Түркия елінің Стамбул қаласында East vs West 7 турнирі өтті. Қол күресінен әлемнің үздіктері жиналған айтулы додада шардаралық Қыдырғали Оңғарбаев ел намысын абыроймен қорғады.
Турнирдің ең маңызды жекпе-жегінің бірі - жерлесіміз Қыдырғали Оңғарбаев және Грузия елінің спортшысы Иракли Зиракашвили арасында өткен болатын.
Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген шардаралық спортшы 3:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақ елінің абыройын асқақтатты. Осылайша 105 келі салмақта чемпиондық титулын тағы да абыроймен қорғады.
"Шардара Армспорт" спорт клубының спортшысы былтыр Түркияда өткен турнирде АҚШ-тың атақты спортшысы, әлемнің 26 дүркін чемпионы Джон Брзенкті 3:1 есебімен жеңген еді. Өз салмағының чемпионы болған 28 жастағы Қыдырғалиға алдағы уақытта қарсыластар тарапынан жаңа келіссөздер мен ұсыныстар түсері сөзсіз.
Еске сала кетсек, Қыдырғали Оңғарбаев – даңқты бапкер Арман Қарсыбаевтың шәкірті. 1994 жылы Түркістан облысы, Шардара ауданында туған. Ауыр салмақта Қазақстан мен Азияның абсолютті жеңімпазы, Әлем кубогының иегері және әлем чемпионы.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі