау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау-бәрімізге ортақ міндет екендігін атап өтті. Сонымен қатар әрбір ауылдық округтерде болып, тәртіп пен тазалықтың барысы сараланып жатқандығын, әрбір тұрғын өзі тұратын үйдің ауласына, қоршаған ортасына жауапкершілікпен қарап, тазалық талаптарының сақталуына үлестерін қосуы маңызды екендігін жеткізді. Аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында соңғы жылдары өткізіліп жатқан іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Айтулы сенбілікке сала орынбасарлары, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекеме, кәсіпорын басшылары, аудандық ардагерлер, Қоғамдық және аналар кеңестерінің мүшелері және жастар қатысып, саябақ аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда саябақ іші жабайы шөптер мен қураған ағаш бұтақтарынан тазартылды.
-Табиғатты аялау-қоғамдық құндылық. Туған жердің тазалығы-әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстар тек сенбіліктермен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Тұрғындар жүрген жерлерінде тазалықты сақтап, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орынға шығаруды әдетке айналдырса нұр үстіне нұр болар еді,-дейді қатысушылар.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы өз жемісін беруде. Негізінен бұл акция қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен серпін беруде. Бұл игі істі Президенттің өзі бастап, қолдау білдіруі де акцияның халық арасында кең таралуына ықпал еткенін айта кеткен абзал.
Дана халқымыз тазалыққа аса мән берген. Туған жердің тазалығы мен көркі – қоғамның мәдениеті мен азаматтардың жауапкершілігін көрсетеді. Әрбір таза көше, абаттандырылған аула, көгалдандырылған саябақ пен күтімі жақсы қоғамдық орын-тұрғындардың туған өлкесіне деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі деп санаймыз. Сондықтан мұндай іс-шаралар барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылып, өткізілетін болса, аймағымыз көріктене түсетін болады,-деді ақжаулықты аналар.
Шындығында да кейінгі жылдары қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, тазалықты сақтауға, ортақ үйлесімге үлес қосуға ынталы азаматтар қатары көбейіп келеді. Тәртіп пен құрмет орныққан жерде немқұрайдылыққа орын болмайды. Конституцияның басты кіріспесінің ішіндегі 11 қағидаттың біреуі - жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар басқа баптарда қоршаған ортаның тазалығы, адам денсаулығын қамтамасыз ету мәселелері нақты жазылған. Сондықтан жайлы, қауіпсіз, таза ортаны қалыптастыру ісі-баршамызға ортақ міндет екендігін ұмытпайық.

03 августа 2026
27 АДАМҒА ЖОЛДАМА БЕРІЛДІ

Өткен аптада Сарыкемер ауылындағы Ақәділ Суханбаев атындағы орталық саябағында Бос жұмыс орындары бойынша жәрмеңке өтті.
Жәрмеңкеге пробация қызметі есебінде тіркеуде тұрған, алимент бойынша берешегі бар жұмыссыз борышкерлерге және NEET санатындағы жастарға арналған бос жұмыс орындары ұсынылды.
Айтулы іс-шараға аудан әкімі О.Баққараев және аудан әкімінің орынбасары Р.Қасымов, аудан прокуратурасы, жеке сот орындаушылары, пробация бөлімі, аудандық емхана, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және жұмыс берушілер басшылары және өкілдері қатысты.
Жұмыс беруші тараппен бірлесе отырып, жәрмеңкеге қатысушы азаматтарға жұмысқа орналасуына жәрдем беру туралы мәселе қарастырылды. Жалпы, жәрмеңкеге 270-тен астам жұмыс іздеушілер қатысып, барлығы жұмыс берушілермен әңгімелесуге жіберілді.
Жәрмеңкеде 20-ға жуық мекемеден түскен 60 бос жұмыс орындары ұсынылды. Олардың қатарында ауданымыздағы ірі кәсіпорындар «Алель Агро» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалы», «Әулие-Ата Феникс» ЖШС, «AQTAS GROUP» ЖШС-і қатысып өздерінің бос жұмыс орындарымен таныстырды.
Бос жұмыс орындары келесі салалар бойынша ұсынылды: олар дене шынықтыру мұғалімі, тәрбиеші, логопед, аспаз, санитар әйел, тракторшы, инструктор-дезинфектор, механик, энергетик, инженер КИПиА, ветеринар және басқа да жұмысшы мамандықтар.
Нәтижесінде 27 адам тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама берілді. Сонымен қатар мекеме басшылары, кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіліп алдағы уақытта 21 адамның жұмыспен қамтылуы қарастырылуда. Қалған жұмыссыз азаматтарға консультациялық кеңестер берілді.
Жұмысқа тұруға жолдама алған аудан азаматтары өздеріне жұмыс тауып бергені үшін аталған жәрмеңкені ұйымдастырған мекеме басшыларына алғыстарын білдірді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы