Ардақты аналар мен арулар! Құрметті ханымдар!

Ардақты аналар мен арулар! Құрметті ханымдар!


Сіздерді көктемнің ең аяулы әрі шуақты мерекесі 8 Наурыз – әйелдердің халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Көктем, сұлулық және Ана – қанаттас ұғымдар. Ана – шуақ, ана – мейірім, ана – ізгілік. Адамзат баласының аналарға деген махаббаты мен құрметі ешқашан сейілмейді. Әрбір адам үшін дүниеде ананың жүрегі мен аялы алақанынан асқан жұмсақ, жылы дүние жоқ. Ананың перзентке деген мейірімінен асқан мейірім жоқ. Барлық адам анаға қарыздар. Көшбасшы да, қайраткер де, батыр да, ақын да анадан туады. Ананың мейіріміне бас иеді.

Ел перзенті ретінде мен де Сіздерге шын жүректен басымды иіп, құрмет көрсетемін. Өйткені, ақ жаулықты апаларымыздың ақ батасы біздің тура жолдағы бағдарымыз сияқты.

Қазақ халқы қыз баласын аса қадірлеп, ардақты аналарды қадірлеген. Қарындасты қорғап, аруларды аялаған. Қазақылықтың қаймағы сақталған Түркістан өңірінде де нәзікжандылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты қолдау бағытында жұмыс жүруде. Тәуелсіз еліміздің дамуына аналарымыздың, қазақтың қайсар қыз-келіншектерінің қосқан үлесі айрықша. Сіздер Түркістан өңірін өркендету жолында да жемісті еңбек етіп келесіздер. Жаңарған Түркістанды, өңіріміздің әр аймағын дамытуда үлестеріңіз мол.

Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көпбалалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда.

Құрметті асыл жандар!
Сіздер мейірім мен даналықтың қайнар бұлағысыздар. Гүл көктем мен сұлулықтың сыңарысыздар! Әлем – ардақты аналармен көрікті! Сіздерді Халықаралық ханымдар мерекесімен құттықтай отырып, ұзақ өмір, зор денсаулық, мөлдір махаббат тілеймін! Отбасыларыңыз аман, бейбіт заман болып, еркелеп жүре беріңіздер! Әр күндеріңіз шуақты, бақ-берекелеріңіз тұрақты болсын!

Дархан САТЫБАЛДЫ, Түркістан облысының әкімі