ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ ҚОС АУЫЛҒА «КӨГІЛДІР ОТЫН» БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ ҚОС АУЫЛҒА «КӨГІЛДІР ОТЫН»  БЕРІЛДІ
Келес ауданына қарасты Бәйтерек және Жамбыл-2 елді мекендерінің тұрғындарына «көгілдір отын» берілді. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев және «ҚазТрнасГаз Аймақ» АҚ компаниясының бас директоры (Басқарма төрағасы) Бауыржан Асқаров қос ауылдың тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын ұсынып, аудан ауылдарды дамытуға тапсырма берген болатын. Бүгінде ауданға қарасты елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында аудан тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуіне ең қажетті ауыз су, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бұған дейінгі есепті кездесуде ауыл халқы мәселесін көтерген болатын. Бүгінгі қуанышты жаңалығымыздың бірі – Қошқарата ауылдық округінің Бәйтерек және Жамбыл-2 елді мекендерінің тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияларға және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалына барша ауыл тұрғындарының атынан және өз атымнан алғысымды айтамын, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары, тұрғындар ел қамы жолында еңбектеніп жүрген азаматтарға алғыстарын білдірді. Қуанышты шара барысы Бәйтерек елді мекенінің тұрғыны Қалампыр Кенжебаеваның шаңырағында жалғасты. Онда аудан басшысы мен «ҚазТрнасГаз Аймақ» АҚ компаниясының бас директоры тұрғынның шаңырағына келіп тұрған газды жағу рәсіміне қатысты.
Қазіргі таңда, Аманжар Жамбыл-1, Жанақоныс, Бесауыл, Алғабас, Мақташы, ауылдары газға қосылса, бүгіннен бастап Бәйтерек және Жамбыл-2 ауылдарының тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көрмек. Таяу күндері Қарабура елді мекені газбен қамтамасыз етіліп, жалпы 1701 үй от жағу бейнетінен құтылады. Жыл аяғына дейін келестіктердің 76,6 пайызы газбен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі