
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова бір ғасыр жасаған аналардың шаңырақтарында болды. Кездесуде әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналып отырған аяулы жандарды келе жатқан мерекемен құттықтады.
Ар-намысты жалау еткен асыл аналарды ардақтау шарасы барысында қала басшысы әр анамен жеке сұхбат жүргізіп, мерекеге орай сый-сияпат жасады.
Алдымен қаламызға қарасты Монтайтас ауылында тұратын , төрт ұл, екі қыз баланы тәрбиелеп өсірген, 7 наурыз күні жүз жасқа келген батыр ана Жидеркүл Оңалбаева ананың үйінде болды. Қала басшысы батыр ананы қос мереке – туған күні және халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, мерекелік сыйлығын табыс етті.
Одан кейін, Арыс қаласының тұрғыны, жүз жасты алқымдаған Азий Медетбекова әжеміздің үйіне барған қала әкімі алтын құрсақты әжемізге ыстық ықыласын, жылы лебізін білдірді.
Үш ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірген әжеміз КСРО кезінде «Совхозда» аспазшы, шопан болып қызмет атқарған. Еңбек ардагері бүгінде 14 немере, 55 шөбере сүйіп отыр.
Бұдан кейін, Гүлжан Мамытқызы Ақдала ауылында болып, үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған, 1923-жылы дүние келген ақ жаулықты Рысалды Беисенбаева әжеміздің шаңырағына табан тіреп, аналар мерекесімен құттықтады. Жастайынан еңбек еткен Рысалды апамыз Ақдала совхозы құрылғаннан бастап, қой фермасында шопан болып еңбек еткен.
Бүгінгі таңда 3 ұл, 2 қыздан 17 немере, 6 шөбере тараған. Ұзақ жылдар еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеру бағытында жұмыс жасаған апамыздың ұл-қыздары қазіргі таңда түрлі салада қызмет жасап келеді.
Өз кезегінде ардақты аналар қала басшысының арнайы құттықтап келгеніне ризашылық білдіріп, алғыстарын айтты. Сондай-ақ Арыс қаласын өркендету бағытындағы бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі