Қадірлі түркістандықтар!

Қадірлі түркістандықтар!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болғай!
Наурыз дегеніміз – жаңару, өсу, даму. Наурыз – молшылық пен тоқшылықтың мейрамы! Мейірім мен татулық салтанат құратын ғажайып сәт.
БҰҰ-ның қарарына сәйкес, 21 наурыз – «Халықаралық Наурыз күні» болып бекітілген. Ал ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.
Біз үшін 5 мың жылдан бері тойланып келе жатқан айтулы мерекенің орны айрықша. Тағы бір ерекшелігі – биылғы Наурыз қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр.
Наурыз – Оңтүстіктен басталады!
Сондықтан еліміз бен шет елдің саяхатшылары Наурызды қасиетті Түркістанда қарсы алуды қалайды.
Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз», деді.
Биыл осы бастама жүзеге асып, Ұлыстың ұлы күнінің жалпыхалықтық сипаты арта түсті. Тұтас елімізде, өңірімізде рухты көтеріп, сананы серпілтіп, қазақ мәдениеті мен дәстүрін ту еткен мазмұнды іс-шаралар қолға алынды. Ал Түркістан өңірінде Наурыздың өте жоғары деңгейде өтуі – заңдылық. Себебі, Түркістан – тарихымыз бен болмысымыз сақталған қасиетті өлке!
Наурыз – шын мәнінде жыл басы. Табиғат оянып, күн мен түн теңелетін шақта жыл басын қарсы алу жаратылыс заңдылығымен үндесіп тұр.
Дала дәстүрі жалғасып, елімізде Наурыз жаңаша атап өтіліп жатыр. Түркістан облысында да Наурызнама 10 күнге жоспарланып, мағыналы іс-шаралар өткізілуде.
Жұртшылық бір-бірін жылдың басталуымен құттықтап, қайырымдылық шараларына атсалысты. Мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, отбасы құндылықтары, ұлттық киімдеріміз дәріптелді. Байтағымызға көшеттер егіліп, арықтар мен бұлақтардың көзі ашылды.
Бұның бәрі халқымыздың жаңаруға, жаңғыруға деген ыстық ықыласымен сабақтасып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Ел Президенті мен Үкіметтің қолдауымен Түркістан өңірінде маңызды жобалар жүзеге асып, өңірдің туристік, экономикалық және өзге де салалардағы әлеуеті көтеріліп келеді.
Түркістан қаласы Түркі елдерінің 2024 жылғы туристік астанасы атанды. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен ұлы хандарымыз өмір сүрген Түркістанды әлемдік деңгейдегі туристік және рухани орталыққа айналдыру жұмыстары басты назарда.
Ардақты ағайын!
Наурыз күні ел бір-бірінің үйіне қонаққа барып, «Ұлыс оң болсын» деп, арнайы құттықтаған. Ел ақсақалдары бата беріп, ұрпағына амандық тілеген. Ұлыстың ұлы күні барлық өкпе-реніштер ұмытылған. Арық-атыздар тазаланып, Наурыз көже таратылған. Осы игі дәстүр өңірімізде жақсы сақталған. Баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, әр отбасына амандық, бақыт, береке тілеймін! Ақ мол, денсаулық зор, әр күн мерекелі, әр шаңырақ берекелі, ел бірлігі мықты, әр бастамамыз сәтті болсын!
Дархан САТЫБАЛДЫ, Түркістан облысының әкімі