
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Аталмыш бастама аясында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, Айлардың сұлтаны болған – Қасиетті Рамазан айында жұмысшы мамандық иелеріне арнап дастархан жайып, ауызашар берді.
Бұл шара, өз саласында еңбек етіп жүрген кіші техникалық қызметкерлерге, аула сыпырушыларға, көлік жүргізушілеріне, тұрмыстық қатты қалдықтар тасымалдаушылар мен басқа да жұмысшы мамандық иелеріне ерекше құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Осы азаматтардың күнделікті еңбегі мен маңыздылығы жиі назардан тыс қалып жатады, алайда олардың қызметі аудан мен ауылдың күнделікті тіршілігі үшін өте маңызды.
Ауызашарға қатысушылар арасында ауданның әртүрлі сала қызметкерлері мен жұмысшы мамандықтардың иелері болды. Бұл шара қоғамда жұмысшы мамандықтарының еңбегіне деген құрметті арттырып, олардың мәртебесін көтеруге үлкен ықпал етті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі