«Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ 2021 жылға арналған есебі  

Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру «Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басты міндеті болып табылады.

2021 жылы жұмыс кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерді іске асыруға, қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне және агроөнеркәсіптік кешенге мемлекеттік қолдау көрсетуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруға бағытталды.

Ішкі және сыртқы нарықтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау үшін ай сайын кәсіпкерлікті қолдау картасы жобаларының және картадан тыс жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізілді, қаланың индустриялық секторының дамуына жүйелі талдау жүзеге асырылды, кәсіпорындардың бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын тартуына жәрдем көрсетілді, қала кәсіпорындарымен кездесулерде және жиналыстарда проблемалық мәселелер қаралды.

Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту, сондай-ақ сауда мен қызметтердің жаңа объектілерін ашу есебінен біздің қаламызда 611 жаңа жұмыс орны құрылды.

Инвесторларды тарту үшін бөлімнің ресми интернет-ресурсында тоқтап тұрған өндірістік алаңдар туралы ақпараттар орналастырылған.

Жыл бойы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының Саран қаласындағы филиалымен бірлесіп бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Карантиндік шектеулер жағдайында бизнес-қауымдастықпен кездесулер мен семинарлар zoom-конференция режимінде, сондай-ақ интернет-ресурстарда, қалалық LED-экранда, газетте ақпарат орналастыру арқылы жүзеге асырылды. 2021 жылы 4 конференция өткізілді және бұл формат өзінің оң жақтарын көрсетті – жиналысқа қатысушылар конференцияға кез келген жерден қосылуға мүмкіндік алды. «Адал Көмек» жобасы шеңберінде «Инстаграм» әлеуметтік желісінде тікелей эфирлер өткізу практикасы жалғасын тапты, оның ішінде 4 тікелей эфир бизнесті мемлекеттік қолдау шараларына қатысты болды.

Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы жалпы сомасы 4 миллиард теңгеден асатын 22 жоба қолдауға ие болды. Бұл шаралар жабдықтарды сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға, жүктемені қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаржылық жүктемені оңтайландыруға және нақты сектор мен сауда саласы кәсіпорындарының жобаларын тиімді іске асыру үшін кәсіпорындарды кепілдікті қамтамасыз етуді арттыруға мүмкіндік берді.

«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бойынша отандық кәсіпорындарға қолжетімді кредит берудің ерекше шарттары мен тетігі айқындалды.

Осындай қолдау шарасын есепті жылы қаланың өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары пайдаланып, жаңа жабдықтар сатып алып, айналым қаражатын толтырды, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Бизнеске қатысты заңнамалық актілердегі өзгерістер туралы кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді уақтылы хабардар етудің маңызы зор, бұл аспект коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты шектеу шараларының қолданыстағы режимі жағдайында ерекше өзектілікке ие болды.

Бөлімнің басым міндеттерінің бірі - қала аумағында жайлы бизнес-климат құру. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына әлеуметтік желілер, телефон нөмірлері арқылы бөлімге өтініш білдіру мүмкіндігі берілді, сондай-ақ танымал мессенджерлерде топтар құрылды, онда кәсіпкерлер 24/7 қолжетімділік режимінде өздерін қызықтырған мәселелермен жүгіне алады.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, оның шеңберінде есепті жылы микрокредит беру бойынша жалпы сомасы 9,3 млн.теңгеге 2 жоба мақұлданды, бұл бизнеске жабдықтар мен техниканы сатып алуға мүмкіндік берді.

Ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғастырылды.

Оның шеңберінде АӨК субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын алуға жәрдем көрсетілді, инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторинг жасалды, тоқтап тұрған өндірістік алаңдарды қайта құру, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын жүктеу және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша жәрдемдесу жұмыстары жүзеге асырылды. 2021 жылы аталған саладағы кәсіпорын инвестициялық шығындарды өтеу түрінде қолдау алды, бұл біздің өңірге АӨК 46,6 миллион теңге сомасында инвестициялар тартуға мүмкіндік берді.

Бірінші қажеттілік өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында инфляциялық процестерді тежеу жөніндегі қалалық іс-шаралар жоспары іске асырылуда.

Әкімнің өкімімен инфляциялық үдерістерді тежеу жөніндегі қалалық штаб құрылды, оның құрамына қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік кірістер және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ мүдделі қоғамдастық, БАҚ өкілдері және саудамен айналысатын кәсіпкерлер кірді. Штаб мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, азық-түлік емес тауарларға, дәрі-дәрмектерге және ақылы қызметтерге баға мониторингін жүзеге асырады. Бағаны көтерудің анықталған фактілері штаб отырыстарында қаралады.

Тауар интервенциясын жүргізу шеңберінде облыстың тұрақтандыру қорынан 2500 литр күнбағыс майы, 70 мың дана тауық жұмыртқасы белгіленген бағамен, 4 тонна көкөніс өнімі әкелінді, қаланың наубайханаларына Азық-түлік корпорациясы қорынан «әлеуметтік» нан өндіру үшін 391,5 тонна көлемінде ұн жеткізуге қолдау көрсетілді.

Кәсіпкерлермен «әлеуметтік сөрелерді» әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толтыру бойынша жұмыс ұйымдастырылды, 2021 жылы сауда объектілерінде қосымша 32 әлеуметтік сөре ұйымдастырылды. 

Бағаны ұстап тұру бойынша жедел шаралар қабылдау үшін тұрғындардың бағаны негізсіз көтеру фактілері бойынша өтініштерін қабылдау үшін «жедел желі» іске қосылған.

2021 жылы карантин жағдайында 4 «Ауыл Береке» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өткізілді, демалыс күндері Қарағанды облысының жергілікті тауар өндірушілерінің қатысуымен коммуналдық павильон аумағында сауданы ұйымдастыру практикасы жалғастырылды.

Бөлім қызметінің маңызды бағыты халықпен жұмыс жүргізу болып табылады.

Тұрақты негізде бизнесті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларының барлық тетіктері мен құралдарын түсіндіру бойынша, сондай-ақ бөлімнің құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша, оның ішінде қашықтан қол жеткізу режимінде азаматтарды қабылдау ұйымдастырылған.

Қалада бизнесті одан әрі дамыту перспективаларын анықтау мақсатында бизнес–қоғамдастықпен өзара іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізілді.

Қала әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Сараптамалық кеңестің қызметі шеңберінде есепті жылы бизнес мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерге 8 сараптама жүргізілді.

Бизнестің өзекті мәселелерін шешу үшін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кеңес өз қызметін жалғастыруда. Есепті жылы кеңестің 4 отырысы өткізілді.

2021 жылы қала тұрғындарына техникалық инспекция саласында 201 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде электрондық түрде 199 мемлекеттік қызмет көрсетілді немесе көрсетілген қызметтердің жалпы санының 99% құрайды. Қызмет алушылардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттануын арттыру үшін мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпарат бөлімнің веб-сайтында және әлеуметтік желілердегі бөлімнің ресми аккаунттарында орналастырылған.

Есептік кезеңде азаматтардың өтініштерімен жұмыс шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың 15 өтініші қаралды.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін 2022 жылы бөлім салалық бағдарламаларды іске асыру, оның ішінде индустрияландырудың үшінші бесжылдығы шеңберінде индустриялық-инновациялық дамыту, инвестициялар тартуды ынталандыру, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының кешенін іске асыру және бизнес жүргізудің жеңілдігін жақсарту, сондай-ақ инфляциялық процестерді тежеу және инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу жөніндегі жұмыстарды жалғастыратын болады.

 

«Саран қаласының кәсіпкерлік және

ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ басшысы                                            Д. Арнешев

Дата публикации
15 февраля 2022