
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды спорт кешендері бар ескек есу каналына барып, құрылыс барысын қадағалады. Бүгінде маңызды жобаның ІІ кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Нысан құрылысы жалпы ІІІ кезеңге жоспарланған. Өңір басшысы мердігерге жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.
Аталған каналдың құрылысы толық аяқталса, Орталық Азиядағы үздік спорт кешендердің бірі болмақ. Мұнда ескек есу спортынан жарыстар өткізіп, туризмді дамытуға мүмкіндік тумақ.
Бүгінде эллинг кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Елімізде баламасы жоқ нысан шаһардың сәулеттік көркін келтірумен қоса, туризмді дамытып, өңірде қолайлы микроклимат қалыптастыруға сеп болмақ. Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасқан. Каналдың ұзындығы – 2222 м. Ені 260 м, тереңдігі 4 м. Су сыйымдылығы – 2 млн. м3.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі