Кентау қаласында 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесі аталып өтті. Салтанатты шарада қала әкімі Жандос Тасов ел тыныштығы мен бірлігінде еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгімен марапаттап, бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстады.
– Бұл күн – егемен еліміздің қарулы күштерінің мерейін асқақтататын, Отан үшін отқа түскен ата-бабаларымыздың, болашақ ел қорғайтын асыл азаматтарымыздың мейрамы. Бұл күннің мемлекетіміздің болашағы үшін маңыздылығы жоғары. Келешек ұрпағымызға дейін Отан қорғаушылардың қаһарман ерліктері ұмытылмайды. Қазақстан әскерлері қатарында қызмет өткеріп жүрген барлық азаматтарды, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, кез келген уақытта Отан қорғауға даяр азаматтарымызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.
Сондай-ақ мерекелік шарада құттықтау лебізін айтқан қалалық маслихат хатшысы Қабылан Елеусізов, ел тыныштығын сақтауда қалтқысыз қызмет етіп жүрген сарбаздар мен бізге бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпақ жауынгер батырларымызға қандай да құрмет көрсетілсе де артық етпейтінін атап өтті.
Салтанатты шарада Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының өнерпаздары әзірлеген патриоттық әндер шырқалып, әскери өмірдің мың бір белестері жайында қойылымдар көрсетілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі