
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет шаһарды аралап, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын көрді. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы маңындағы гүлзарды көгалдандыру барысын қадағалаған облыс әкімі жауаптыларға тапсырмалар берді.
– Түркістанда көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бес жыл бойынша қорытынды шығара беруге болады. Ағаштың сәні емес, өсімталдығына мән беру керектігін қайталап айтамын. Түркістанның ауа райына, топырағына төзімді қарағаш секілді ағаштарды көбейтіңіздер. Екіншіден, отырғызған көшеттерді баладай баптап, жауапкершілікпен өсіру керек. Күтімі болса ғана өседі, – деді Дархан Сатыбалды.
Бүгінде Түркістан облысының барлық аудан, қаласында тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Оның ішінде Түркістан қаласында бұл мәселе қатаң бақылауға алынған. Қала аумағын көгалдандыру мақсатында биыл көктемде шаһар аумағына 202 400 түп ағаш көшеттерін егу жоспарланып, жұмыстар жүруде.
Түркістан қаласындағы көгалдандыру нысандарын күтіп-баптау жұмыстары 626 гектар аумақта жүргізіледі. Аталған жұмысқа «Жасыл Түркістан» КММ-і жауапты. Қалада абаттандыру саласы бойынша 2024 жылы жалпы 53 нысанның құрылысын жүргізу межеленген. 23 ойын алаңшасы, 4 саябақ пен сквер және 22 нысанда негізгі көшелердің көгалдандыру жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі