ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мерекесін он күн бойы атап өту туралы Жарлығы аясында бүгін өзге өңірлерден көктемі ерте келетін Жетісай ауданында «Наурыз – салт-дәстүрдің жаңғыруы» іс-шара жоспарына сәйкес жалпы аудандық сенбілік өтті.
«Наурыз – тазалық айнасы» тақырыбымен қала, кент, ауылдық округтерде жүргізілген тазалық жұмыстарына тұрғындар мен мемлекеттік, квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысып, белгіленген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.
Әсіресе, ауданның, елді мекендердің кіреберіс аймағын, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған тазалық жұмыстарына 16 техника мен 1200-ге жуық тұрғын қатысып, 70 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Саябақтар мен скверлерге, көше бойларына, әлеуметтік нысандардың аумағына демеушілер есебінен 9300 түп түрлі ағаш көшеті егілді.
Аудан басшысының тапсырмасы аясында үздіксіз жүргізіліп жатқан сенбілік жұмыстары тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға өз ықпалын тигізері анық.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі