ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОС ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА «ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОС ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА «ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
✔️Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай этнос жастары арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты облыстық байқау өтті.
✔️Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева қатысып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
✔️Аталған байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
✔️Байқауға өңірдегі қала-аудандардан келген 30-ға жуық этнос жастары қатысып, 4 кезең бойынша бақ сынасты. Оның ішінде, өзін өлеңмен таныстыру, тіл туралы мақал-мәтелдер айту, «Алғыс айту – бізді біріктіреді» тақырыбында ой-пікірлерін жеткізу және Қазақстан тарихы туралы берілген сұрақтарға жауап беру сынды сайыстарда өз өнерлерін паш етті.
✔️Білім мен өнерді ұштастырған шығармашыл жастар байқауына «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, белгілі композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры Бекжігіт Сердәлі, облыстық мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Гүлмира Исатай, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мұрат Жұманов және «Түркістан Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің оқытушысы, әдіскер Индира Құршида қазылық етті.
✔️Бірлікке үндеген байқаудың нәтижесінде 1-орынды сарыағаштық Хуршида Ерманова жеңіп алды. Жүлделі 2-орынға төлебилік Маржона Рафикжанова, 3-орынға саурандық Умида Абдуллаева ие болды.
✔️Жеңімпаздар, жүлдегерлер және байқауға қатысушылар алған орындарына сәйкес қаржылай сыйлықтар, диплом және алғыс хаттармен марапатталды.
✔️Еске сала кетсек, бүгінде «Достық үйінде» жексенбілік мектеп ашылған. Облыстағы этнос өкілдерінің 92 пайызға жуығы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі