GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
20 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ 120-ДАН АСТАМ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ
Түркістан облысында 25 қазан – Республика күніне орай 120-дан астам іс-шара ұйымдастырылады. Атап айтқанда, 23 қазан күні Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Қыран елім – Қазақстаным» салтанатты іс-шарасы өтеді. Сондай-ақ, 80 орындық Шейх Мұхаммед бин Заид Әл Нахаян атындағы перзентхана ашылып, «Жайнай бер, Түркістан!» мерекелік гала-концерті өтеді. Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Қазақстан Республикасы: Егеменді даму және жаңғыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.
24 қазан күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Turkistan Marathon – 2026» халықаралық марафонына қатысатын отандық және шетелдік спортшылардың қатысуымен ағаш отырғызу іс-шарасы өтеді. Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Қазақстан мемлекеттілігі: тарихи сабақтастық, конституциялық құндылықтар және жастар жауапкершілігі» тақырыбында студенттердің ғылыми конференциясы ұйымдастырылады.
25 қазан күні Сарыағаш қаласындағы жаңғыртудан өткен орталық стадион пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Түркістан қаласында «Turkistan Marathon – 2026» бұқаралық марафондық жүгіруі және ҚР Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтеді. Мерекелік іс-шаралардың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік рухты нығайту және өңір тұрғындарының қоғамдық белсенділігін арттыру.
20 октября 2026
ТҮРКІСТАНДА «ҚҰТҚАРУШЫЛАР АЛЛЕЯСЫ» АШЫЛДЫ
19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Түркістан қаласында «Құтқарушылар аллеясының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа аллея – адам өмірін сақтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушыларға көрсетілген құрметтің белгісі.
Мерекелік жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Бағдат Чайзада, департамент ардагерлер ұйымының төрағасы Сұлтанғали Смайлов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы мен қала әкімі құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбегіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, кәсіби міндетін мінсіз атқарып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкер мен сала ардагерін марапаттады.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасында 150 қызметкер еңбек етеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жұмыстарына 30 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Жаңа аллея құтқарушылардың қоғам алдындағы еңбегін дәріптейтін, ерлік пен жауапкершіліктің мәнін айшықтайтын орынға айналмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 октября 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырды
Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді.
– «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.
– Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.
19 октября 2026
ТҮРКІСТАНДА ҚҰТҚАРУШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде 19 қазан – Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сала мамандары мен ардагерлері, құтқарушылар қатысты. Алдымен арнайы техникалар көрмесімен танысқан облыс әкімі мерекелік жиында төтенше жағдайлардың алдын алу мен оның салдарын жою жолында қызмет етіп жүрген құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Құрметті азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Құтқарушы болу – адам өмірін бәрінен биік қоятын, батылдықты, жоғары кәсібилік пен темірдей тәртіпті талап ететін абыройлы қызмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және халықты қорғау жүйесін жетілдіруге айрықша мән беріп келеді. Осы стратегиялық міндетті іске асыру мақсатында өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы 2 жылда облыстағы өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд.теңгеден астам қаржы қарастырылды. Сіздер күн сайын қызметтік міндеттеріңізді орындау барысында батылдық пен табандылықтың, кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер. Ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деген Нұралхан Көшеров қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар сала қызметкерін марапаттады.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Бағдат Чайзада да сала мамандарының жауапты қызметіне тоқталып, марапаттар тапсырды.
Мереке концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар патриоттық әндер орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, Түркістан облысында салаға тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Өрт сөндіру қызметін күшейту мақсатында 36 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Бұдан бөлек «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында 16 өрт сөндіру бекеті ашылды. Сонымен қатар Ораңғай ауылында және Ленгір қаласында өрт сөндіру бөлімдері іске қосылды. Жыл басынан бері өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелеріне 16 мыңнан астам шақырту түсіп, облыс құтқарушылары 139 адамды құтқарған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 октября 2026
ТҮРКІСТАН: ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІ — ГИННЕС РЕКОРДЫНА ЕНГЕН HACKALEM AI 2026 ХАКАТОНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің YASAWI STARTUP бағдарламасының резиденттері HackAlem AI 2026 халықаралық хакатонында Communication (коммуникация) бағыты бойынша І орын иеленді. Қатысушылар саны бойынша әлемдік рекорд орнатқан халықаралық дода Guinness World Records рекордтар кітабына енді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен хакатон жасанды интеллект технологияларын дамытуға, инновациялық жобаларды қолдауға және жастардың технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.
🔹Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, елімізде жасанды интеллект технологияларын дамытуға, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге және инновациялық жобаларды қолдауға басымдық берді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі — Астана қаласында ұйымдастырылған HackAlem AI 2026 халықаралық хакатоны.
🔹Іс-шараның негізгі мақсаты — технологиялық идеяларды тәжірибелік жобаларға айналдыру, жас мамандардың әлеуетін ашу және Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамыту.
🔹 Қыркүйек айында басталған хакатонның финалдық кезеңінің нәтижелері бүгін жарияланды. Осы қорытынды бойынша YASAWI STARTUP командасы Communication бағыты бойынша жеңімпаз атанды.
🔹Хакатонды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Silkroad Innovation Hub, Blockchain & AI Technology Center және басқа да серіктестер ұйымдастырды. OpenAI компаниясы да іс-шараның серіктестері қатарынан табылды.
🔹HackAlem AI 2026 халықаралық хакатонына барлығы 1 066 жоба қатысып, олардың ішінен 60 жоба финалдық кезеңге жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша 12 бағыттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Хакатонның жалпы жүлде қоры 220 000 АҚШ долларын құрады.
Айта кетейік, аталған хакатон қатысушылар саны бойынша әлемдік рекорд орнатып, Guinness World Records рекордтар кітабына енді. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, рекордтың ресми есебіне 2 415 қатысушы енгізілген.
🔹HackAlem AI 2026 аясында қатысушылар энергетика, қаржы, басқару, телекоммуникация, логистика, креативті индустриялар, білім беру, инновациялар, коммуникация және сауда бағыттары бойынша жасанды интеллект шешімдерін әзірледі. Бұл бастама жастардың технологиялық құзыреттерін дамытуға, стартап-жобаларды ілгерілетуге және инновациялық идеяларды нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік береді.
Университеттің Коммерцияландыру офисінің ұйымдастыруымен халықаралық хакатонға қатысқан YASAWI STARTUP командасы Communication бағыты бойынша үздік нәтиже көрсетті.
✨Жеңімпаз команда құрамында:
🔸Абдулханов Ислам — Инженерия факультетінің түлегі;
🔸Сайдуллаева Рухшона — Экономика факультетінің студенті;
🔸Әуезханова Дилара — Филология факультетінің студенті.
🔺Командаға әдістемелік қолдау көрсетіп, жетекшілік жасаған — Тастанбеков Абылайхан.
🔹Бұл жетістік университетте стартап-жобаларды қолдау, студенттер мен жас түлектердің кәсіпкерлік әлеуетін дамыту және инновациялық идеяларды коммерцияландыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Сонымен қатар жастардың жасанды интеллект саласындағы әлеуетін ашып, отандық инновациялық экожүйенің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
19 октября 2026
КЕНТАУДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙДЕГІ ӨРТТІҢ САЛДАРЫН ЖОЮ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
 
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Кентау қаласындағы Төле би көшесінде орналасқан тұрғын үйде болған өрт оқиғасынан кейін тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында пәтер иелерінің жағдайы талқыланып, оларды қажетті қолдау шаралары қарастырылды.
Бүгін қаладағы үш қабатты, 14 пәтерлі тұрғын үйдің шатырынан өрт шықты. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері үш минут ішінде жетіп, төтенше жағдайлар қызметінің күштерімен 32 адам, оның ішінде 7 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Өрт 250 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнына облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов және тиісті қызметтердің өкілдері барып, қалыптасқан жағдаймен танысты. Тұрғындармен жүздесу барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туындаған мәселелерді шешу және қажетті көмек көрсету мәселелеріне назар аударылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт салдарынан жоғарғы қабаттағы пәтерлер зардап шеккен. Қазіргі таңда келтірілген материалдық шығын көлемі есептеліп, өрттің шығу себептері анықталуда.
Тұрғындарға қолдау көрсету бойынша жергілікті атқарушы органдар мен тиісті қызметтер бірлесіп жұмыс жүргізуде. Жағдай облыс басшылығының бақылауында. Зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсету шаралары жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСҚАН «АСАРЛАТУ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ
 
Бүгін Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Асарлату» экологиялық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Бастаманың негізгі мақсаты – арық-атыздар мен суару каналдарын қоқыстан тазарту, су арналарының кедергісіз ағып өтуін қамтамасыз ету, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, ұлттық құндылығымыз – асар дәстүрі арқылы халықты ортақ іске жұмылдырып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу, бірлік пен ынтымақты нығайту көзделді.
Тазалық жұмыстарына 50 283 адам қатысып, тазалық жұмыстарына 249 бірлік техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 384,5 тонна қоқыс шығарылып, 448,9 гектар аумақ тазартылды. Сондай-ақ 215,7 шақырым арық тазаланып, 1 150 ағаш егілді және 6 206 ағаш әктелді.
Ауқымды шара қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызын айқындады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған мұндай игі бастамалар тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға ықпал етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
 
Түркістан облысы Шардара қаласында Орман шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесі және Шардара орман шаруашылығы мекемесіне 60 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті.
«Абай» мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, орман шаруашылығы саласының ардагерлері, мекеме басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков сөз сөйлеп, табиғи байлықтарды қорғау мен орман қорын молайту жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарын және сала ардагерлерін мерекемен құттықтады. Мерекелік іс-шара барысында орман шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан өңірдегі бірқатар қызметкер төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – орман-шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандардың еңбегін бағалау, табиғи байлықтарды қорғау мен молайту жолында аянбай қызмет етіп жүрген қызметкерлерге құрмет көрсету және саланың маңыздылығын насихаттау.
Мерекелік бағдарлама аясында қатысушылар арасында кіші футбол, қол күресі және қошқар көтеру жарыстары ұйымдастырылды. Спорттық сайыстар ұжымдық ынтымақтастықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Аталған іс-шара орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегін дәріптеуге, сала ардагерлеріне құрмет көрсетуге, сондай-ақ Шардара орман шаруашылығы мекемесінің 60 жылдық тарихын ұлықтауға бағытталған.
Іс-шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 октября 2026
ТҮРКІСТАНДА «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «КІТАППЕН КЕМЕЛДЕНГЕН ҰЛТ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітаппен кемелденген ұлт» атты дөңгелек үстел өтті.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өткен басқосуда алғашқы болып сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірде аталған жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалқаман Сарин кітаптың адам дүниетанымын кеңейтудегі, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудегі маңызы туралы ой қозғады. Сондай-ақ жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, оқырман талғамын қалыптастыру және кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру мәселелеріне тоқталды.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, кітапхана басшылары мен студенттер қатысты. Дөңгелек үстелді Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым жүргізіп отырды.
Ашық пікір алмасу барысында зиялы қауым өкілдері оқу мәдениетін дамыту, қала мен ауыл жастарын ортақ рухани құндылықтар төңірегіне біріктіру және зерделі ұрпақ тәрбиелеу жайында пікірлерін білдірді. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова «Кітап оқитын ұлт» жобасының ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырудағы маңызы туралы мазмұнды ой қозғады. Кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыру, жастардың саналы таңдау жасап, терең ойлауына жол ашу – жобаның басты мұраты екенін атап өтті. Әр буынның ойын тоғыстырған кездесу - кітапқа құрметті арттырып, оқырман қалыптастыруға қоғам болып атсалысудың маңызын айқындады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 октября 2026
ТҮРКІСТАННЫҢ «ТҰРАН» КОМАНДАСЫ ЧЕМПИОНАТ КӨШБАСШЫСЫН ЖЕҢДІ
 
Түркістанның «Тұран» футбол клубы Қазақстанның бірінші лигасындағы 25-турда өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасын 1:0 есебімен жеңді. Чемпионат көшбасшысына қарсы өткен тартысты кездесуде жерлестеріміз маңызды жеңіске қол жеткізді.
Ойынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, командаға қолдау көрсетті. Өңір басшысының футболшыларға жанкүйерлік танытуы команданың жігерін жанып, жанкүйерлерге де ерекше көңіл күй сыйлады.
Кездесудің алғашқы кезеңінде алаң иелері басымдық танытқанымен, есеп аша алмады. Ал екінші таймда түркістандықтар көздеген мақсатына жетті. Ойынның 70-минутында Арман Кенесовтің дәл берген пасын Матвей Герасимов баспен қақпаға бағыттап, жеңіс голын соқты. Осылайша, «Тұран» кездесуді 1:0 есебімен аяқтады.
Айта кетейік, «Шахтер» бірінші лиганың чемпионы атанып үлгерген. Ал «Тұран» бұл жеңістен кейін 54 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орынға тұрақтады. Ең бастысы, түркістандық клуб 2027 жылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсету құқығына ие болды.
Бұл – Түркістан футболы үшін қуанышты жаңалық. Жоғары дивизионға қайта оралу өңір спортының дамуына жаңа серпін бермек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы