Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова 2022-2023 оқу жылының аяқталуы туралы

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова 2022-2023 оқу жылының аяқталуы туралы
18 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім мекемелері биылғы оқу жылын аяқтауға әзірлік үстінде.
Осы жылы 288 мыңнан астам түлек 9-сыныптарды аяқтайды. 11-сыныптарды барлық меншік түріндегі мектептер бойынша 172 мыңнан астам түлек бітіреді.
ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 2023 жылдың 31 мамырында аяқталады.
31 мамыр- оқу жылының соңғы оқу күні. Бұл күні барлық мектептер бекітілген кестеге сәйкес сабақтарын жүргізеді. Сабақ соңында әрбір сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Сынып сағаттарының сценарийлерін мұғалімдер әр сыныптың жас ерекшеліктерін ескере отырып, дербес әзірлейді.
Сынып сағатының мақсаты – оқу жылын қорытындылау, 90 күнге созылатын жазғы демалыс кезеңіне балаларды әзірлеу.
Дәстүр бойынша мұғалім сынып сағатында оқу үшін әдебиеттер тізімін, сондай-ақ қарауға фильмдер тізімін ұсынады. Қауіпсіздік шараларын, алдын ала жоспарланып ұйымдастырылған демалыстың артықшылықтарын, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың тиімділігін, еңбек етудің пайдасын, ата-анаға, ата-әжелеріне көмектесудің қажеттілігін айтады.
Сынып сағатының мазмұнды бір бөлігі патриотизм, отанды сүю, достық, татулық, ел тарихына, саяси репрессия мен аштық құрбандарының есімдеріне құрмет таныту тақырыптарына бағытталады.
Мектептер салтанатты шара өткізу, немесе оқу жылын сынып сағаттарымен аяқтау жөнінде шешімді дербес ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңеспен ақылдаса отырып қабылдайды. Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеде мектептерде бар дәстүрлерді қолдайды. Сонымен қатар, министрліктің нормативтік құқықтық құжаттарында мұндай шаралар бұрын болмаған және қазір де жоқ екенін атап өтемін.
9-сынып бітірушілері үшін қорытынды мектеп бітіру емтихандары 2 маусым мен 13 маусым аралығында өтеді. Ал 11-сынып бітірушілері үшін мемлекеттік емтихандар 5 маусым мен 19 маусым аралығында болады.
Жалпы орта білім беру туралы аттестатты 11-сынып түлектеріне тапсыру салтанатын өз мектептерінің қабырғасында 20-22 маусымда өткізуді ұсынамыз.
Атап өтсем деймін, сынып сағаттарын, салтанатты линейкалар, аттестат тапсыру шараларын өткізген кезде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге, аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды шақыруға, мектеп әкімшілігіне, педагогтарға сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынады.
Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары бойынша қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жалғасады. Колледждерді биыл 144 мыңнан астам түлек аяқтайды. Дипломдарды тапсыру салтанатын 28 маусым мен 1 шілде аралығында өткізу ұсынылды.