БЕЛБЕУ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТҮРКІСТАНДЫҚ БАЛУАНДАР 5 МЕДАЛЬ ОЛЖАЛАДЫ

БЕЛБЕУ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТҮРКІСТАНДЫҚ БАЛУАНДАР 5 МЕДАЛЬ ОЛЖАЛАДЫ
Астана қаласында белбеу күресінен ересектер арасында әлем чемпионаты өтті. Оған ұлттық құрама сапында Түркістан облысының ең таңдаулы деген 8 балуаны қатысып, 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медальға қол жеткізді. Классикалық түрінен 57 келі салмақта өнер көрсеткен Қалмахан Тұрмағамбет екі дүркін әлем чемпионы атанды. Бұдан басқа 75 келі салмақта облыс намысын қорғаған Ақтөре Сұлтанбекұлы топ жарып, алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар 90 келі салмақта дарынды балуан Айдарбек Тоқтарбек те екі дүркін әлем чемпионы болып, жанкүйерлерін қуантты. Айдарбек те өткен жылы Өзбекстанның Наманган қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатының шыңын бағындырған болатын.
Белбеу күресінің еркін түрінен 75 келіде сынға түскен Төребек Молдашев күміс жүлдегер атанды. Ал талай халықаралық додаларда топ жарып келе жатқан Түркістан облысының талантты балуан қызы Перизат Жақыпбекова қола жүлдені қанағат етті. Айта өтерлігі, Қазақстан ұлттық құрама командасы 6 алтын алса, соның үшеуін Түркістан облысының дарынды балуандары қоржынға салды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі