Түркістан қаласының тұрғыны Сапарбек Маханов бөдене құсын өсіруді қолға алған. Бүгінде оның шаруашылығында 3 500-ден астам құс бар. Кәсіпкер күн сайын 1 300 жұмыртқаны 30 теңгеден өңірдегі мейрамханалар мен сауда орындарына өткізеді. Кәсіпкер бөдене өсіруді осыдан 6 ай бұрын ғана қолға алған. Алдымен Шымкент қаласынан 2 000 дана бөдене жұмыртқасын сатып алып, оны арнайы инкубаторда өсірген.
Қазір онда бөдененің 4-5 түрі өсірілуде. Құстың 1 300 аналығы 16 сағат сайын 1 жұмыртқадан береді. Мамандардың айтуынша, бөдененің еті де, жұмыртқасы да ағзаға пайдалы. Сондықтан аталған өнім нарықта үлкен сұранысқа ие.