Бизнеске арналған AI-навигатор
Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі» пилоттық жобасын іске қосты. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінде хабарлады.
Бұл – нормативтік құқықтық актілерден алынған бизнеске қойылатын барлық талаптарды бір жерге жинақтауға, кейін олардың нақты қызмет түріне қатыстысын анықтауға көмектесетін жасанды интеллект негізіндегі жүйе.
Белгілі болғандай, бүгінде бизнеске қойылатын талаптар заңдарда, кодекстерде, қаулылар мен ведомстволық бұйрықтарда қамтылған көптеген нормативтік құқықтық актілерде белгіленген. Бір ақпарат бірнеше құжатта қатар қайталануы мүмкін, ал нормалар үнемі өзгеріп отырады. Соның салдарынан кәсіпкерге нақты өз жағдайында қандай талаптарды сақтау қажет екенін анықтау қиынға соғады.
Жобаның негізгі міндеті – бұл процесті барынша қарапайым әрі түсінікті ету. Жасанды интеллектті қолданатын Тізілім қажетті талаптарды бір жерге жинақтап, кәсіпкерге қандай әрекеттерді орындау керектігін, оларды қандай мерзімде жүзеге асыру қажет екенін және орындалғанын қалай растауға болатынын кезең-кезеңімен көрсетеді. Бұл бизнеске заңнамада жылдамырақ бағдар алуға және негізгі қызметіне назар аударуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін талдап, қажетті нақты ақпаратты бөліп көрсетеді. Жүйе заңнаманы жылдам өңдеп, міндеттерді құрылымдайды. Сонымен бірге барлық жұмысты міндетті түрде адам қайта тексеріп, бекітеді. Жүйе енгізілген барлық өзгерістердің тарихын сақтайды және күнделікті қайталанатын процестерге кететін уақытты айтарлықтай үнемдейді.
Тізілім кәсіпкер үшін заңнама талаптары бойынша навигаторға айналады. Пайдаланушыға ЭҚЖЖ бойынша қызмет түрін таңдап, БСН-ды, саланы немесе тиісті сценарийді көрсету және бірнеше сұраққа жауап беру жеткілікті. Осыдан кейін жүйе нақты қызмет түрін ескере отырып, жеке профиль қалыптастырады.
Профильде қажетті рұқсат беру құжаттары, оларға eGov.kz және eLicense.kz арқылы сілтемелер, бизнестің әртүрлі жұмыс кезеңдеріндегі талаптар, сондай-ақ тиісті реттеу салаларындағы жалпы міндеттер көрсетіледі.
Қалыптастырылған профиль негізінде кәсіпкер PDF форматында анықтамалық қорытынды ала алады. Ол тілдік модельді пайдалана отырып, тек профильге енгізілген нормалар негізінде дайындалады. Осылайша бизнес қажетті ақпаратты іздеуге кететін уақытты қысқартып, өз ісін бастау немесе дамыту үшін қажетті рұқсаттар мен міндеттемелерді жылдамырақ анықтай алады.
Сонымен қатар AI-навигатор заңнамадағы өзгерістерді қадағалап отырады. Нормативтік құқықтық актінің жаңа редакциясы пайда болған кезде жүйе қандай нормалардың қосылғанын, өзгертілгенін немесе алып тасталғанын көрсетеді.
Мемлекет үшін Тізілім бизнеске түсетін реттеушілік жүктемені талдау құралына айналуы тиіс. Жүйе әртүрлі нормативтік құқықтық актілерде қайталанатын талаптарды, сондай-ақ олардың арасындағы ықтимал қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол құжаттарды қайта қарау мерзімдерін қадағалап, тиісті жұмысты жүргізу қажеттілігі туралы жауапты мемлекеттік органдарға алдын ала хабарлайды.
Алдағы уақытта Тізілімді басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және цифрлық сервистермен интеграциялау жоспарланып отыр. Бұл бірыңғай цифрлық экожүйе құруға мүмкіндік береді.