2023 жылдың 1 қарашасында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы «Орта білім беретін үздік ұйым – 2023» облыстық байқауының жеңімпазы ШҚО ББ Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «№ 49 жалпы білім беретін мектебі» КММ озық тәжірибесін тарату мақсатында «Педагогикалық менеджмент және көшбасшылық» атты семинар өткізді.
Аталған іс-шараға 30 жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен директорлардың орынбасарлары қатысты.
Семинар барысында мектеп директоры А.Ч. Кадирова мектепте атқарылып жатқан жұмыс бағыттарымен, оқу-тәрбие процесіндегі жетістіктермен таныстырды. Мектеп педагогтерінің кәсіби деңгейін көтеруде «Мектеп командасы», «Сабақты зерттеу», «Цифрлық технологиялар», мектепаралық қоғамдастық бағытындағы іс-шаралар көрсетілді. Мектептің қоғамдастық жетекшілері «Жас сарбаз», «Асыл мұра» сынып оқушыларының өнерлерімен, оқушылардың ғылыми жұмыстарының нәтижелерімен, «Оқуға құштар мектеп» жобасымен және спорттық үйірмелердегі оқушы жетістіктерімен таныстырды.
Мектеп педагогтері білім беру платформаларын өз сабақтарында қолдану арқылы білім сапасын көтерудің жолдарын көрсетіп, мектептегі сабақты зерттеу Lesson Study жұмысының қарқынды жүріп жатқанын баяндап іс-тәжірибеcімен алмасты.
Семинар қорытындысында ұйымдастырылған кері байланыста қатысушылар семинардың өте тиімді екенін және өздеріне қажет ақпаратты алғандарын атап, ризашылықтарын білдірді.