Көктемнің алғашқы күні қаладағы Шардара ауданындағы Төменгі тоғай мөлтекауданының тұрғындары айрықша қуанышқа кенелді. Яғни, көптен күткен армандары жүзеге асып, ауылға «көгілдір отын» келді. Тұрғындардың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Арман Қарсыбаев тұрғындарды құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде көптеген игі істер жүзеге асып келеді. Біздің ауданда былтыр екі мөлтекауданға газ берілді. Бүгін міне, Алғыс айту күнінде сіздерге де «көгілдір отын» беріліп жатыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын», деді Арман Романұлы.
Ауыл биі Шахаба Керімбеков тұрғындардың тілегін ескеріп, уәделі мерзімде газ қосып берген басшыларға алғыс сезімін жеткізді. Төменгі тоғай ауылындағы Жабаевтар отбасында 6 бала өсіп келеді. Осы шаңырақтың отанасы Жақсыгүл Мұсаева көмір тасып, күл шығарған машақаттан құтылғанына қуанып, игілікті іс жасап отырған облыс, аудан басшылығына алғысын айтты.
Төменгі тоғай мөлтекауданындағы 3285 тұрғын ендігі уақытта «көгілдір отынның» игілігін көреді. Жалпы табиғи газбен қамтылған аудан тұрғындарының үлесі 94% пайызды құрап отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі