Жетісай ауданында Ұлы Жеңістің 78 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні мерекесі аталып өтті.
Салтанатты мерекеге аудан әкімі Серік Мамытов пен Ауған, жергілікті соғыс ардагерлері, аудан зиялылары мен тұрғындары қатысты.
– Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бізді бейбіт өмірге жеткізіп, елжанды ұрпақ өсіруге мүмкіндік әперген аталарымыз бен әжелеріміздің ерлігі алдында басымызды иеміз. Осынау мереке күндері сіздерге зор денсаулық пен бақыт, қуаныш және болашаққа деген сенім, сондай-ақ, бейбіт, ашық аспан тілеймін! – деді аудан әкімі.
Салтанатты іс-шара барысында қанды қырғын жылдарынан сахналық композициялар қойылып, аудан өнерпаздарының мерекелік ән шашуына ұласты. 2037 әскери бөлімінің сарбаздары әскери ұрыс қимылдары мен қоян-қолтық жекпе-жек тәсілдерін көрсетті.
Айта кетейік, 4 жылға созылған сұрапыл соғысқа Мырзашөл топырағынан 13 мыңнан астам сол кездегі жалындаған жастар аттанса, солардың небәрі 3932-сі ғана елге оралған. Олардың ішінен 12 ардагер «Кеңес Одағының батыры» атағына ие болған. Олар кешегі сұрапыл соғыста өлімге қарсы қасқая тұрып, жас өмірлерін ұрпағының бақыты үшін пида еткен.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі