
Жиында аталған жобаларды жүзеге асыруда Түркістан облысы үздіктер қатарында екені, облыстың озық тәжірибелерін басқа өңірлерге енгізу мәселесі айтылды. Ұсыныстар мен есептер тыңдалды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы облыста 602 ауылдық елді мекенді жаңғыртудан өткізу жоспарланған (133 – тіректі, 469 – спутникті). Жоба аясында 5 жылда 113,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 1 567 жоба жүзеге асты. 173 әлеуметтік және 104 инфрақұрылымдық нысан салынып, 1 571 ішкі көше орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде 363 елді мекен қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, 10 мыңға жуық адамға жұмыс орындары ашылды. Биыл жаңа 52 ауылды жаңғырту жоспарланып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2 жылда облысқа жоба 22,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 3 293 жоба қаржыландырылып, 3 665 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 7,4 млрд теңгеге 1 097 жобаны іске асырып, 1192 жаңа жұмыс орнын ашу межеленген.